СҚО-да бір үйдің екі баласы суға батып кетті
СҚО-да бір үйдің екі баласы суға батып кетті
5,116
оқылды
Солтүстік Қазақстан облысында отбасымен демалуға барған бір үйдің екі баласы суға кетті, - деп хабарлады облыстық Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметі. 31 мамыр күні Шал ақын ауданы Мерген ауылының маңындағы қазаншұңқырда екі бала суға кетті. Ата-анасының айтуынша, олар бес баласымен көлшікке сағат 13.00 шамасында келген. Қастарында 11 және 9 жастағы қыз бен ұлы, 2 жастан асқан және биыл туған сәбилер, сондай-ақ асырап алған 2012 жылы туған бала болған. Қазаншұңқырдың жанына келісімен отбасы палатка құрған. Бір мезет балалардың әке-шешесі емшектегі сәбимен палаткаға кірген. Үш жасөспірімнің екеуі – 2009 жылғы ұл бала және 2011 жылғы қыз бала екен.
«Көлшіктің бір бөлігі терең емес, су тізеден келеді. Екінші бөлігінде тереңдігі 3 метрге дейін жетеді. Палаткадан шыққан ер адам жағадан екі метрдей жерде суда жүзіп жүрген ер баланың денесін көрген. Алып шығып, қызды іздей бастаған. Бірден аудандық полиция бөлімшесіне, құтқару қызметіне хабарласқан. Оқиға орнына балалар оқыған мектептің директоры жеткен. Қыздың денесін таба алмағандықтан, Петропавлдан құтқарушы-сүңгуірлер отрядын шақыртты, алайда, жергілікті мамандар мен ауыл тұрғындары жасөспірімнің денесін олар келгенше екі метр тереңдіктен өздері алып шықты», - дейді СҚО ТЖД бастығының орынбасары Мұрат Қанғожинов.
Балалардың мерт болуына не себеп болғаны тексерілетін болады.
«Балалар суға кеткен кезде әке-шешесі палаткада болған. Оқиға орнында болған полицейлер жасөспірімдердің денесінен зорлық белгілерін тапқан жоқ, дегенмен сот-медициналық сараптаманың қорытындысын күтеміз», - дейді Мұрат Қанғожинов.