Тарихи ерекше маңызды күн
Тарихи ерекше маңызды күн

31 мамыр – Қазақстан Республикасы Президентінің 1997 жылғы 5 сәуірдегі Жарлығымен бекітілген саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні.

Бұл күн Қазақстан этностары үшін ерекше маңызды. Бүгін біз саяси қуғын-сүргіннің құрбаны болған, ұжымдастыру жылдарында аштықтан қаза тапқан адамдарды еске аламыз. 1921-1922 жылдары миллиондаған адамдардың өмірін қиған қатыгез аштықтың бірінші кезеңі өткеннен бері 100 жыл өтті. Екінші кезең –1930-33 жылдардағы ашаршылық. Ғалымдар атап өткендей, осы жылдары құрбандар саны 2 миллион 100 мың адамға жетті. Ашаршылықтың кесірінен елден қоныс аударған қазақтардың ұрпақтары сол қайғылы кезеңді ұмытқан емес. Иранда тұратын этникалық қазақ Мұса Уәлидің айтуынша, оның ата-бабалары 1930 жылдары Маңғыстау өңірінен Иранға кеткен. Қазір ол елде тұрып жатқан бес мыңға жуық қазақ — осыдан 80 жыл бұрын келген қазақтың ұрпақтары. Даниядан келген этникалық қазақ Акбар Аюби әлеуметтік желідегі парақшасында да ата-бабаларын туған өлкесінен кетуге итермелеген себептер туралы жазады. Ол сол жылдардағы оқиғалар туралы 1987 жылы Иранда 80 жасында қайтыс болған әжесінің әңгімелерінен біледі. Қазақстанда болған саяси қуғын-сүргіннің салдарынан елдің бостандығы мен тәуелсіздігін аңсаған жандар, отаршылдық саясатқа қарсы күрескен саясаткерлер мен патриоттар жапа шекті. Тарихи деректер бойынша, Қазақстанда 103 мыңнан астам адам қуғын-сүргінге ұшырап, 25 мыңнан астам адам атылған, олардың ішінде қазақстандық элитаның өкілдері: көрнекті ғылым, мәдениет, саясат қайраткерлері бар. 1937-1938 жылдары Т.Рысқұлов, Н.Нұрмақов, С. Ходжанов, У. Құлымбетов, О. Исаев, О. Жандосов, А. Досов, А. Асылбеков,  Ж. Сәдуақасов, С. Сафарбеков, Т. Жүргенов және басқалары «ұлтшыл» және тыңшылық жасады деп айыпталған. Саяси қуғын - сүргінге ұшыраған көрнекті мәдениет және ғылым қайраткерлері-Ә.Бөкейханов, А. Байтұрсынов, М. Дулатов, А. Ермеков, Х. Досмұхамедұлы, М. Тынышбайұлы, М. Жұмабай, С. Сейфуллин, І. Жансүгіров, Б. Майлин, С. Асфендияров, Ж. Шанин, К. Кемеңгеров және басқалар болды. 1937-38 жылдардағы ауқымды саяси қуғын-сүргін сан алуан этностардың мыңдаған өмірін құртты. Сталин режимі ешкімді аямады. Сол кезде дүнген этносының даңқты ұлы, тұңғыш интернационалист жауынгер, азамат соғысының батыры, Интернационалдың III конгресінің делегаты, Түркістан ОСК мүшесі, дүнген кавалерия полкінің командирі, қазақстандықтардың үздік өмірі үшін күрескен он революционер-балуандардың бірі Мағазы Масанчи НКВД зынданына қамалды. Тұтқындалғанға дейін Қазақ КСР Әкімшілік-шаруашылық басқармасын басқарды. 1938 жылы 3 наурызда Мағазы Масанчи ату жазасына кесіледі. 1938 жылы мамыр айында  "халық жауы" деп атылды. 1956 жылы ол тағылған айыптан ақталды. Тоталитарлық жүйенің бүкіл салмағын Қазақстанға қоныс аударған миллиондаған азаматтар да сезді, этникалық топтың өкілдері тұтқындалды. Статистикаға сәйкес, Қазақстанға 800 мың неміс, 102 мың поляк, 19 мың кәріс отбасы, 507 мың Солтүстік Кавказ елдерінің өкілдері жер аударды. Елімізге өз еріктерінен тыс Крым татарлары, түріктер, гректер, қалмақтар, кәрістер, финдер, немістер, поляктар, күрдтер мен қарашайлар, месхеттік түріктер мен өзге де этнос өкілдері келді. Үздіксіз жалғасқан саяси науқандар мен қуғын-сүргіннен есін жия алмай жатқанына қарамастан, қазақ халқы, тағдырдың тәлкегіне түскен барша ұлыстарды бауырына басты. Қазақ халқының төзімділігі мен жанашырлығы көптеген адамдарға қиын уақытта аман қалуға көмектесті.Тоталитаризмнен зардап шеккен көптеген этнос өкілдері үшін қазақ жері құтты мекенге айналды. Кеңес Одағының Екі мәрте Батыры, ұшқыш-ғарышкер Владимир Шаталов былай деп жазады: «Шын жүректен, өмір бойы Қазақстан жеріне ризамын. Қиын соғыс жылдарында қазақ халқы маған туған ұлы ретінде қамқор болды». Бүгін де республиканың әртүрлі өңірлерінде орнатылған  «Қазақ халқына – мың алғыс» монументтері өткен ғасырдың зобалаң жылдары түрлі этнос өкілдерін бауырына басқан қазақ халқының мейірімділігін бейнелейді.  Біз, дүнгендер, депортацияланған этнос болып есептелмейміз. Бірақ  тарихи оқиғаларға байланысты менің ата-бабаларым қазақ жерінен пана іздеуге мәжбүр болды. Қиын кезеңде дүнгендердің аман қалуына қазақ халқының төзімділігі  мен жанашырлығы көмектесті. Қордай ауданының Масанчи ауылында дүнген этносы орнатқан «Қиын жылдары қолын созған Ұлы қазақ халқына дүнген бауырларынан» атты монументі бар. Ащы тарихымызды білмеу — Тәуелсіздік қадірін түсінбеумен пара-пар. Біздің борышымыз – осы қанқұйлы жылдардың оқиғасын, саяси репрессияның  жазықсыз құрбаны болған азаматтардың есімдерін ұмытпау, оларды мәңгі есте сақтау. Бүгінде Қазақстан аумағында көптеген депортацияланған этностардың ұрпақтары бейбіт өмір сүруде. Олардың жүректері бала кезінен аға ұрпақ өсірген қазақ халқына деген ризашылыққа толы. Тәуелсіздік жылдары бойы  Ұлы Дала тарихын және оның этностарының бекзаттығын әрдайым есте сақтайтын, алдына қойылған барлық мақсаттарға қол жеткізе алатын ұрпақ өсіп, елі үшін, жері үшін еңбек етуде.

Ілияс Буларов, Қазақстан Республикасы  Парламенті Мәжілісінің депутаты