Тоқаев Азия чемпионатында жеңіске жеткен боксшы қыздарды құттықтады
Тоқаев Азия чемпионатында жеңіске жеткен боксшы қыздарды құттықтады
164
оқылды
Мемлекет басшысы Азия чемпионатында жеңіске жеткен боксшы қыздарды құттықтады. Бұл туралы Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли желідегі парақшасында жазды. Мемлекет басшысы Дубайда өткен бокстан Азия чемпионатында жүлдегер атанған боксшы аруларымызды құттықтады.
«Құрлықтың ең мықты спортшылары жиналған байрақты бәйгеде Қазақстанның қыздар құрамасы ел мерейін асқақтатты. Олар қоржынымызға 10 жүлде, соның ішінде 8 алтын медаль салды. Осы тарихи жеңістеріңізді Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына жасалған тамаша тарту деп санаймын», – делінген құттықтауда.
Президент боксшы қыздарымыздың алдағы сайыстарда да биік тұғырдан көріне беретініне сенім артып, толағай табыс тіледі. Еске салсақ, бокстан Біріккен Араб Әмірлігінің Дубай қаласында өткен Азия біріншілігінде Қазақстан қыздар құрамасы он салмақтың сегізінде алтын, бір-бірден күміс пен қола медаль алып командалық есепте чемпион болған еді.