Әр құжатта мыңдаған адамның тағдыры тұр
Әр құжатта мыңдаған адамның тағдыры тұр
282
оқылды

Әдетте, қуғын-сүргін мен ашар­шылық тақырыбына қоғам на­зары 31 мамыр қарсаңында ерекше ауғаны­мен, былтырдан бері бұл үрдіс өзгерді. Жыл бойы қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі арнайы комис­сия жұмыс істеді. Бағыт айқын­далып, нақты жоспар жасалды. Демек, өткен ғасырда қуғын-сүр­гін көр­гендердің әлі де бір­қатар бөлігі ақталған жоқ де­ген сөз. Арнайы комиссия құрып ақтау ісіне мық­тап кірісіп жат­қанымыз содан болса керек. Әрі ақтау ісінде де әлі сақтық жасап келеміз.

Алдымен  дерек түзелсе...

Әрине,  саяси астары бар қудалау жылдарының бірнеше кезеңге бөлінетіні, сондықтан атылған, түрмеге түскен азаматтар санын алдымен сол оқиғалар негізінде есептейтіні анық. Одан бөлек, он жыл ішінде екі рет қайталанған ашаршылық зардабын тартқандарды да,  Қазақстанға күшпен жер аударылғандарды да сол кезеңдегі саяси қуғын-сүргін  құрбандары қатарына қосуға болады.  Бәлкім содан да шығар, ақталғандар саны мен қуғын-сүргін құрбандарының мөлшеріне қатысты деректерде қайшылық пайда болады. Мәселен, ресми деректерде 1927-1953 жылдар аралығында Қазақстан бойынша  125 мыңнан астам адам қуғын-сүргінге ұшырап,  25 мыңы, кейбір мәлі­мет­терде 29 мыңы атылғаны айтылады. Ал тәуелсіздік алғаннан бергі жылдар ішінде  340 мың адам ақталғаны туралы мәлімет бар. Одан  бөлек, 146,5 мың адамның аты жазылған «Аза кітабы» да шыққан.  1950 жылдардың соңындағы жылымық кезеңде ақталған азаматтар тағы бар. Оған 1980 жылдардың соңын­дағы қайта құруда ақталғандарды қо­сыңыз. Мәселен, 1988 жылдың  шілдесінен 1990 жылғы тамызға дейін ҚазКСР-інде 19 мың адам ақталған. Сонда жалпы ақталған азаматтар  саны  ресми түрде қуғын-сүргінге  ұшырады дейтін адам­дардың мөлшерінен асып кетеді. Бақандай екі есе! 125 мың адам қуғын көріп, 340 мың адам ақталған. Қайшылық осында жатыр. Біздің пайымдауымызша,  зерттеу­шілеріміз бұл жерде  «қуғын-сүргін құр­бан­дары» аталатын санатқа  нақты кімдер­дің кіретінін әлі жүйелемеген сыңайлы.  Әлде жер аударылған этно­с­тарды  тұтас солардың қатарына  қостық па? Егер  олай болған жағдайда 1930 жылдары Қытай асып, 1960 жылдары қайта оралған қазақтар да, 90-жылдары Түрікменстан мен Ираннан оралған қандастар да қуғын-сүргіннің кесірінен жер ауып кеткен адамдарды ұрпағы ретінде ақталуы керек. Біздің  алдымен деректердің түзелуі керек екенін айтып отырғанымыз содан. Әрине,  деректердің өзі қолда бар мәліметтер негізінде жинақталғанын атап өткен жөн. Ресми 125 мың адам қуғын-сүргін көрді дегенімізбен, ҰҚК, про­куратура, сот архивтері, көрші-қолаң мем­лекеттердегі архив құжаттары әлі толық қолға түспегенін ескеру керек. Егер құ­жаттар толық ашылса, саяси қуғын-сүргін көргендер  қатары өсіп кетуі мүм­кін. Сонда ресми қуғын-сүргін көргендер мен ақталғандар саны үйлесуі мүмкін.

Көтеріліске қатысқандар толық ақталған жоқ

Негізі, 1920-1950 жылдар ара­лығындағы оқиғаларға баға бергенде сол кезде билікке қарсы көтеріліске шық­қандардың тағдырын ескермей кетуге болмайды. Өйткені олардың  қолға қару алып, көтеріліске шығуына  түрлі сипат­тағы қуғын-сүргін мен сол кездегі саясат әсер еткен болатын. Тарихшылардың бірқатары Манаш Қозыбаевтың 1929-1931 жылдар аралығында Қазақстанда  80 мыңға жуық адам қатысқан 372 көтеріліс болды дегенімен келіседі.  Сол көте­рілістерге қатысқандардың ішінде 5 551 адам Кеңес өкіметіне қарсы шыққаны үшін сотталған деседі. Атылғандар – 883 адам. 80 мың адам қатысқан көтерілістен жаза тартқандар – осылар.  Сталин саясатын Қазақстанда жанталаса жалғас­тырып, қуғын-сүргінді бастап берген И.Голощекин республиканы басқарып тұрған кезде көтеріліске шыққандарды жазалау әдеттегі жазадан жеңілдеу көр­сетілгендей көрінеді. Әйтпесе сол кезде «үштіктің жендеттерінен»  мұндай «осалдық» күтпеген болар едік. Шамасы көтеріліске қатысушыларға тағылған айтыптар әртүрлі болғанға ұқсайды. Әрі  көтерілістердің жалпы саны да нақты емес тәрізді. Зерттеушілер «көтеріліс» деп сол кездегі әкімқараға қарсы шығуды,  қазіргіше айтсақ топ болып әкімдіктің алдына баруды да атаған сыңайлы. Сол кездердің құжаттарында «выступление» деп жүреді көбіне. Әйтпесе 80 мың адам қолына қару алса, 1929-1931 жылдары біз білетін жағдайдан да көп қан төгілер еді.

Әрине, деректердің өзі қолда бар мәліметтер негізінде жинақталғанын атап өткен жөн. Ресми 125 мың адам қуғын-сүргін көрді дегенімізбен, ҰҚК, про­куратура, сот архивтері, көрші-қолаң мем­лекеттердегі архив құжаттары әлі толық қолға түспегенін ескеру керек.

Ал 372 көтеріліс болғанына тарихшы Хангелді Әбжан да күмәнмен қарайды. Дегенмен ғалым билікке наразылық танытқандар аз болмағанын айтады. Әрі оларды  бірден ақтау керек деп есептейтінін айтты.  «Сол жылдары 1 000-ға жуық адам кәмпескеленді. Олар  билікке қарсы шыққан жоқ, қолына қару алған жоқ, тек бай болғаны үшін қуғын көрді. Алдымен соларды ақтау керек. Екіншіден, халық көтерілісіне қатысқандарды  сөзбұйдаға салмай ақтау керек. Олардың амалы бар ма еді? Алдыңдағы малыңды тартып, ұжымдастырамыз деп тұрғылықты жер­лерден көшіріп жіберсе, қарсыласпай қайтеді?! Үшіншіден, жазықсыз жапа шеккен дін иелерін ақтау. Молда болғаны үшін  қудаланғандар бар.  Сонымен бірге лагерьде  дүниеге келген, ата-анасы қудаланғаны үшін  үй-жайынан айырыл­ған балалары ақталуы керек», – дейді Хангелді Әбжан. Әрі көтеріліске шық­қандардың көбі РСФСР Қылмыстық кодексінің 59-бабымен айыпталғанын,  бұл баппен  сотталғандар әлі ақталмағанын да айтады ғалым. Тарихшының сөзін Президент Әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Дәурен Абаев айтқан  бір мәліметі қуаттай түседі. Д.Абаев «Репрессия  жылдары – тарихымыздағы өшпес жара. Өкінішке қарай, процестердің құпиялылығы салдарынан қалған ақтаңдақтар баршылық. Жазықсыз репрессияға ұшырағандардың дені әлі ақталмады.  Біздегі мәліметтер бойынша, бүгінде 6 мыңға жуық істі қайта қарау қажет. Біз халқымыздың құқығы үшін күрескендерді ақтауға тиіспіз. Мысалы, 1910-1930 жылдары халық көтерілісіне қатысушылар. Ал 1929 жылғы Батпаққара көтерілісіне қатысқан 500 адамның тек 3-еуі ақталған» деген еді. Ал  кәмпес­келенген байлардың ақталғаны туралы мәлімет жоқ. Сол сияқты діндар болғаны  үшін сотталғандар да ақталмады.  Демек,  қуғын-сүргін көрген азаматтардың ішінде кемі үш топты ақтау мәселесін ұмыттық. Олар – көтеріліске қатысқандар,  кәмпес­келенген байлар,  сотталған молдалар, поптар. Одан бөлек, «экономикалық қастандық жасады» дейтін айыппен  сот­талғандар тағы бар.Тарих ғылымдарының кандидаты Шәмек Тілеубаевтың  ай­туынша, атышулы 58 баптан бөлек, 57,59, 107,109, 111-баптар да қуғын-сүргін кезінде  азаматтарға айып ретінде тағылған. «1929-1931 жылдардағы шаруалар көтерілісіне қатысқандар әлі ақталған жоқ. 1927 жылғы бай-кулактарды тап ре­тінде жою жөніндегі қаулыға байланысты тәркілеуге (конфискация) ұшырап, сон­дай-ақ 1929-1931 жылдардағы кө­терілістерге (выступления) қатысып,  кейін Қытайға, Моңғолияға, тағы басқа жаққа амалсыздан қоныс (откочевка) аударуға мәжбүр болғандар бар. Оларды кеңестік билік «бандиттік топтар», «бандиттік шайкалар» деп айыптаған. Олар не заңдық азаматтық тұрғыдан, әлеуметтік-саяси тұрғыдан ақталған жоқ»,– дейді зерттеуші.  Ал тәуелсіз Қазақстан не себепті ақтай алмағанына  келсек, мәселенің бәрі 1993 жылы қабылданған заңда сияқты. «1993 жылы 14 сәуірдегі «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы»  заңында «бандитизммен» айыпталғандар, «бандиттік топтарға» қатысқандар ақтауға жатпайды деген бап бар. Кеңестік биліктің ОГПУ органдары кезінде көтеріліске қатысқандарды «бандитизммен»,  «бандиттік топтарға қатысты» деп айыптаған. Сондықтан көтерілістерге қатысқандар осы бапқа негізделіп ақталмай жатыр. Негізі, бұл көтеріліске қатысқандар ешқандай бандит емес, ешқандай бандиттік топтарға қатыспаған, саясатпен шаруасы жоқ, қарапайым адамдар еді. Олар өздерін, өздерінің отбасын қайтсек аман сақтап қаламыз деп Кеңес өкіметінің ұжым­дастыру, тәркілеу сияқты реформаларына наразылық танытқандар болатын», – дейді Шәмек Тілеубаев. Қысқасы, қуғын-сүргін жылдары мен одан зардап шеккен азаматтарды ақтау ісі «инемен  құдық қазғандай» болып тұр. Телегей теңіз білім, архивтердегі сансыз ақпараттар, оларды қорыту дегендей сансыз жұмыс бар. Ақталғандар, ақ­талатындар саны да нақтылануы тиіс. Тіпті, «қуғын-сүргін жылдарының алғашқы кезеңдерінде халыққа қиянат жасап, азаматтарды қуғындаған, кейін өзі де  құрбан болып кеткен  тұлғаларға қатысты қандай үкім айтылуы керек?» дейтін сауал тағы бар. Олар да атылып кетті. Бірақ «сүттен ақ, судан таза» ғұмыр кешкен жоқ. Бәрін кешіріп, ақтаймыз ба? Әлде, бұрынғы істері үшін архивтер шаңында қалдырамыз ба? Сауал көп. Әзірге  біз кемі 6 мың құжат қайта қара­лады дегенді естігенбіз. Әр құжатта он­даған, жүздеген, мыңдаған адам тағ­дырының іздері жатқан болуы мүмкін.

Амангелді ҚҰРМЕТ