«Тектұрмас» – тарихымызды танытқан кешен
«Тектұрмас» – тарихымызды танытқан кешен
265
оқылды

«Тараз – тарихымыздың темір қазығы». Бұл – ғасырлар толғағының ғаламат туындысына берілген әділ баға. Бүгінде Тараз тотыдай түрленіп, жаңа кейіпке еніп жатыр. Соның бір айғағы – «Тектұрмас» этно-тарихи кешені.

Бұрнағы жылы аталған кешеннің іргесі қаланып, бірқатар тарихи нысандар бой көтерген болатын. Ал биыл кешен тағы тарихи жәдігерлермен толығып, шаһар шырайын аша түсті. Бұл жұмыстарды күні кеше Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев арнайы барып көріп, жүйелі тірлікке оң бағасын берді. Жалпы, Талас өзені арқылы өтетін көпірден кешеннің кереметін көруге келетіндердің қарасы күн санап артуда. Этнографиялық туризмді дамыту мақ­сатында салынған кешендегі ұлы Батыс түркі қағандарының бейнесі терең тарихымыздан  сыр шертіп тұрғаны даусыз. Алыстан менмұндалаған Әулиеата ескерт­кіші де символикалық бейне ретінде көп­шіліктің  назарын өзіне  аударады. Талас өзенінің бойын жағалай салынған «Көне қамал» да туристерді лек-легімен тарта түсетіні анық. – «Көне Тараз» этномәдени кешені мен  «Тектұрмас» этнотарихи кешенінің құры­лысы  2018 жылы  бұрынғы өңір басшысы Асқар Мырзахметовтің  бастамасымен басталған болатын. Ол бірінші кезең болса, біз соны жалғастыра түстік. Мынау екінші кезеңі. Әрі қарай үшінші кезең бойынша да жоспарлы жұмыстар атқарылатын болады. Жібек Жолының тарихы, тарихи шайқастар, өңірімізде туы тігілген Қазақ хандығы, тәуелсіздік жылдарындағы маңызды оқиғалар.  Осының бәрін біз осы кешен арқылы қонақтарға таныта түспек­піз. Халықтың жаяу аралауы үшін жағдай жасалады. Ең негізгісі, әрине  болашақ ұрпаққа тарихымызды жеткізуіміз керек. Осындай кешен арқылы да біз өткеніміз туралы олардың санасына сіңіре аламыз,– деді облыс әкімі  Бердібек Сапарбаев кешенді аралау барысында. Жалпы,  «Тектұрмас» этнотарихи кешеніндегі «Көне Тараз» нысанындағы жағалаудың ұзындығы 1 423 метр болса, қоршап тұрған қорғанның ұзындығы 220 метр. Нысанға кірген кездегі оң жақ қабырғасы жасанды тастармен көмкеріліп, көне түркі жазулары, петроглифтер салын­ған. Кешеннің  кіреберісінен жағалаудың соңына дейін сан түрлі түстегі самаладай жарқырайтын шамдармен көмкерілген 86 аралық ағаш баспалдақ орналасқан. Сон­дай-ақ жасанды сарқырама да сарқырап тұр. – Біздің негізгі мақсатымыз – Тараз қаласының тарихи мүмкіндіктерін пайда­лана отырып, туризмді дамыту. Ол үшін Әулиеата жеріндегі тарихи ескерткіштерді қалпына келтіріп, ең біріншіден, өзіміздің жерлестерімізге, екіншіден,  өзге өңірлер­ден келетін қонақтарға танытуымыз керек. Сондай-ақ  биыл Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерейтойы. Осыған орай біздің өңірімізде де көптеген жоба жүзеге асуда. Мерейтой тек аста-төк шаралармен емес, тағылымы мол, тұрғындарды бірлікке, ынтымаққа, достыққа шақыратын игі істермен ерек­шеленуі маңызды. Мәселен, біз былтырдан бастап  өңірімізде «Асарлатып үй салу» жобасын жүзеге асырып жатырмыз. Он­дағы мақсат – елді мекендерде тұратын жастардан бастап, ақсақалға дейін ұлтына қарамастан біріктіріп, сол ауылдардағы аз қамтылған көпбалалы отбасыларға асар­латып үй салып беру.  Өткен жылы біз 99 үй салдық. Биыл соны әрмен қарай жал­ғастырып, ең кем дегенде 170-180 үйге жеткізсек деп отырмыз, –деді Бердібек Машбекұлы. Аймақ басшысы кешенді аралау барысында  «Жомарт түлек» жобасының маңызын тілге тиек етті. Бұл жоба өңірден шыққан табысты, танымал түлектердің басын тоғыстырып,  туған өлкелерін көркейтуге, әлеуметтік мәселелерін ше­шуге үлес қосуға шақыра отырып, олар­дың өмір жолдарын өскелең ұрпаққа үлгі-өнеге етуге негізделген. – Ел егемендігінің  30 жылдығына орай қолға алынған маңызды жобамыздың бірі – «Таразға тарту». Облыс орталығын туризм орталығына айналдыру керек. Сол үшін көне шаһарды жан-жақты дамы­туымыз қажет. Тек оның тарихи емес, мәдениет жағынан да, көркемдік жағынан да өркендеуіне ден қойғанымыз жөн. Сондықтан да «Таразға тарту» жобасын жүзеге асырып жатырмыз. Ондағы мақсат – кәсіпкерлер мен кәсіпорындарды тарта отырып, аудандар мен басқармаларды және барша жерлестерді жұмылдырып, саябақтар мен скверлерді, көшелерді жөндеуден өткізу, реттеу. Бұл бағыттағы жұмыстардың дені тәуелсіздік мерекесіне дейін аяқталатын болады, – деді Б.Са­парбаев. Аймақ басшысы Елбасы тапсырмасына сәйкес соғылған «Қазақ халқына мың алғыс», «Біз біргеміз!» монументтерінің мазмұны мен тағылымына да  тоқталып, Төрткүл керуен сарайын жандандыру керегіне көңіл бөлді. Сондай-ақ  Таразды туризм орталығына айналдырудағы тарихи орындардың маңызын баса айтып өтті. 2000 жылдық тарихы бар Тараз қаласын қай қырынан алып қарасаң да ғасырлар шежіресінен сыр шертіп тұрғаны анық. Ал «Тектұрмас» кешені сияқты орындар тарихымызды тағы танытып, өткенімізді жаңғырта түсетіні даусыз. Жаса, жайнай бер Тараз!

Саятхан САТЫЛҒАН, Жамбыл облысы