«Баласы машинаның үстінде өртеніп жатты» – жанармай құйылған цистерналар жарылды
«Баласы машинаның үстінде өртеніп жатты» – жанармай құйылған цистерналар жарылды
187
оқылды

Аулада тұрған жанармай толы цистерна өртенді. Салдарынан бір адамды күйік шалып, ауруханаға жеткізілді. Өрт сөндірушілер өртті 1 сағаттан астам уақытта сөндірді. Көрші үйдің тұрғындары да қауіпсіз жерге көшірілді. Бұл туралы AstanaTV хабарлады.

Өрт таңертеңгі  сағат 10 шамасында басталған. Куәгерлердің айтуынша, от үй ауласында тұрған жанармай таситын машинадан тұтанған.  Тілсіз жауды ауыздықтау оңайға соқпады. Ауладағы сарай толық жанып кеткен.

Куәгер Күміс Ырсалдиева: «Екі цистерналы машина келіп кірді, балалар есікті жауып алды. Бір кезде баланың шыңғырған дауысы шықты. Тарс етті де, мына жақтың барлығы өртке оранды. Осы үйдің үлкен баласы машинаның үстінде өртеніп жатыр екен. Негізі, бұлар жердің астынан, мен біле бермеймін негізі, цистерналарды көмеді, бұл үйге күні-түні машиналар келеді. Бұлар заңсыз соляркамен айналысады», – дейді.

Мамандар отқа оранған сарайда шамамен 10 тоннаға жуық жанар-жағармай  сақталған дейді. Сондықтан отты өшіру қиын болған. Жапсарлас орналасқан үйдің тұрғындары да қауіпсіз жерге көшірілді. Тұрмыстық заттар толық сыртқа шығарылды. Енді арнайы талаптарды бұзған үй иесі жауапқа тартылады.

Қызылорда облысы ТЖД бастығы Нұрсұлтан Ибрагимов: «Өрт қауіпсіздік талаптарын сақтамағаннан болды. Негізі тұрғын үйлерде жанар-жағармай сақтағандар қатаң жауапқа тартылады. Тергеу мән-жайды анықтайды. Үйде жанармай сақтауға болмайды», – деді.

Өрттен зардап шеккен 22 жастағы жігіт ауыр жағдайда жансақтау бөлімінде жатыр. Денесінің 60 процентін күйік шалған. Ал үй иесі оқиғаның мән-жайын айтпады.

  https://youtu.be/hDNPivTfYWs