Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин Жапония Парламенті Өкілдер палатасының спикері Тадамори Ошимамен келіссөз жүргізді. Бейнеконференция байланысы арқылы өткен кездесуде Қазақстан мен Жапония арасындағы жан-жақты ынтымақтастық пен парламентаралық диалогті нығайту мәселелері сөз болды.
Мәжіліс Спикері Жапония – Қазақстан үшін Азиядағы маңызды стратегиялық серіктес ел екенін, қос мемлекет арасында сенімді саяси диалог орнап, ынтымақтастықтың берік іргетасы қаланғанын, бұл ретте Қазақстанның Тұңғыш Президенті–Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың шешуші рөл атқарғанын атап өтті. Сондай-ақ Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жапониямен көпжоспарлы ынтымақтастықты дамытуға ерекше мән беретінін айтқан Нұрлан Нығматулин елдің саяси жүйесін жаңғырту, отандық заңнаманы жетілдіру жөніндегі жұмыстар туралы әңгімеледі. Президенттің саяси реформаларының бір ұстыны саналатын митинг және сайлау туралы заңдар жайын тілге тиек етті. Атап айтқанда, палата Спикері әйелдер мен 29 жасқа дейінгі жастар үшін партиялық тізімдерде 30 пайыздық квотаны заңнамаға енгізу, Мәжіліс сайлауында саяси партиялар үшін өту шегін төмендету, барлық деңгейдегі сайлау бюллетеніне «Барлығына қарсы» бағанын қосу сияқты заңнамадағы жаңалықтарды жеткізді. Кездесу барысында тараптар Қазақстан мен Жапония арасындағы қарым-қатынастарының маңызды құрамдас бөлігі ретінде парламентаралық байланысты жандандыруды қолдады. Өз кезегінде Тадамори Ошима Жапония Қазақстанмен ынтымақтастыққа зор мән беретінін және стратегиялық серіктес мемлекет екенін, екі ел арасындағы байыпты байланыс одан әрі нығая түсететіне сенім білдірді. Сонымен қатар Елбасы Н.Назарбаевтың ядролық қарудан азат әлем құруға қосқан ерекше үлесін атап өтті. Нұрлан Нығматулин мен Тадамори Ошима парламентаралық диалогті нығайту екі ел арасындағы өзара тиімді ынтымақтастықты дамытуға ықпал ететініне сенім білдірді.Айхан ШӘРІП