Жантүршігерлік оқиға Целиноград ауданының Приречное ауылында орын алды. Ішімдікке сылқия тойған әке баласымен жанжалдасып ақыры өз ұлына пышақ салған, деп хабарлайды Aikyn.kz порталының тілшісі. Отбасындағы сұмдық жағдайды 30 мамыр күні Целиноград аудандық полиция бөліміне 63 жастағы әйел хабарлаған. Оның айтуынша, жұбайы туған ұлына пышақ салып алған.
«Оқиға орнына дереу жеткен полиция қызметкерлері 64 жастағы ер адамның алкогольді ішімдік ішкеннен кейін ұлымен жанжалдасқанын анықтаған. Қызбақанды әке 30 жастағы ұлының сол жақ қолтығының астына пышақ салған. Жігіт бірден ауруханаға жеткізілген. Ер адам өзінің айыбын толығымен мойындады. Заттай деректердің барлығы тәркіленіп алынды», - дейді Ақмола облысы полиция департаментінің баспасөз қызметінің жетекшісі Гүлнәр Пинчук.Қазіргі уақытта қылмыстық кодекстің 106 бабының 1 тармағы «Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру» бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталған.
Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, Ақмола облысы