Бала тісін тегін емдейді
Бала тісін тегін емдейді
189
оқылды

Қазақстанда 18 жасқа дейінгі барлық баланың медициналық сақтандыру шығынын мемлекет көтереді. Бұл – ел басшылығының жас ұрпаққа деген қамқорлығы. Бүгінде елде 6 млн 549 мың бала МӘМС жүйесінде сақтандырылған. Олар қандай медкөмектерді тегін ала алатыны анықталды.

Әрбір бала үшін мемлекет ай сайын медсақтандыру қорына 2  989 теңгеден жарна төлейді. Биыл нәрестелердің психо­фи­зикалық дамуын бағалау және неонаталдық скринингтер өткізуге қосымша қа­ра­жат бөлінді. 2021 жылы МӘМС жүйесінде туғаннан бастап 5 жасқа дейінгі балаларды профи­лак­­тикалық тексеруге 12 млрд тең­ге шығындалмақ. Қаңтар-сәуір айларында балаларға 3,6 млрд теңгеге скринингтік зерттеу жүр­гізілді. Жалпы, ауруларды және даму бұзылыстарын уақы­тылы анықтау үшін профтек­серулермен 4,4 млн бала, скри­нингтермен 900 мыңнан астам бала қамтылды. Көпшілік біле бермейді, МӘМС жүйесі 18 жасқа дейінгі балаларға тістерін шұғыл түрде де, жоспарлы түрде де емдеуге мүм­кіндік береді. Бұл жағдайда олар стоматологиялық көмектің келесі түрлерін ала алады: тісті жансыз­дандыру және жұлу, пломба салу, абсцестерді ашу, пульпит, перио­донтитті емдеу, гипоплазия, флюо­роз кезінде тістің ана­то­миялық пішінін толық функ­ционалдық қалпына келтіру, еріндер мен тілдердің пластикасы, рентге­нография. Жақ-бет ай­мағының туа біткен пато­ло­гия­лары және таң­дайдың бөлінуі (жырық таңдай) болған кезде ортодонтиялық қызметтер тегін көрсетілуі тиіс. «Балаңызға тіс дәрігерінің көмегі қажет болса, онда өз ем­ханаңызға да, қордың әлеуетті жет­кізушісі болып табылатын жеке стоматологияға да жүгіне аласыз. Олардың тізімін fms.kz сайтынан, «медициналық қыз­меттерді сатып алу» бө­ліміндегі «КДУ қызметін жеткізушілер» тізімінен көруге болады» деп хабарлады қор. 2021 жылы балаларға туа біткен патологиялар кезінде ор­тодон­тиялық көмек көрсету үшін – 3,5млрд, жоспарлы түрде стома­тология қызметтері үшін – 14,2 млрд теңгеден астам қаржы бағытталды. Осы жылдың 4 айында балаларға 7,3 млрд теңгеге стома­тологиялық қызмет көр­сетілді.  

Елдос СЕНБАЙ