Маңғыстауда алғаш рет құс фабрикасы ашылды
Маңғыстауда алғаш рет құс фабрикасы ашылды

Импорт алмастырудың төте жолы – инвестициялық жобаларды қолдау.

Биыл мал және құс еті өнімдерінің импортын алмастыру және қайта өңдеу кәсіпорындарының қуатын арттыруға байланысты Ауыл шаруашылығы министрлігі жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, кәсіпорындар салу және жаңғырту бойынша бірқатар инвестициялық жобаны іске асыруды қолға алды. Жуырда сондай жобалардың бірі Маңғыстауда жүзеге асты. Сөйтіп, облыста алғаш рет құс фабрикасы жұмыс істей бастады.

Ауыл шаруашылығы министрлігі Мал шаруашылығы өнімдерін өндіру және қайта өңдеу департаментінің директоры Еркебұлан Ахметов биыл еліміздің түкпір-түкпірінде бірқатар зауыт іске қсоылатынын айтқан-ды. «Өндірістік қуаты жылына 41,3 мың тонна болатын етті бағыттағы 9 құс фабрикасы, жылына 172 млн дана тағамдық жұмыртқа шығаратын 4 құс фабрикасы, жылына 125 мың тоннадан астам  құрама жем шығаратын 5 кәсіпорын, 97,7 мың тонна сүтті өңдейтін кәсіпорын, жылына 45 мың тонна ет өнімдерін өндіре алатын 3 ет комбинаты толық қуатта іске қосылады», – деді департамент директоры. Ал 725 мыңға жуық халқы бар Маңғыстау облысында ашылған фабрика осы күнге дейін тауық етін өзге аймақтар мен шетелдерден тасымалдап келген өңір үшін маңызды кәсіпорын. Облыс тұрғындары орташа есеппен жылына 11,5 мың тонна тауық етін тұтынатынын ескерсек, аймақта құс етін өн­діретін кәсіпорын ашу өте қажет еді. Жергілікті атқарушы органдардың бастамасымен осы жылдың көктемінде облыста бройлер тауығын өндіретін алғашқы ірі құс фабрикасы іске қосылды. Айта кетейік, биыл сәуір айында Маңғыстауға Ресейден 38 500 инкубациялық жұмыртқа әкелініп, құс фабрикасы жанындағы инкубаторға жұмыртқалардың алғашқы партиясы салынды. Сол мөлшердегі екінші партия инкубаторға 16 күннен кейін тағы салынды. Осылайша, бройлер тұқымының алғашқы балапандары сәуір айының соңында басылып шықты. Өсіп, жетілген бройлер тауығының алғашқы партиясы 28 мамырда сою цехына жіберілді. Дайын салқындатылған өнім маусым айының соңында «Каспий құсы» брендімен аймақтың дүкен сөрелеріне шығатынын айтады құс фабрикасының басшысы Данияр Тұрғынов. «Дайын өнімнің орташа салмағы шамамен 1,5-2 келі болады. Ал бір келісі 1 200 теңге. Мұздатылған еттің басты ерекшелігі – ол бойындағы барлық пайдалы дәруменді, микро және макроэлементтерді толық сақтайды. Біз тауық етін шығарғаннан бастап тұтынушыға жеткенге дейінгі сапасын бақылаймыз. Ал білікті мамандарымыз сақтау мерзімін және температуралық режимін қатаң қадағалайды», – дейді фабрика басшысы. «Ақтау Агро» кешенінің өзі 3 алаңнан тұрады: инкубатор, 30 мыңнан астам құсқа арналған 16 қора және сағатына 2 мың құс союға қауқарлы цех. Бүгінде кәсіпорын бройлерді өсіруге қажет барлық жабдықтармен жарақталған. Оның ішінде өнімді жіті бақылайтын ветеринарлық зертхана да бар. Жобаның құны – 5,1 млрд теңге. Бұл соманың 30%-ы отандық инвесторлардың қаражаты. Ал 70%-ын «Аграрлық несие кор­порациясы» қаржыландырды. «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ бұл жобаны 2018 жылғы шілде айында «Агроэкспорт» бағдарламасы бойынша қаржыландыру туралы шешім қабылдап, 1 млрд 390 млн теңге несиені 8%-бен берген. 2020 жылы жоба қайта қаралып, қосымша құс қораларын, мал сою цехын және құрама жем зауытын салу туралы шешімге келді. Мұндай бастамалар аймақтың дамуына оң әсер ететіні сөзсіз. Сондай-ақ қосымша жаңа жұмыс орындары ашылады», – дейді «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ Маңғыстау фи­лиалы­ның бас маманы Шахрияр Джафарзаде. Құс фабрикасымен қатар, Мұнайлы ауданында сағатына 10 мың тонна құрама жем шығаратын зауыт іске қосылды. Бұл өндіріс тек құс фермасына ғана емес, жергілікті шаруашылықтар үшін де мал азығын дайындайды. Маңғыстау облысында осы құс фабрикасы сияқты ірі инвестициялық жобалардың іске қосылуы – өңір агроөнеркәсіп кешені саласының дамуға бет алғанының көрінісі.  Мұны экономикалық емес, әлеуметтік тұрғыда да ұтымды шешім деп бағалау керек. Өйткені халық арасында тауық етіне сұраныс жоғары. Тағы бір маңызды жайт – бұл импорт емес, жергілікті, отандық өнім. «Ақтау Агро» ЖШС директоры Данияр Тұрғыновтың айтуынша, құс шаруашылығы кешенін  іске қосқаннан кейін жүзге тарта жұмыс орны ашылған. Ал  Саин Шапағатов ауылының тұрғыны Мұстахина Макулова жаңа зауыттың бірқатар азаматқа жұмыс тауып бергенін айтады. «Барлығымыз арнайы оқытудан өттік. Мұнда жұмысшылар үшін барлық жағдай жасалған. Көлікпен тасымалдау, асхана мен жатақхана бар. Біздің өңірде осындай өндірістердің көп болғанын қалаймыз», – дейді М.Макулова. Кәсіпорын директорының айтуынша, Маңғыстау облысының атқарушы органдары жобаны жүзеге асыруда үлкен қолдау көр­сеткен. Құс фабрикасының инфра­құрылымы жергілікті бюджет қаржысына салынды. Бұл мақсатқа 1 млрд теңгеден астам қаржы бөлінген.