Қазақстандағы балалар тауарының көбі Қытай мен Ресейден жеткізіледі. ҚР Ұлттық статистика бюросының дерегі бойынша, балалар ойыншығы, арбасы мен жөргегі қай елдерден импортталатынын анықтадық.
2021 жылдың I тоқсанында Қазақстанға 26 миллион долларға 5,1 мың тонна ойыншық жеткізілді. Тауардың жартысынан көбі (2,9 мың тонна) Қытайдан әкелінген. Ол 14,4 млн долларға бағаланған. LS агенттігінің мәліметінше, Ресейден 9,2 млн долларға 1,5 мың тонна ойыншық, Өзбекстаннан 1,1 млн долларға 371,6 тонна, ал Беларусьтен 748,9 мың долларға 95,3 тонна ойыншық жеткізілді. Шетелден Қазақстанға 1,8 млн долларға 43,8 мың дана арба жеткізілген. Оның 38,4 мың данасы Қытайдан, 5,2 мың данасы Ресейден импортталды. 2021 жылдың алғашқы үш айында елге 7 мың тонна жөргек жеткізілген. Оның жалпы құны 17,8 млн долларға бағаланды. Қазақстанға жеткізілген жөргектің көбі Ресейде өндіріледі. Сонымен бірге Қазақстанға жылдың басында 665,5 тонна жөргек Қытайдан, 693,7 тоннасы Түркиядан, 83,9 тоннасы Жапониядан импортталған.