Еуроодақ бет-әлпетті тану жүйесін қоғамдық орында қолдануға бес жылға дейін тыйым салуды көздеп отыр. Кәрі құрлық алдымен бұл технологияның қандай да бір зияны бар-жоғын анықтап алмақ. Ал Қытайда ақылды камералар арқылы азаматтардың жүріс-тұрысын қадағалау қалыпты жағдайға айналған. Қазақстан қай жолды таңдайды? Бірден айтайық, мұндай технологияның қауіпсіздік саласында көмегі көп. Алайда кей сарапшылар адамның келбетін жазбай танитын камералар орнатуды азаматтардың бостандығын шектеу деп есептейді. Халықты жаппай бақылау әрекеті адам құқығын бұзу, жеке деректерді жариялау, жеке өмірге қол сұғу сынды келеңсіздікке әкеп соғуы ықтимал. Кейінгі кезде бірқатар мемлекетте жасанды интеллектіні қолдану мәселесін реттейтін заңдар қабылданған. Мәселен, былтыр мамыр айында АҚШ-тың Сан-Франциско қаласында полиция мен күштік құрылымдарға бет-әлпетті тану бағдарламасын пайдалануға тыйым салынды. Бір айдан кейін бұл үрдісті Сомервилл (Массачусетс штаты) мен Окленд (Калифорния штаты) қалалары жалғастырды. Жекелеген штаттарды былай қойып, жақын арада федералды заң шығуы әбден мүмкін. Facebook әлеуметтік желісі де адам жүзін автоматты түрде танитын функциясын өшіріп тастауға мәжбүр болды. Америка соты «компания қолданушының келісімінсіз биометриялық деректерді жинады және сақтады» деген үкім кесті. Батыс әлемі ақылды камералардан қауіптеніп, жақ-жақты таразылап жатса, Қазақстанда әңгіменің әуені басқаша сияқты. Былтыр 8 қазанда Нұр-Сұлтан қаласын дамытуға арналған жиында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қаланың цифрландыру қызметі ақсап тұрғанын сынады. Елорда көшелеріне орнатылған «Сергек» камераларын «айыппұл жинаумен ғана шектеледі» деп сөкті. Мемлекет басшысы адамның түр-тұлғасын жаңылмай танитын қытайлық Нikvision компаниясының бақылау камераларын мақтап, Үкіметке осы бағытта жұмыс істеуді тапсырды.
Елімізде бет-әлпетті тану жүйесі әзірленіп жатқанын басқа да шенеуніктер талай мәлімдеді. Айта кету керек, Нikvision компаниясына АҚШ экономикалық санкция салған. Американың қаржы министрлігі бұл компания Қытайдың ұйғырларға, қазақтарға және басқа да этникалық азшылық топтарға қарсы репрессия науқанына, жаппай ұстауға және оларды жаңа технологиялармен аңдуға атсалысқан деп санайды. Адам құқығын қорғаумен айналысатын Human Rights Watch ұйымы да осыған ұқсас мәлімдеме жасаған. Мұның бәрін неге жіпке тізіп отырмыз? Өйткені дәл осы Hikvision компаниясы Қазақстан қалаларын бірнеше жылдан бері бейнебақылау камераларымен қамтамасыз етіп келеді. Мысалы, былтыр қазан айынан бастап қоғамдық көлікпен жүретін елорда тұрғындары FacePay компаниясына тіркеліп, жолақыны бет-жүзін көрсету арқылы төлей алатын болды. Міне, бұл технологияны да Hikvision компаниясы дайындаған. Ал атақты «Сергекті» құрастыруға АҚШ-тың санкциясына ұшыраған Dahua Technology компаниясының жабдықтары қолданылады. Енді Батыс пен Шығысты шиырлай бермей, солтүстікке қарайық. Былтыр ресейлік заңгер Алена Попова бет-әлпетті анықтайтын технологияны наразыларды қудалау мақсатында заңсыз пайдаланды деп билікті сотқа берді. Оның ойынша, ақылды камера азаматтардың құқығын өрескел бұзып, пікір еркіндігін шектейді екен. Мәселе былай ғой. Алена Попова 2018 жылғы сәуірде Ресей думасы ғимаратының алдында бір депутатқа қарсы жалғыз адамдық пикетке шыққан. Сол үшін сотқа тартылған. Сот отырысында айыптаушы тарап оның көшедегі бейнебақылау камерасына түскен суретін 32 есе ұлғайтып көрсеткен. Поповаға 20 мың рубль айыппұл салынған. Бұл әңгіме Путиннің де құлағына жеткен деседі. Бірақ жабулы қазақ жабулы күйінде қалды. Еуроодақ пен АҚШ осындай олқылықтар болмасын деп жасанды интеллект мәселесін заңмен реттеуге тырысуда. Бірақ шамадан тыс реттеу инновацияны дамытуға, қоғам өміріне енгізуге кедергі келтірмеуі керек. Себебі ақылды камера – қылмыскерлерді, тыңшыларды, лаңкестерді ұстауға таптырмайтын құрал. Қысқасы, екі оттың ортасы деген – осы. Таразының бір басында – қауіпсіздік, екінші басында – адам құқығы. Сондықтан өгізді өлтірмейтін, арбаны сындырмайтын, екі жаққа да тиімді орта жолды табуға тиіспіз.– Олардың техникасы жақсы дамыған. Негізгі қалаларды цифрландырды. Өте жақсы цифрландырған. Қалай жасағанын түсіндірмей-ақ қояйын. Экранды түртіп қалсаң, адам жайлы бар ақпарат шығады. Қай жылы институт бітірді, бос уақытында қайда барады, қандай кредиті бар, бәрі шығады. Бізге осы бағытқа жүру керек. Бұл – әлемдік тенденция, – деген еді Қасым-Жомарт Тоқаев.