Зарина екінші айналымға өтті
Зарина екінші айналымға өтті

Қазақстандық Зарина Дияс Парижде өтіп жатқан Ролан Гаррос турнирінің екінші айналымына шықты.

Дүниежүзілік рейтингте 93-орында тұрған Зарина алғашқы айналымда әлемнің 71-ракеткасы, ұлыбританиялық Хитер Уотсонмен кортқа шықты. Қарсыластар бұған дейін өзара екі мәрте кездесіп, бір-бірден жеңіске жеткен. Бірінші партияда З.Дияс 6:4 есебімен жеңді. Екінші сетте Х.Уотсон 3:1 есебімен суырылып алға шыққан. Дегенмен қазақстандық теннисші көп өтпей есепті 4:4 етіп, таразы басын теңестіре білді. Үздік ойынның арқасында Зарина бұл партияда да 7:5 есебімен жеңіске жетті. Тартысты бәсеке 1 сағат 53 минутқа созылды. Зарина Дияс екінші айналымда әлемнің 15-ракеткасы, бельгиялық Элиза Мертенс немесе рейтингте 161-сатыда тұрған, негізгі додаға іріктеу сайыстарынан кейін қосылған аустралиялық Сторм Сандерстің біреуімен шеберлік сынасады. Өткен жылы Франция ашық чемпионатында Зарина Тунис өкілі Онс Жаберге 6:4, 3:6, 1:6 есебімен есе жіберіп, алғашқы айналымнан аса алмаған еді. Биыл Жабер тағы бір қазақстандық Юлия Путинцевамен кездеседі. Еске сала кетейік, бұдан бұрын Елена Рыбакина да Ролан Гаррос турнирін жеңіспен бастаған болатын. Ал ерлер арасында М.Кукушкин Ролан Гаррос турнирінің алғашқы айналымынан аса алмады.  

А.ЖАСАН