Nur Otan-да экономиканы дамытуды ынталандыру шаралары талқыланды
Nur Otan-да экономиканы дамытуды ынталандыру шаралары талқыланды
Бизнеске жасалатын кедергілерді жою, ШОБ үшін жеңілдікпен берілетін несиелердің қолжетімділігі мәселелері, сондай-ақ 2021-2025 жылдарға арналған бәсекелестікті дамыту жөніндегі Ұлттық жоба жайы «Nur Otan» партиясы жанындағы Экономиканы дамыту және кәсіпкерлікті қолдау жөніндегі республикалық қоғамдық кеңестің бірінші отырысында талқыланды. Партия хатшысы Марат Сембеков атап өткендей, Кеңестің негізгі міндеті – кәсіпкерлердің түйткілді мәселелерін жедел шеше отырып, орталықта және жергілікті жерлерде сайлауалды міндеттемелерді іске асыруға жүйелі мониторинг жасау. Кеңес мүшесі, «Талап» қолданбалы зерттеулер орталығының директоры Рахым Ошақбаев жұмыс жоспарын талқылай келе, монетарлық, ақша-несие, салық саясаты мәселелерін қарастыруды ұсынды.   Кеңес мүшесі, «Отбасы банк» АҚ Басқарма Төрайымы Ләззат Ибрагимова шағын және орта бизнес үшін несиелердің қолжетімділігін қамтамасыз ету мәселесінің маңыздылығын атап өтті.  
«Соңғы жылдары банктердің шағын және орта бизнесті несиелендіру үлесі біртіндеп төмендеп келеді. Өткен жылы бүкіл банк секторының несиелік қоржыны 7%-ға ұлғайып, 1 трлн теңгеден асты. Ірі банктердің активтеріндегі несиелердің үлесі 50% деңгейінде. Өкінішке қарай, банктер экономиканы несиелендіру көлемін төмендетуде», – деді Ләззат Ибрагимова.
  Кеңес мүшесі, «FinTech Hub АХҚО» бас директоры Павел Коктышев экономиканың инновациялық тұсын, бизнеске арналған жаңа қаржылық технологияларды дамыту тақырыбын көтерді.   Сондай-ақ, жиында бизнес үшін әкімшілік кедергілерді жою мәселесі қаралды. Кеңес төрағасы, Мәжіліс депутаты Аманжан Жамалов бүгінде Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің мемлекеттік органдармен бірлескен жұмысы тиісті деңгейде атқарылмайтынын атап өтті.  
«Биыл «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасын іске асыру аясында жасалатын 10 кедергіні жою жоспарланған. Бүгінгі таңда уәкілетті органдар тек 3 қана кедергіні жойғанын ескерсек, қалған 7-еуі бойынша жұмыс атқарылмай қала ма деген күдік туады», - деді ол.
  Талқылау барысында Кеңес мүшесі Ярали Халилов бұл мәселеде жүйеліліктің жоқтығына назар аударды.
«Сіздер 5, 10 кедергіні жоямыз деп жүргенде, әрбір мемлекеттік орган айына тағы да ондаған жаңа кедергілерді шығарады», - деді Кеңес мүшесі.
  Жиын қорытындысы бойынша Агенттікке алдын алу шараларын қабылдау және мемлекеттік органдардың жаңа кедергілердің пайда болуына жол бермеу тетігін әзірлеу керектігі ұсынылды.  width=