Қарағандылықтар 6 жасар баланы өрттен құтқарып қалды
Қарағандылықтар 6 жасар баланы өрттен құтқарып қалды
Қарағандыда екі жігіт жанып жатқан моншаның ішінен 6 жасар баланы алып шықты, деп хабарлады tengrinews.kz. Өрт 29 мамырда Қарағанды қаласының Ермеков көшесіндегі «Кедр» моншасында болған. Сол күні моншада болған полиция лейтенанты Шерхан Төлеухан мен оның досы Жантөлеу Егінбай өрт туралы айқайды естиді. Бастапқыда мән бермеген олар, кейін монша бөлмелеріндегі түтінді көреді. Екеуі бірден төменгі қабаттағы заттар мен құжаттарына жүгірген. Сол кезде бұрышта жалғыз тұрған баланы байқайды. Шерхан ойланбастан, баланы көтеріп, сыртқа жүгірген.
«Шығаберісте от лапылдап жана бастады, төбеден өртенген заттар құлап жатыр. Соған қарамастан шығар жолды тауып алдым. Жантөлеу досым балаға дымқыл сүлгіні жауып, қауіпсіз жерге алып барды», – дейді Шерхан Төлеухан.
Қарағанды облысы ТЖ департаментінің басшылығы баланың өліміне жол бермеген батыл әрекеті үшін полиция қызметкері мен оның досын марапаттамақ.