Халық денсаулығын сақтауға баса назар аударылып, дәрігерлік бақылаудан тысқары қалған елді мекендерді болдырмауға қатысты нақты шаралар атқарылып жатыр. Ауылдары Алматы қаласы маңына орналасқан, халқы тығыз қоныстанған Қарасай ауданында да осы бағытта үлкен жұмыстар жүргізіліп, маңызды жобалар жүзеге асырылуда. Күні кеше осы ауданның Долан ауылында бір ауысымда 25 адамға қызмет көрсете алатын дәрігерлік амбулатория ашылды. Емдеу мекемесі «Жұмыспен қамтудың Жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында салынды.
Доландықтардың қуанышын бөлісуге арнайы келген аудан әкімі Жандарбек Далабаев облыс әкімінің қолдауымен аталған ауылда 600 орындық мектеп құрылысы да қолға алынатынын, қазір білім ошағы тұрғызылатын жер телімі сатып алынғанын, жобалық-сметалық құжаттамасы дайын болып, мемлекеттік сараптаудан өткізіліп жатқанын жеткізіп, жұрт қуанышын еселей түсті. Жоспар бойынша ойға алғандар толық орындалса, бүгінде ескі ғимаратта оқып жатқан бастауыш мектептегілер мен көрші ауылдарға қатынап оқитындар алдағы кезде жаңа орта мектепте білім алатын болады. Дәрігерлік амбулаторияның құрылысын жүргізген мердігер ұйым – GOLDENCITI DS ЖШС өкілі Данияр Қарақұл жаңа емдеу мекемесінің символикалық кілтін ауылдағы халықтын денсаулығына жауапты дәрігер Гүлнұр Шенееваға тапсырды. Бұл салтанатты рәсім ауылдағы дәрігерлік амбулаторияның өз жұмысын бастағанын білдіреді. Медициналық мекеменің жобалық құны – 460 млн теңге. Жалпы аумағы 550 шаршы метр болатын ғимаратта науқастарды тіркеу орны, дәрігерлердің қызметтік кабинеттері, күндізгі стационар, тіс емдейтін, гинекологиялық, ем-шаралар мен физиотерапевтік бөлмелер, зертхана, оқшаулау орны, сүзгі және тағы басқа жұмыс орындары орналасқан. Емдеу мекемесінде жалпы тәжірибе бойынша екі дәрігер мен жеті мейірбике, барлығы 18 қызметкер ауыл тұрғындарының денсаулығын қадағалайды. Бұған дейін Долан ауылында шағын фельдшерлік-акушерлік пункт жұмыс істейтін. Тұрғындар маман дәрігерлердің шұғыл көмегі қажет болған жағдайда, көбіне көршілес Алмалыбақ ауылындағы дәрігерлік амбулаторияға, шамасы жеткені қалаға сабылатын. Ендігі жерде ауылда дәрігерлік амбулаторияның іске қосылуы арқасында Доланда тұратын 5 мыңға жуық адамға сапалы медициналық қызмет барынша қолжетімді бола түсті. Алматы облысында шалғайда жатқан елді мекендерді қоса есептегенде, халықтың медициналық көмекке қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында 2025 жылға дейін 109 нысан тұрғызу жоспарланған. Соған сай биыл 23 медициналық мекеменің құрылысы жүргізіледі.Болат АБАҒАН, Алматы облысы