1995 жыл: ел дамуындағы бетбұрыс кезең
1995 жыл: ел дамуындағы бетбұрыс кезең
211
оқылды

Тәуелсіз еліміз үшін бұл жыл да саяси-әлеуметтік айтулы оқиғаға толы болды. Шаңырағы ортасына түскен Кеңестің құрығынан құтылғанымызбен, жас мемлекетіміз керегесі әлі бекіп бола қоймаған, нарықтық экономиканың жаңаша лебі есе бастаған. Халық шаруашылығы аяғынан тәй-тәйлап тұрып келе жатты... Қос бүйірден қысқан қымбатшылық, тұрмыстағы қиындықтар, инфляция, тағы басқа ауырт­палықтарды жұрт басынан өткерді. Оның үстіне ішкі-сыртқы жат пиғылдар да әлсін-әлсін бас көтеріп қоятын. Әйтеуір, «Көппен көрген ұлы той» демекші, ел ертеңіне деген сенім күшті, үміт үлкен. Енді осы оқиғалардың бәрін хронологиялық ретпен баяндап берейік.

Жыл басы

1995 жылдың алғашқы күндері республика Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына жаңажылдық үндеуі жарияланған. Бұл үндеуде Елбасы: «1994 жыл Қазақстанда азаматтық келісім мен тыныштық жағдайында өтті. Өмір біздің ұзақ жылдар бойы қалыптасқан жарастығымызды талай рет сын тезіне салды. Жа­растығымызды шайқағысы келген кейбір топтардың жы­мысқы әре­кеттерінен түк шыққан жоқ. Ха­лық «Ырыс соңы – ынтымақ еке­нін» жанымен түсініп, олардың соңынан ермеді. Қайта елдің ең басты байлығы – тыныштық еке­нін сезінген халық бір-біріне одан сайын жақындай түсіп, ынты­маққа, бірлікке қарай бет алды деп лебізін білдірді.

Абай жылы

1995 жыл – Қазақстанда Абай жылы болып жарияланды. Со­нымен қатар Елбасы  Нұрсұлтан Назарбаевтың ұсынысы бойынша ЮНЕСКО Абайдың 150 жыл­дығын әлемдік деңгейде атап өтуді ұйғарды. Сөйтіп, тәуелсіздіктің арқасында 70 жылдық отаршы­лықтың қалың тұманымен тұм­шаланған қазақ елі Ұлы хакімімен қайта қауышты, оның ғибрат­тарымен жан-жақты сусындауға қол жеткізді. Алаш қайраткерлері ХХ ғасыр басында-ақ Абайды отаршы­лықтың алғашқы құрбаны деп таныған. Ал енді осы ақиқаттың еліміз тәуелсіздік алған кезеңде ғана мойындалуы көп нәрсені аңғартса керек. Бұл ұлттық са­наның дүр сілкінісінің бір көрінісі болатын. Алматыда Республика са­райында Абайдың 150 жылдығына орай өткен салтанатта Елбасы: «Бүгін  – ұлы мереке. Халқымыз ең аяулы перзенті мен ең дана ұстазына мәңгі өшпес махаббатын білдіруге жиналып отыр. Оның дүниеге келгеніне әр он жыл тол­ған сайын осылай бас қосып, өткеніміз бен кеткенімізді, жет­кеніміз бен жетпегенімізді бір сарапқа салып алу әлдеқашан әдетімізге айналған. Соның әр­қайсысында Абайдың аты жаңа­ша асқақтап, халқымыздың мәр­тебе-мерейі жаңа биікке кө­те­рілумен келеді. Бір кезде абзал ақы­ны­мыздың асыл мұрасының таптық идеология табанында тапталып қалмай, жаңа ұрпақ­тармен бірге жасайтын мәңгілік құбылысқа айналғанына қуан­дық. Сосын оның қадір-қасие­тінің өз аума­ғымызбен шектеліп қалмай, ір­гелес ха­лықтар мен елдерге де кеңінен танымал бола бастағанына масаттанып, мар­қайдық. Ал бұл жолғы сүйініші­міздің жөні тіпті бөлек. Ол үшін бір-бірімізді қуана құттықтап, бір-бірімізден шүйліге сүйінші сұрасақ та ешқандай ерсілігі болмас еді. Абайдың «Бі­ріңді қазақ, бірің дос, көрмесең істің бәрі бос» деген сөздері шын мә­нінде ұлт болып ұйы­суы­мыз­дың негізгі шарты. Өз хал­қы­мыздың мүддесі үшін күресте достық, татулық, бірлік керек пе? Керек. Ендеше Абай сөзін те­реңірек ұғынып, онымен өзге­лерді ұялтуға емес, өзімізді-өзіміз ұялтуға ты­рысайық», – деді Пре­зидент Н.На­зарбаев салта­натты мәжі­лісте жасаған баян­дамасында.

Басқа жұрттарда баламасы жоқ – Ассамблея

Тәуелсіз Қазақстанның ал­ғашқы жылдары қоғамдық өмірде көптеген өзгеріс жүріп жатты. Қазақстанның 1-ха­лықтар дос­тығы форумында Президент Н.На­­зарбаев осы форумды тұрақты түрде өткізіп тұру керегі туралы идеясын айтқан болатын. Ал 1995 жылғы 1 нау­рызда республиканың қо­ғамдық-саяси сахнасында жаңа институт – Қазақстан халқы Ассамблеясы пайда болды. Айта кетейік, мұндай ұйым әлемнің бірде-бір мемлекетінде жоқ. Елбасы Н.Назарбаев «Ға­сырлар тоғысында» кітабында ол туралы: «Ассамблея – ең бір қиын күндерде шын мәніндегі халық өкілеттілігінің органы бол­ды. Ассамблеяға Мемлекет бас­шы­сының жанындағы консуль­тативті-кеңесші орган дәрежесін беруге ұйғардық. Қазақстан ха­лықтарының нақты мәселелерін шешу осынау шынайы халықтық, демократияшыл ұйымның беделін өсірді» деп жазады. 1995 жыл Оның мақсаты – қоғамдық тұрақтылық пен ұлтаралық тату­лықты нығайту болды. 1995 жыл­ғы 24 наурызда Қазақстан халқы Ассамблеясының сессиясы ашылды. Сөйтіп, Қазақстан халқының Ассамблеясы – бұл Қазақстанның кереметтей саяси жаңашыл­дығының үлгісі. Қазір Консти­туция мен  Қазақстан халқы Ассамблеясы тек уақыт өлшемімен құралпас ғана емес, ол – тұрақ­тылықтың, жетілу мен гүлденудің басты құндылығына айналды. Этникааралық салада мемлекеттік саясат «Бірлік – көптүрлілікте» принципіне негізделген.

Парламент неге  тарқады?

Осы жылдың наурыз айында еліміздің одан арғы дамуына ық­пал ететін саяси оқиға орын алды. Наурыздың 11-інде аза­матша Т.Квятковскаяның талабы бойын­ша Конституциялық сот Жоғарғы Кеңестің өкілеттігін тоқтатты. Сөйтіп, «дауыс санау кезінде жі­берген қателіктері үшін» Жоғарғы Кеңестің екінші құрамы заңсыз деп танылды. Сол күні кешкілік Президент қазақстандық және шетелдік журналистерге арнап өткізген бас­пасөз конференциясында респуб­ликада тек Парламент дағдары­сының орын алып отыр­ғанын мәлімдеді. Сонымен қоса сол Пар­ламент бекіткен Үкімет те бүкіл құрамымен орнынан түсіп, Парла­мент сайлауын өткізген Орталық сайлау комиссиясы таратылды. Ол тарқатылғаннан кейін жаңа Пар­ламент сай­лан­ғанша Президент мемлекеттің заң шығару және атқару функ­ция­ларының бәрін уақытша өз қолына алды.

Референдум Президенттің өкілеттілігін ұзартты

29 сәуірде бүкілхалықтық референдум ұйымдастырылып, Президент өкілеттігі 2000 жылға дейін ұзартылды. «Әрбір саясаткер үшін оның өмірінің «шырқау сәті» болады. Мен үшін ол сәуірдің 29-ы күні. Мен өзінің байсалды таңдауы арқылы біздің ортақ Отанымызға таяудағы бес жылдың ішінде тұрақтылық пен жасампаздыққа мүмкіндік туғызған миллиондаған қазақстандықтарға өзімнің шы­найы алғысымды білдіргім келеді. Олар қажетсіз дүрбелең мен ауыр қиындықтарға батыл тойтарыс берді. Сіздердің сенімдеріңіз мен үшін үлкен сыйлық және  Мем­лекет басшысы үшін одан жоғары ештеңе де жоқ. Әсіресе, белгілі себептер бойынша Қа­зақстанда ғана емес, сонымен бірге ТМД-ның басқа да елдерін қамтыған дағдарыстың біз өткізіп отырған қиын кезеңде мені қол­даған­дарыңыз өте маңызды. Халық даналығына сай сіздер өткінші, бірсәттік және уақытша олқы­лықтардан туындайтын себеп­терден биік бола біл­діңіздер», – деді Бүкілхалықтық референ­думнан кейінгі сөйлеген сөзінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев.

Қасым Қайсеновке «Халық қаһарманы» атағы берілді

ТМД елдері арасындағы уағдаластық бойынша Екінші дүниежүзілік соғыстағы Жеңістің 50 жылдық торқалы тойын ортақ мерекелеу ұйғарылған. 26 сәуірде Елбасы майдангер-ардагерлердің бір тобын мемлекеттік награ­далармен марапаттау туралы Жар­лыққа қол қойды. Олардың ішінде аты аңызға айналған партизан-жазушы Қасым Қайсеновке «Ха­лық Қаһарманы» атағы беріліп, «Алтын жұлдыз» белгісі тапсы­рылды. Оған жерлесіміздің соғыс жыл­дарындағы ерлігінің еске­рілмеуі себеп болды, бұл жылы осы олқылықтың орны толты­рылған болатын. Жалпы, Екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі көп­теген ақтаңдақтардың беті бұ­дан кейінгі жылдары да ашыла берген болатын.

Ядролық қару жойылды

Ядролық қарудан бас тарту мәселесі –  барлық қазіргі  за­манның    ең   күрделі мәселесінің бірі болып табылады. Ядролық қару – жалпыадамзаттың соры десек, ядролық полигондар – ХХ ғасырдағы ең ауыр қасіреті болды. Өйткені атомдық ядролық жарылыстар бүкіл бір аймақтың қоршаған ортасы мен табиғи генофонына, адамдардың геніне әсер етіп, қалыпты мөлшерден әлдеқайда жоғары радиоактивті заттар мен рентген сәулелері тір­шілік атаулыға қауіп-қатер әкеліп, өте зиянды радио­нук­лидтер тірі клеткаларға генети­калық өз­герістер туғызатыны бәрімізгі белгілі.

Алаш қайраткерлері ХХ ғасыр басында-ақ Абайды отаршы­лықтың алғашқы құрбаны деп таныған. Ал енді осы ақиқаттың еліміз тәуелсіздік алған кезеңде ғана мойындалуы көп нәрсені аңғартса керек. Бұл ұлттық са­наның дүр сілкінісінің бір көрінісі болатын.

Әлемде 2025 сынақ жүргізілген қазақ халқындай азап шеккен бірде-бір  халық болмағанын айтсақ артық болмас. Атышулы Семей полигонында 500-ге жуық атом, сутегі бомбасы сыналып, олардың саны барлық сынақ­тардың  төрттен бірін құраған, ал қауқары жағынан  Хиросима мен Нагасакидегі жарылыстардан 40 мың есе асып түскенін Ресейдің ресми мәліметі жобалайды. Қазақ  топырағында түрінен адам қор­қатын құбыжық нәрестелер дү­ниеге келе бастады. Әлемнің көп­теген аймақтарында ересектер ауруы мен балалар өлімінің саны көбейіп, жалпы өмір сүру жа­сының ұзақтығы қысқарды. Сол кездегі белгілі оқымыстылар мен саясатшылардың, қоғам қай­рат­керлері мен ғалымдардың пі­кір­лері бойынша экологиялық жағ­дай күрделі нүктесіне, ең жоғары деңгейіне жеткен. Сон­дықтан ядролық мәселе көте­рілгенде Қазақстан мемлекеті бейжай қа­рай алмады. Оның дәлелі ретінде мемлекетіміз ерікті түрде әлемдегі төртінші орында тұрған ядролық арсеналдан бас тартып, мем­ле­кетіміз әлемдегі көлемі жағынан екінші орында тұрған Семей ядролық полигонын жапты. Бұл  әлем үшін мәні мен мағынасы зор үлкен маңызды тарихи оқиға болды. Сөйтіп, 1995 жылғы мамыр айының соңына қарай Қазақстан аймағындағы ядролық қару толық жойылды немесе әкетілді, бал­листикалық зымырандардың шах­тадағы қондырғылары да жойылды. Осылайша, кеңестік ядролық қаруды мұраға алған, ел алдындағы аса күрделі міндетті – бүкіл әлемнің мүддесіне сәйкес және ұлттық қауіпсіздікке еш­қандай нұқсан келтірмей шешілді.

Қазақ-түрік университетінің іргетасы қаланды

12 маусымда Президент Н.На­зарбаев Алматыда Түркия Рес­публикасының Президенті С.Де­мирельді қабылдады. Мау­сымның 14-і күні Нұрсұлтан Назарбаев пен Сүлеймен Деми­рель Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи­дің кесенесін қалпына келтіру жұмыстарымен танысты. Бұдан кейін олар Қожа Ахмет Ясауи атындағы халық­аралық қазақ-түрік университетінің жаңа ғима­ратының іргетасын қалау рәсіміне қатысты. Өз кезегінде С.Демирель осы жоғары оқу орнында Қа­зақстан мен Түркияның ғана емес, сонымен қатар Орталық Азия мемлекеттерінің, басқа да түркітілдес елдердің жастары оқитынын атап өтті.

Жаңа Конституция қабылданды

1995 жылы 30 тамызда рес­публикалық референдум өткізіліп, қазіргі қолданыстағы Қазақстан Республикасының Консти­ту­циясы қабылданды. Референ­думда президенттік басқару жү­йесін таңдап, елдің унитарлық, демократиялық, зайырлы, құ­қықтық және әлеуметтік мемлекет болуын жақтап дауыс берді. «Бүгінде біздің еліміз 1995 жылғы Конституция бойынша өмір сүреді. Ол қабылданғаннан кейін Қазақстан өзінің одан әрі даму жолын түпкілікті таңдап алды. Бүкілхалықтық референ­думда қабылданған осы Негізгі Заң, шын мәнінде қоғамдық келісімге айналды, сол бойынша үкімет Қазақстанды демокра­тиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекетке айнал­дыруды өзіне басты міндет етіп алды, ал азаматтар Конституцияны және еліміздің заңдарын бұл­жытпай орындауға жауап­кер­шілікті өз мойындарына алды. Осын­дай өзара міндеткерлік қоғам мемлекеттің одан әрі нә­тижелі дамуына тиянақты негіз қалыптастырады және біздің болашаққа сеніммен қарауымызға мүмкіндік береді» деп жазады Елбасы Н.Назарбаев «Қазақстан жолы» атты кітабында. Тәуелсіздік жылдарындағы жаңару реформаларының ең басты қадамы ел Консти­туция­сының жаңғыруынан бастау алды.

Астана ауысты

1995 жылғы 15 қыркүйекте «Қа­зақстан Республикасы ас­танасы туралы»  Президент Жар­лығы шықты. Ақмола – рес­публиканың негізгі аумағына қарағанда оның орта тұсында, Қазақстанның географиялық кіндігіне жақын орналасқан. Көптеген өлшемдер негізделіп жүргізілген талдау бойынша (әлеуметтік-экономикалық көр­сеткіштер, климат, ландшафт, қоршаған ортасы, инженерлік және көліктік инфрақұрылым және басқалары) осы таңдаудың негізді екенін көрсетіп берді. Астананы Ақмолаға көшіру, сая­си, экономикалық тұрғыдан және жалпы алғанда біздің мемле­кетімізді дамыту бола­ша­ғының тұрғысынан алғанда да әбден орынды деген мамандардың тал­дауы жаңа жобаның жарқын болашағын айқындады. Бір сөз­бен айтқанда, астананы Ақ­молаға көшіру мемлекетіміздің тәуел­сіздігін нығайтудағы алғы­шарт­тың бірі болды. Осы тоқ­тамнан кейін қалың Қазақ елі көш көлігін қамдап, ұлы көштің басын Арқаға қарай түзей бастады.

Жыл қорытындысы

1995 жылғы 16 желтоқсанда тәуелсіздік күніне арналған сал­танатты жиында Елбасы рефор­маның бірінші кезеңінің алдын ала қорытындыларын жасады. Іс жүзінде бір қаржылық жылда Қазақстан гиперинфляция сияқ­ты қатерлі экономикалық сы­нақтан өте алды.

Дәулет АСАУ