2021 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (бұдан әрі — МӘСҚ) жұмысынан айырылуына байланысты әлеуметтік төлем алушылардың саны 55,7 мың адамды құрады, бұл ретте осы жылы 33,3 мың адамға алғаш рет төлем тағайындалды, - деп хабарлайды "Айқын" басылымы Еңбек министрлігіне сілтеме жасап.
Қолданыстағы заңнамаға сәйкес жұмыстан босатылған жұмыскерлер міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтіліне және соңғы 24 айдағы табысына байланысты 1 айдан 6 айға дейін жұмысынан айырылуы бойынша әлеуметтік төлемдер алады. Төлем жоғалған кірістің 40%-ына дейінгі мөлшерде МӘСҚ қаражаты есебінен жүзеге асырылады. Төлем тағайындау үшін жұмыстан босатылған жұмыскерге: - eGov.kz порталында авторизациялану; - «Жұмысқа орналастыру және жұмыспен қамту» бөлімінде «Жұмыс іздеуші адамдарды тіркеу» қызметін таңдау; - онлайн-қызметке тапсырыс беріп, барлық жолдарды толтыру және оған ЭЦҚ-мен қол қойып, өтінімді жіберу қажет; - бір күн ішінде тұрғылықты жеріңіздегі халықты жұмыспен қамту орталығы (бұдан әрі – ХЖҚО) бос жұмыс орындарын ұсынады; - егер жұмыс табылмаса, 3 жұмыс күні ішінде қашықтан жұмыссыз мәртебесі берілетін болады (қажет болған жағдайда қосымша ақпарат жинау үшін сізге ХЖҚО қызметкері хабарласады); Жұмыссыз ретінде тіркелу туралы мәліметтер болған кезде Еңбек министрлігінің ақпараттық жүйесі проактивті форматта МӘСҚ-тан төлемді тағайындау бойынша қызмет көрсетуге келісу үшін мобильді телефонға SMS-хабарлама жібереді. Келіскен жағдайда SMS-хабарламаға жауап беру қажет. Төлем автоматты түрде тағайындалады. Естеріңізге сала кетейік, МӘСҚ қаражаты есебінен жұмыстан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік төлем жұмыстан шығу себептеріне қарамастан жүзеге асырылады және жұмыссыз адам жұмыс іздеген кезеңде оны қолдауға арналған. Жыл басынан бері қызметтерді қашықтан алу мүмкіндігін 34 мыңнан астам адам пайдаланды. 30 мың азамат жұмыссыз мәртебесін алды.