Ауылдағы жаңа амбулатория
Ауылдағы жаңа амбулатория
289
оқылды

Халық денсаулығын сақтауға баса назар аударылып, дәрігерлік бақы­лаудан тысқары қалған елді мекендерді болдырмауға қатысты нақты шаралар атқарылып жатыр. Ауылдары Алматы қаласы маңына орналасқан, хал­қы тығыз қоныстанған Қарасай ауданында да осы бағытта үлкен жұмыстар жүргізіліп, маңызды жобалар жүзеге асырылуда. Күні кеше осы ауданның Долан ауылында бір ауысымда 25 адамға қызмет көрсете алатын дәрігерлік амбулатория ашылды. Емдеу мекемесі «Жұмыспен қамтудың Жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында салынды.

Доландықтардың қуанышын бөлісуге ар­найы келген аудан әкімі Жандарбек Дала­баев облыс әкімінің қолдауымен атал­ған ауылда  600 орындық мектеп құрылысы да қолға алынатынын, қазір білім ошағы тұрғызылатын жер телімі сатып алын­ғанын, жобалық-сметалық құжаттамасы дайын болып, мемлекеттік сараптаудан өткізіліп жатқанын жеткізіп, жұрт қуанышын еселей түсті. Жоспар бойынша ойға алғандар толық орындалса, бүгінде ескі ғимаратта оқып жатқан бастауыш мектептегілер мен көрші ауылдарға қатынап оқитындар алдағы кезде жаңа орта мектепте білім алатын болады. Дәрігерлік амбулаторияның құры­лысын жүргізген мердігер ұйым – GOLDENCITI DS ЖШС өкілі Данияр Қарақұл жаңа емдеу мекемесінің символикалық кіл­тін ауылдағы халықтын денсаулығына жауапты дәрігер Гүлнұр Шенееваға тап­сырды. Бұл салтанатты рәсім ауылдағы дә­рігерлік амбулаторияның өз жұмысын бастағанын білдіреді. Медициналық мекеменің жобалық құны – 460 млн теңге. Жалпы аумағы 550 шар­шы метр болатын ғимаратта науқас­тарды тіркеу орны, дәрігерлердің қызметтік кабинеттері, күндізгі стационар, тіс ем­дейтін, гинекологиялық, ем-шаралар мен физиотерапевтік бөлмелер, зертхана, оқшаулау орны, сүзгі және тағы басқа жұмыс орындары орналасқан. Емдеу мекемесінде жалпы тәжірибе бойынша екі дәрігер мен жеті мейірбике, барлығы 18 қызметкер ауыл тұрғындарының денсау­лығын қадағалайды. Бұған дейін Долан ауылында шағын фельдшерлік-акушерлік пункт  жұмыс істейтін. Тұрғындар маман дәрігерлердің шұғыл көмегі қажет болған жағдайда, көбіне көршілес Алмалыбақ ауылындағы дәрігерлік амбулаторияға, шамасы жеткені қалаға  сабылатын. Ендігі жерде ауылда дәрігерлік амбулаторияның іске қосылуы арқасында Доланда тұратын 5 мыңға жуық адамға сапалы медициналық қызмет ба­рынша қолжетімді бола түсті. Алматы облысында шалғайда жатқан ел­ді мекендерді қоса есептегенде, халық­тың медициналық көмекке қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында 2025 жылға дейін 109 нысан тұрғызу жоспарланған. Соған сай биыл 23 медициналық мекеменің құрылысы жүргізіледі.  

Болат АБАҒАН, Алматы облысы