Сыбайластықпен берілген субсидия
Сыбайластықпен берілген субсидия
124
оқылды

Қызылордада облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының бірнеше қызметкері субсидияны сыбайластықпен үлестірді деген күдікке ілініп, аса ірі көлемде мемлекет қаржысын талан-таражға салғаны үшін қылмыстық іс қозғалды. Бұл қылмыстық істі Қызылорда облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті қолға алды.

«Бұл бойынша облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасы қызметкер­леріне қатысты Қылмыстық кодекстің 189-бабы 4-бөлігі 2-тармағымен қыл­мыстық іс қозғалды. Облыстық Ауыл­шаруашылық басқармасының бірнеше лауазымды тұлғасы өздерінің қызмет ба­бын пайдалана отырып, келеңсіз жағдайға жол берген. Облыс аумағында 2019-2020 жылдарға арналған бірнеше жоба бойынша инвестициялық субсидия қаражатын үлестіру барысында бірнеше кәсіпкерлік нысандарымен келісімге келген. Сол арқылы аса ірі көлемде мемлекет қаржы­сын талан-таражға салып, жымқыруды жүзеге асырған. Аталған қызметкерлер бір­қатар шаруа қожалықтарында ешқандай жұмыс атқарылмаса да, жабдықтар мүлдем қойылмаса да, олардың толық орындал­ғаны туралы жалған хаттама толтырып, оған қол қойған. Жүргізілген сот-құрылыс сараптамалары негізінде бірнеше шаруа қожалықтары бойынша мемлекетке келтірілген залал сомасы 26 млн 792 мың теңгені құрап отыр», – деді Қызылорда облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің баспасөз хатшысы Бақыт Орданова. Ведомство мәліметінше, Қылмыстық кодекстің 189-бабы 4-бөлігі 2-тармағы бойынша мұндай қылмысқа жол берген азаматтар белгiлi бiр лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына шектеліп, оларға 7 жылдан 12 жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.

СОТ ҮКІМІ: 23 МЛН ӨТЕУГЕ 2 АЙ МЕРЗІМ БЕРІЛДІ

Қызылорда облысында теміржол құрылыс материалдарын пайдакүнемдік мақсатта иеліктен шығарып, талан-таражға салған басшыға қатысты сот үкімі шықты. Қаржылық мониторинг агенттігі Қызылорда облысы бойынша Экономика­лық тергеп-тексеру департаменті өндірі­сін­дегі кезекті қылмыстық іс бойынша сот үкімі шықты. Мұндай келеңсіздікке «Қа­зақ­­стан темір жолы ұлттық ком­паниясы» АҚ-ның Қазалы жол дис­танциясының бөлімше бастығы жол бер­ген. Ол теміржол құрылыс материалдарын пайдакүнемдік мақсатта иеліктен шығарып, талан-таражға салған. Осылай­ша, оларды жым­қырған. Салдарынан Қызылорда магис­тральді желі бөлімшесіне 23 млн теңге үстінде залал келтірілген. Бұл азаматтың жауапкершілігіндегі тауарлы-материалдық құндылықтардың жетіс­пеушілігі жүр­гізілген аудиторлық тексеру кезінде анық­талған. «Арал аудандық соты Қылмыстық кодекстің 195-бабы 4-бөлігі 2-тармағы бойынша үкім кесті. Онда алдау немесе сенімді теріс пайдалану жолымен аса ірі мөлшерде мүліктік залал келтіру жағдайы көрсетілген. Сотталушыға, материалдық жауапкершілікпен байланысты қызметпен айналысу құқығынан екі жылға айыра отырып, екі жыл бас бостандығынан шек­теу жазасы және осы мерзімге пробациялық бақылау тағайындалды», – деді Қызылорда облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департа­ментінің баспасөз қызметі. Зардап шегуші «Қазақстан темір жолы ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы­ның Қызылорда магистральді желі фи­лиалы­ның пайдасына 23 миллион 152 мың теңгені өз еркімен төлеу үшін сотталушыға 2 ай мерзім белгіленгенін айтады ведомство өкілдері.  

Нұрсұлтан ҚАЗБЕК, Қызылорда облысы