Дубайда өтіп жатқан бокстан Азия чемпионатының алғашқы финалдық кездесулері аяқталды. Әйелдер арасындағы бәсекеде Қазақстан командасы сегіз алтын иеленіп, жалпыкомандалық есепте көш басынан көрінді.
Ақтық сында Қазақстанның тоғыз өкілі өнер көрсетті. Олар 48 келіде Алуа Балқыбекова, 51 келіде Назым Қызайбай, 54 келіде Дина Жоламан, 57 келіде Владислава Кухта, 60 келіде Римма Волосенко, 64 келіде Милана Сафронова, 69 келіде Валентина Хальзова, 81 келіде Фариза Шолтай және +81 келі салмақ дәрежесінде сынға түскен Ләззат Күнгейбаева. Финалда бақ сынаған тоғыз боксшымыздың сегізі алтын медаль алды. Тек 57 келіде жұдырықтасқан Владислава Кухта ғана ақтық сында сүрініп, чемпионаттың күміс жүлдегері атанды. Ал жартылай финалда жарыс жолынан шығып қалған Марина Вольнова (75 келі) құрлық біріншілігінің қола медаліне ие болды. Қазақстан сапынан алғаш болып шаршы алаңға шыққан Алуа Балқыбекова біріншіліктің алтын жүлдегері атанды. Ол финалда өзбекстандық Гүлсая Сұлтанәлиеваны жеңді. Қазақстан командасының көшбасшысы, 51 келідегі Назым Қызайбай финалда әлемнің алты дүркін чемпионы үндістандық Мэри Комды жеңді. Төрешілер 4:1 есебімен жеңісті Назымға берді. Жекпе-жектен соң Назым бұл жеңістің орны ерекше екенін айтты. – Көптен бері жолым болмай жүрген еді. Сондықтан осы жолы алдыма тек жеңіске жетемін деген мақсат қойдым. Турнирге жоғары деңгейде дайындалдық. Барлық қарсыластарымыз да қарымды болды. Бапкерлердің айтқанын бұлжытпай орындап, тұғырдың ең биігінен көрініп отырмыз, – дейді Назым. 54 келіде сынға түскен Дина Жоламан өзбекстандық Ситора Шогдарованы жеңді. 57 келі салмақта сынға түскен Владислава Кухта өзбекстандық Ситора Тұрдыбековаға 0:5 есебімен жол берді. Бұл – Кухтаның құрлықтық турнирде жеңіп алған алғашқы жүлдесі. Ал 60 келіде жұдырықтасқан Римма Волосенко индонезиялық қарсыласы Хусватун Хасанды жеңді. Қазақстандық спортшы қарсыласын бірінші раундта екі рет нокдаунға жіберген соң төрешілер жекпе-жекті уақытынан бұрын тоқтатты. 64 келіге дейінгі салмақта бақ сынаған Милана Сафронова финалда үндістандық Лалбуатсаихиді жеңіп, Азия чемпионатының алтынын иеленді. 69 келіде жұдырықтасқан Валентина Хальзова ақтық сында Өзбекстан өкілі Навбахор Хамидованы жеңді. Қазақстандық боксшы Фариза Шолтай 81 келіге дейінгі салмақта құрлық чемпионы атанды. Финалда Фариза өзбекстандық Сохиба Рузметовамен кездесіп, жеңіске жетті. Финалда Ләззат Күнгейбаева (+81 келі) үндістандық Анупамадан басым түсіп, өз салмағының үздігі атанды. Осылайша, Қазақстан қыздар құрамасы Азия чемпионатында 8 алтын, 1 күміс және 1 қола медаль алып, жалпыкомандалық есепте жеке-дара көш бастады. Құрлықтық додада өзбекстандық боксшы қыздар бір алтын, бес күміс пен екі қола медаль алды. Ал үндістандық боксшы қыздар бір алтын, үш күміс және алты қолаға қол жеткізді. Ендігі кезек – жігіттерде. Ерлер арасындағы финалдық кездесуде алтынға таласатын жігіттер намысты қолдан бермейді деген үміттеміз. Жарыстың аталған сатысында Қазақстан құрамасы сапында бес боксшы шаршы алаңға шығады. Олардың қатарында Даниял Сәбит (49 келі), Абылайхан Жүсіпов (69 келі), Әбілхан Аманқұл (75 келі), Василий Левит (91 келі) және Қамшыбек Қоңқабаев (91 келіден жоғары) бар. 21 мамырда басталған бәсеке 1 маусым күні аяқталады. Күні кеше Қазақстанның бокс федерациясының президенті Кеңес Рақышев Азия құрлығы жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне ақшалай сыйақы тағайындады. Жарыс чемпионы – 10 мың АҚШ доллары (4 280 000 теңге), күміс жүлдегер – 5 мың доллар (2 140 000 теңге), қола жүлдегер 2,5 мың доллар (1 070 000 теңге) көлемінде сыйақы алады.