Басты мақсат - өзекті мәселелердің шешімін табатын орталыққа айналу
Басты мақсат - өзекті мәселелердің шешімін табатын орталыққа айналу
98
оқылды
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің VII шақырылымдағы құрамын сайлаудағы ерекшеліктер мен сапалық құрамындағы өзгешеліктердің болуы алдағы уақытта заң шығару органы жұмысының жаңа деңгейге шығатынын айқын аңғартқан еді.  Қазіргі заманғы Қазақстандық парламентаризмінің ширек ғасырлық белеске жетуі тұсында бұл саладағы айтарлықтай өзгерістердің орын алуын заманның талабы деп білген жөн. Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығын тойлар тұста алға бағдар жасап, жаңаша көзқараспен қадам басу қажет. VII шақырылымдағы Парламенттің бірінші сессиясының ашылуына қатысқан Президент Қасым-Жомарт Тоқаев: «Тәуелсіздіктің 30 жылдығында кешенді реформалар жүргізілетін болады. Барлық күш-жігерімізді тиімді мемлекет пен әділетті қоғам құруға жұмылдыруымыз керек. Басты басымдық – халықтың тұрмыс сапасын жақсартып, әл-ауқатын арттыру. Жұрт жасанды жетістіктерді емес, көзбен көріп, қолмен ұстайтын нақты нәтижені күтеді. Халық экономикалық және әлеуметтік бағдарламалардың жемісті болғанын қалайды. Біз осы мақсаттағы ауқымды жұмыстарға барлық белсенді азаматтарды тартамыз» - деп атап өтті. Сол отырыс барысында Мемлекет Басшысы тарапынан басты басымдық ретінде азаматтардың билік органдарына сенімін нығайтуға күш салу керектігі баса айтылған еді. Парламет төменгі палатасының жарты жылға жуықтаған кезеңде атқарған жұмыстарының басым бөлігі осы міндетті жүзеге асыруға қаратылғанын айта кеткім келеді. Әсіресе, отандық денсаулық сақтау саласын жаңғырту жұмысының аса маңызды екені ескеріліп, пандемия салдарын жою, індетке қарсы екпе салу шаралары бір сәтке болса да Парламент депутаттарының назарынан тыс қалған жоқ. Әлеуметтік қамсыздандыру саясатын қайта жаңғыртып, мемлекет көмекке мұқтаж азаматтарды қолдауға басымдық беру кезек күттірмес мәселелер қатарында қарастырылуда. Президент тапсырмасына және «NurOtan» партиясының сайлауалды бағдарламасына сай өңірлерді, қалаларды, аудандар мен ауылдарды өзара байланыстыратын инфрақұрылымды жақсартуға басымдық берілуде. Жоспар бойынша  жаңа стандарттарға сәйкес 3500-ден астам ауыл жаңғырады. Айналасындағы елді-мекендердің тірегі саналатын әрбір ауылға баратын жолдар мен республикалық маңызы бар күре жолдар 100 пайыз жөнделетін болады. Алғашқы сессияны ашарда Президент алға қойған міндеттердің бірсыпырасы заң қабылдау тұрғысынан шешімін тапты деуге болатынын айтты. Қазақстандағы реформалардың басты бағытының бірі – саяси жаңғырудың айқын көрінісі ретінде көзделген  ауылдық округтерде сайлау өткізу мәселесі шешімін тапты. Сайлау тақырыбын қамтыған заң жобасы қабылданды. Заң жобасы тікелей Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың  тапсырмасына сәйкес әзірленіп, Президентіміздің саяси партияларға және сайлауда берілетін бюллетенге қатысты ұсыныстары енгізілді. Сонымен бірге, ауылдың, ауылдық округтердің әкімдерін тікелей сайлауды, қамтамасыз ететін жаңа нормалар қабылданды. Осының барлығы Мемлекет Басшысының саяси жаңғырту бастамаларын заң жағынан қолдауға арналған тағы  бір нақты  қадам деуге болады. VII шақырылымдағы Парламенттің бірінші сессиясының ашылуы барысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев: «Менің негізгі ұстанымым – қоғамдағы барлық өзекті мәселелер, ең алдымен, Парламентте талқылануға тиіс. Қоғам өкілдері мен сарапшылар заң жобаларын дайындау ісіне барынша атсалысуы керек. Азаматтардың наразылығын туғызуы мүмкін даулы мәселелер бойынша тиімді кері байланыс орнату – басты талаптың бірі. Парламенттің алдында маңызды екі міндет тұр. Бұл – сапалы заңдар қабылдау және өзекті мәселелердің шешімін табатын орталыққа айналу», – деген еді. Бүгінгі таңда, Парламент қабырғасында көтерілген мәселелер мен жолданған депутаттық сауалдар және ел Президентінің берген тапсырмалары нәтижелі орындалуда.  Таяуда жер қатынастары мәселесіне қатысты заң жобасын мақұлдануы осыған дәлел болып отыр.  

Фахриддин ҚАРАТАЕВ, «NurOtan» партиясы Фракциясының мүшесі, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты