Қазақстанда 18 жасқа дейінгі барлық баланың медициналық сақтандыру шығынын мемлекет көтереді. Бұл – ел басшылығының жас ұрпаққа деген қамқорлығы. Бүгінде елде 6 млн 549 мың бала МӘМС жүйесінде сақтандырылған. Олар қандай медкөмектерді тегін ала алатыны анықталды.
Әрбір бала үшін мемлекет ай сайын медсақтандыру қорына 2 989 теңгеден жарна төлейді. Биыл нәрестелердің психофизикалық дамуын бағалау және неонаталдық скринингтер өткізуге қосымша қаражат бөлінді. 2021 жылы МӘМС жүйесінде туғаннан бастап 5 жасқа дейінгі балаларды профилактикалық тексеруге 12 млрд теңге шығындалмақ. Қаңтар-сәуір айларында балаларға 3,6 млрд теңгеге скринингтік зерттеу жүргізілді. Жалпы, ауруларды және даму бұзылыстарын уақытылы анықтау үшін профтексерулермен 4,4 млн бала, скринингтермен 900 мыңнан астам бала қамтылды. Көпшілік біле бермейді, МӘМС жүйесі 18 жасқа дейінгі балаларға тістерін шұғыл түрде де, жоспарлы түрде де емдеуге мүмкіндік береді. Бұл жағдайда олар стоматологиялық көмектің келесі түрлерін ала алады: тісті жансыздандыру және жұлу, пломба салу, абсцестерді ашу, пульпит, периодонтитті емдеу, гипоплазия, флюороз кезінде тістің анатомиялық пішінін толық функционалдық қалпына келтіру, еріндер мен тілдердің пластикасы, рентгенография. Жақ-бет аймағының туа біткен патологиялары және таңдайдың бөлінуі (жырық таңдай) болған кезде ортодонтиялық қызметтер тегін көрсетілуі тиіс. «Балаңызға тіс дәрігерінің көмегі қажет болса, онда өз емханаңызға да, қордың әлеуетті жеткізушісі болып табылатын жеке стоматологияға да жүгіне аласыз. Олардың тізімін fms.kz сайтынан, «медициналық қызметтерді сатып алу» бөліміндегі «КДУ қызметін жеткізушілер» тізімінен көруге болады» деп хабарлады қор. 2021 жылы балаларға туа біткен патологиялар кезінде ортодонтиялық көмек көрсету үшін – 3,5млрд, жоспарлы түрде стоматология қызметтері үшін – 14,2 млрд теңгеден астам қаржы бағытталды. Осы жылдың 4 айында балаларға 7,3 млрд теңгеге стоматологиялық қызмет көрсетілді.Елдос СЕНБАЙ