БҚО-да 3 жасар бала көпқабатты үйдің терезесінен құлап кетті
БҚО-да 3 жасар бала көпқабатты үйдің терезесінен құлап кетті
92
оқылды
Батыс Қазақстан облысында көпқабатты үйдің терезесінен үш жасар бала құлап кетті, — деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі "Мой город" сайтына сілтеме жасап. Оқиға 28 мамырда сағат 15.30-да болды. БҚО Денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, үш жасар бала Зачаганск кентіндегі Қамбар батыр көшесіндегі үйдің төртінші қабатының терезесінен құлаған.
"Бала жабық бас сүйек-ми жарақаты мен миының шайқалуы диагнозымен облыстық балалар ауруханасына жатқызылды", — деп хабарлады облыстық Денсаулық сақтау басқармасы өкілдері.
Осыған ұқсас тағы бір оқиға 28 мамырда сағат 3.04-те Сарайшық көшесіндегі көпқабатты үйде болды. 26 жастағы ер адам төртінші қабаттың терезесінен құлап кетті.
"Ол алкогольден мас болған. Ер адамның миы шайқалды, денесі көгеріп, жарақат алды. Қазір ол қалалық көпбейінді аурухананың хирургия бөлімінде жатыр", — деп толықтырды ведомстводағылар.
Еске салайық, Қазақстанда балалардың терезеден құлауы бойынша статистика өсіп барады. Жазатайым оқиғалар көбінесе өліммен аяқталады. Мысалы, жақында Нұр-Сұлтанда 4 жасар бала оныншы қабаттан құлап өлді. Биылғы жағдайлардың жалпы саны әлі есептелген жоқ. Дегенмен, 2020 жылдың алты айында осындай 64 жағдай тіркелгені белгілі. Бір уақытта бес адам қайтыс болды, 59-ы ауруханаға түсті.