Шарын шатқалында сел жүріп, 2 адам көз жұмды

Бүгін, 29 мамыр күні, Шарын шатқалында сел жүріп, екі адам көз жұмды. Сондай-ақ, 6 адам жарақат алды, деп хабарлайды Greenqazaqstan.kz.

Құтқарушылар сел туралы ақпаратты сағат 13:35 кезінде алды. Оқыс жағдай Алматы облысы Шарын каньонының төменгі бөлігінде болған.

Сел салдарынан 6 адам зиян шекті. Көз жұмған екі адамның бірі — кәмелеттік жасқа толмаған жасөспірім. Мұнымен қатар, тағы бір адамның із-түзсіз жоғалғаны белгілі болды.

Зиян шеккендерге медициналық көмек көрсетіліп, із-түзсіз кеткендер іздестіріліп жатыр.

«Селдің жүруі ауа райының күрт өзгеруімен байланысты. Шамамен он бес минут бұршақ жауып, артынша қатты жаңбырға ұласты. Осының салдарынан сел жүрді», — деді ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің ресми өкілі Талғат Уәли.

Облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің 31 қызметкері, жедел жәрдем көлігі, әкімдік қызметкерлері мен полиция сол жерде жұмыс істеуде.

Алматы облысы Төтенше жағдайлар департаментінде жедел штаб құрылды.

Aikyn.kz | Бүгінгі жаңалықтар. Әлем және Қазақстан жаңалықтары.