Комиссия әділеттілікті қалпына келтіре ме?
Комиссия әділеттілікті қалпына келтіре ме?

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылғы 24 қарашада «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия туралы» Жарлыққа қол қойған болатын. Бұл комиссияның басты міндеті – кеңес­тік кезеңдегі саяси қуғын-сүргін құрбан­дарының барлық санаттарына қатысты тарихи әділеттілікті толық қалпына келтіру.

Мемлекеттік комиссия құра­мында Президент Әкімшілігі мен Үкіметінің өкілдері, Парламент Сенаты мен Мә­жілісінің депу­тат­тары, мүдделі мемлекеттік ұйым­дардың басшылары, қоғамдық ұйымдардың өкілдері мен еліміздің ғалым­дары – барлығы 49 адам бар. Комиссияға Қазақстанның Мем­лекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаев басшылық жасай­ды.

Қайғының өзінде қуат болады

ХХ ғасырда қанша қазақ қырылды?  Әлі күнге нақты есебі айтылмай келеді. О баста 1 миллионнан астам адам делінген. Кейін  2 миллионның үстіне шықты... Кеңестік кезеңде бұл мүлдем жабық тақырып болды. Тәуелсіздік тұсында ғана қазақтың басынан өткен ашаршылық зардаптары туралы ашық  айтыла бастады. Деректер де нақтылану үстінде. 1920-1930 жылдардағы ашаршылық ақиқаты алдымен шетелдiк басылымдарда жарық көргенi белгiлi. Британдық тарихшы Роберт Конквестiң 1986 жылы шыққан «Жатва скорби: советская коллективизация и террор голодом» (ағылш. Robert Conquest. The Harvest of Sorrow: Soviet Collectivisation and the Terror-Famine) еңбегiнiң алғашқы нұсқасында «қазақтардың шығыны 4 миллиондай» делiнген. Осы тұста қазақ демографы Мақаш Тәтiмовтiң «ХХ ғасырда болған азамат соғысы, қолдан жасалған ашаршылық, қуғын-сүргiн кездерiнде, Екiншi дүниежүзiлiк соғыста бас-аяғы 3 миллион 850 мыңға жуық қазақ қырғынға ұшырады» деген мәліметтер жариялаған екен. Тарихшы Манаш Қозыбаев 1921-1922 жылдардағы аштық турасында: «1921-1922 жылдардағы аштық қазақтарды демо­графиялық апатқа әкелді. 1922 жылдың нау­рызында Қазақстанның батыс және солтүстік аймақтарында 2 миллион 350 мың адам аштыққа ұшырады, олардың көбі өлді» деп жазыпты. Сенатор Нұртөре Жүсіп: «Жазықсыз жаза­ланғандардың қатарында Әлихан Бө­кейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Мұхамеджан Тынышбаев, Міржақып Дулатұлы, Тұрар Рысқұлов, Мағжан Жұма­баев, Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлин, Санжар Асфендияров сияқты көр­некті мемлекет және қоғам қайрат­керлері, басқа да ұлт зиялылары бар.  Отанын сатқандар әйелдерінің Ақмола лагері («АЛЖИР») сол жылдардағы қаты­гездік пен жауыз­дықтың қара таңбасындай болды. Мұнда саяси тұтқындардың жақын туыстары, әйелдері мен балалары қамалды.  Президент тапсырма­сымен тарихи әділдікті қалпына келтіру жұмыс­тарын аяқтап, саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау үшін арнайы мемлекеттік комиссия құрылды.  Бұл – әділетті шешім. Қайғының өзінде қуат болады! Еврей халқы  Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде  6 миллион  еврейдің мерт болғанын ұлттық бірлік негізі ретінде керемет пайдаланады.  Бүкіл Израиль азаматтары тік тұрып, аза тұтып, еске алады. Жалпыұлттық тұтастық пен бірлікке ұлттың қуанышы мен қайғысы қатар қызмет еткенде ғана, біз ұлт ретінде тығыз топтаса аламыз!», – дейді.

Өңірлердің өзінде репрессия шарпымаған сала кемде-кем

ҚР ҰҒА академигі Дихан Қамзабекұлы: «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия» бірқатар жұмысты атқарып жатыр. Комис­сия­ның ішіндегі ішкі комис­сия­лардың құрамы бекітіліп, бағыт-бағдары айқындалды. Комиссия­ның өзі кіші 11 топтан құралған. Олардың бәрі негізгі мәселелер бойынша топтастырылған. Интел­лигенцияны қу­ғын-сүргінге ұшы­рату, байларды кәм­пескелеу, өзге этнос өкілдерін жер аудару реп­рессиясы – барлық бағыт қам­тылған», – дейді. Бүгінге дейін  ішкі комиссиялардың өзінде бес-алты жиын өтті. Жиында  ко­мис­сияның әдістемелік, әдіснамалық негіздері сөз болған. «Өздеріңіз білесіздер, Мемле­кеттік хат­­шы Қырымбек Көшер­баевтың бас­шылығымен үлкен тұжырымдамалық кеңестер өтті. Мұның бәрінің негізі – ортақ іске жұмылдыру. Кейбір мәселелер де жоқ емес. Кей органдар ғылымның ішкі мәселелерін түсінбеуі мүмкін.  Нақты  жауапты органдарға байланысты жиындар өткізіп, ғалымдарға қолдау көрсету, архив­терге кіру, құжаттарды алуға мүм­кін­дік жасау мәселелері айтылды. Сонымен бірге шетелдерде де саяси қуғын-сүргін құрбан­дарына байланысты құжаттар бар. Оған да мүмкіндігінше қағаздарды жеңіл­дету, түрлі шы­ғыс-кіріс қағаздарын, іссапар шығын­дарын үйлестіру – осының бәрі бірте-бірте шешіліп келе жатыр. Ортақ іс – үлкен жұ­мыс басталды. Бұл – Қазақстан Тәуел­сіздігінің 30 жылдығына арналып, ат­қарылып жатқан игі іс.  Ең бастысы, бұған халық та, билік те мүдделі болып отыр. Ко­миссия жұмысына жоғары оқу орын­дарының, ғылыми орталықтардың жетекші мамандары тартылған. Сондай-ақ комис­сия облыс орталықтарында, үлкен қала­ларда өзінің құрылымдық бөлімшелерін жасақтағалы отыр. Бұл да ортақ іске пай­дасын келтіреді. Себебі өңірлердің өзінде репрессия шарпымаған сала кемде-кем. Сондықтан бұл жерде өлке­танушылардың да еңбегі дұрыс көрініп қалады деген ойдамыз. Әдістемелік негіздердің басы-қасында экс-сенатор, «Қаһар­мандар» қоғамдық қорының төра­ғасы Сабыр Қасымов та бар.  Ол кісінің тәжірибесі жетеді. Сабыр Ахметжанұлының онлайн беріп отырған кеңестерінің де ғалымдарға тигізер пайдасы көп», – дейді.

Деректердің көбі құпия сақталған

Мәжіліс депутаты Берік Әбді­ғалиұлы: «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның мақсаты – орнықты шешім қабылдап, тарихи әділеттілікті қалпына кел­тіру жолындағы жоғары кәсібилік пен әділдікке қалтқысыз қызмет ету. Комиссияның басты міндеті – кеңестік кезеңдегі саяси қуғын-сүргін құрбандарының барлық са­нат­тарына қатысты тарихи әділ­еттілікті толық қалпына келтіру. Материалдарға жан-жақты әрі ке­шенді зерделеу жүргіз­геннен кейін, халықаралық тәсілдер мен стан­дарттар негізінде толықтай заңды, ал жекелеген санаттарға қатысты – қуғын-сүргін құрбандарын саяси ақтау жоспар­ланып отыр. Қуғын-сүргінге ұшыраған әртүрлі топ­тарды ақтау бағыттарын пысықтау үшін арнайы жұмыс топтары құ­рылып жатыр. Соның ішінде құпия­сыздандыру бойынша кіші комиссия құ­рылды. Оған мен жетекшілік етемін. Ендігі жерде алдымызда аса ауқымды міндеттер, күрмеуі шешуді қажет ететін күрделі та­рихи мәселелер тұр», – дейді. Депутаттың айтуынша, ғалым­дар тиісті ведомстволардың архивінде жұмыс істеу кезінде көп кедергіге ұшырап жатыр. Оның бірден-бір себебі – деректердің құпия сақталуы. Бұл мәселені шешу үшін Бас прокуратура, Ұлттық қауіпсіздік комитеті, ішкі істер органы сол мекемелермен келіс­сөз жүргізіп, біртіндеп-біртіндеп құпия­сыздандыруды қолға алған.  Ол «деректер тек ғалымдарға емес, ата-бабасымен та­ныс­қысы келетін кез келген азамат үшін қолжетімді болуы керек» деген ойда. Комиссия жұмысының арқасында зерттеушілер мен ғалымдарға жабық болып келген архив деректерін алуға, пайдалануға рұқсат беріле бастады. Осы күнге дейін беймәлім болып келген құпия құжаттар аз емес. Ғалымдар «кезінде НКВД қызмет­керлері атылған адамдардың мәйіттерін аттарын атамастан көміп отырған. Осын­дай жайттар анықталып жатыр. Әсіресе, сол кездерде астана болып тұрғандықтан, мұндай жағдай Алматыда көп болған екен.  Қазір құпия құжаттарды архивтерден қопарыстырып, Ресейдің ФСБ-сының құпия құжаттары бойынша да көптеген жұмыстар атқарылып жатқанын» айтады. Комиссия жұмысының жүзеге асқа­нына да көп болған жоқ. Жұмыс кеше ғана басталды. Әзірге  цифрларды сөйлетуге әлі ерте секілді.  Себебі бұл бір күннің жұмысы емес. Өкінішке қарай, ғалымдар зұлмат жылдары  қанша адам құрбан болды дегенде нақты цифрды айта алмай келеді. Сондықтан бұл тақырыпқа әлі де ғылыми тұрғыда баға беру қажет. Осы  орайда  қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі комиссия тарихи әділеттілікті қалпына келтіре ала ма? Мәселе – осында.  

Айым БЕКТҰР