Қазақстанда азаматтар үшін «кредиттік рақымшылықты» ұзарту жоспарланып отырғаны туралы бірқатар БАҚ-тағы жарияланымдар журналистердің «Ашық деректер» порталында орналастырылған ҚР Үкіметі қаулысы жобасын дұрыс түсіндірмеуінен болды және ол шындыққа сәйкес келмейді, - деп хабарлады Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі баспасөз қызметі.
Мемлекет басшысының 2019 жылғы 26 маусымдағы «Қазақстан Республикасы азаматтарының борыш жүктемесін азайту шаралары туралы» Жарлығын (бұдан әрі – Жарлық) орындау үшін «Қазақстан Республикасы азаматтарының борыш жүктемесін азайтуға арналған қаражатты пайдаланудың кейбір мәселелері туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 15 шілдедегі қаулысы (бұдан әрі – Қаулы) қабылданғаны белгілі.
Қаулы бойынша борышты жабу мерзімі 2019 жылғы 13 желтоқсанға дейін белгіленген.
Қазақстан азаматтарының борыш жүктемесін азайту үш кезеңде жүргізілді. Бірінші кезеңде - 2019 жылдың қыркүйегінде 507,4 мың азаматтың жалпы сомасы 105,2 млрд теңгеге, екінші кезеңде 2019 жылғы желтоқсанда 46,9 мың азаматтың жалпы сомасы 9,8 млрд теңгені құрайтын борышына рақымшылық жасалды.
Жарлыққа қатысы бар адамдарды толық қамту мақсатында Министрлік 2020 жылдың сәуір айында жалпы сомасы 5,5 млрд теңгеге 23,4 мың азаматты үшінші кезеңде есептен шығарды.
Осыған байланысты Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 2020 жылдың І тоқсанында нақты жүргізілген жұмыстарды ескере отырып, есептен шығару мерзімін түзетуді көздейтін «Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 15 шілдедегі «Қазақстан Республикасы азаматтарының борыш жүктемесін азайтуға арналған қаражатты пайдаланудың кейбір мәселелері туралы» қаулысына өзгерістер енгізу туралы» Үкімет қаулысының жобасын әзірледі.
Бүгінгі күні берешекті есептен шығару бойынша барлық жұмыс аяқталды және оны қайта бастау болжанып отырған жоқ.