"Инені дұрыс салмады". Жедел жәрдем дәрігерін марқұмның туыстары жабылып ұрған
"Инені дұрыс салмады". Жедел жәрдем дәрігерін марқұмның туыстары жабылып ұрған
184
оқылды

Өзбекстанның Самарқанд облысындағы Кушрабад ауданында 49 жастағы әйел жедел жәрдем дәрігерінің емдеу әрекетінен соң қайтыс болған.

Куәгерлердің айтуынша, марқұмның туыстары дәрігерді науқасқа инені дұрыс салмады деп айыптап, оны жабылып ұрған. Кушрабад ауданындағы Медициналық бірлестік жетекшісі махалла жиналысында осындай жағдай болғанын растады. Шенеунік 49 жастағы науқас өліміне не себеп болғанын медициналық сараптама анықтайтынын, содан кейін ғана заң аясында шара қолдану керектігін ескертті. "Жуш" ауылының тұрғыны Лола Душанова 24 мамырда кешке қатты мазасызданған соң, туыстары жедел жәрдем шақыртқан. Куәгерлердің айтуынша, Душанованың үйіне Жедел медициналық станция филиалының педиатры келіп, алғашқы медициналық көмек көрсеткен.
"Біз оның қандай ине салғанын білмейміз, бірақ содан кейін оның жағдайы тіпті нашарлап кеті. Әйел ине салғаннан кейін қайтыс болды. Сосын марқұмның балалары дәрігерді жабылып ұрды. Марқұмды бүгін жерледік", — деді "Жуш" махалласының бір тұрғыны 25 мамырда. "Науқаста миокард инфаркты болған деп болжайды дәрігерлер. Дәрігер оған нитроглицерін қоспасын, сонымен бірге анальгин мен димедрол салған. Науқас шынымен сол кезде қайтыс болған. Біз оның жүрегі ауырған деп болжадық", — деді медициналық бірлестік жетекшісі Ұлықбек Шамсиев.
Өзбек дәрігерлерінің бірі соңғы кезде медицина қызметкерлеріне жұдырық ала жүгіру көбейгеніне алаңдайды.
"Науқастың туыстары секем алса, сараптама жүргізуін талап етуі керек еді. Бұл істі прокуратура тергеуі тиіс. Естуімше, марқұмның туыстары оны бүгін түсте жерлеген", – дейді дәрігер.
2019 жылғы қыркүйекте Әндіжан облысындағы Асақын ауданында науқастың туыстары жедел жәрдем фельдшерін жабылып ұрған. Сол кезде Өзбекстанның Денсаулық сақтау министрлігі медицина қызметкерлеріне күш көрсету оқиғасы жиілегеніне алаңдайтынын мәлімдеген.