Тәуелсіз еліміз үшін бұл жыл да саяси-әлеуметтік айтулы оқиғаға толы болды. Шаңырағы ортасына түскен Кеңестің құрығынан құтылғанымызбен, жас мемлекетіміз керегесі әлі бекіп бола қоймаған, нарықтық экономиканың жаңаша лебі есе бастаған. Халық шаруашылығы аяғынан тәй-тәйлап тұрып келе жатты... Қос бүйірден қысқан қымбатшылық, тұрмыстағы қиындықтар, инфляция, тағы басқа ауыртпалықтарды жұрт басынан өткерді. Оның үстіне ішкі-сыртқы жат пиғылдар да әлсін-әлсін бас көтеріп қоятын. Әйтеуір, «Көппен көрген ұлы той» демекші, ел ертеңіне деген сенім күшті, үміт үлкен. Енді осы оқиғалардың бәрін хронологиялық ретпен баяндап берейік.
Жыл басы
1995 жылдың алғашқы күндері республика Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына жаңажылдық үндеуі жарияланған. Бұл үндеуде Елбасы: «1994 жыл Қазақстанда азаматтық келісім мен тыныштық жағдайында өтті. Өмір біздің ұзақ жылдар бойы қалыптасқан жарастығымызды талай рет сын тезіне салды. Жарастығымызды шайқағысы келген кейбір топтардың жымысқы әрекеттерінен түк шыққан жоқ. Халық «Ырыс соңы – ынтымақ екенін» жанымен түсініп, олардың соңынан ермеді. Қайта елдің ең басты байлығы – тыныштық екенін сезінген халық бір-біріне одан сайын жақындай түсіп, ынтымаққа, бірлікке қарай бет алды деп лебізін білдірді.Абай жылы
1995 жыл – Қазақстанда Абай жылы болып жарияланды. Сонымен қатар Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ұсынысы бойынша ЮНЕСКО Абайдың 150 жылдығын әлемдік деңгейде атап өтуді ұйғарды. Сөйтіп, тәуелсіздіктің арқасында 70 жылдық отаршылықтың қалың тұманымен тұмшаланған қазақ елі Ұлы хакімімен қайта қауышты, оның ғибраттарымен жан-жақты сусындауға қол жеткізді. Алаш қайраткерлері ХХ ғасыр басында-ақ Абайды отаршылықтың алғашқы құрбаны деп таныған. Ал енді осы ақиқаттың еліміз тәуелсіздік алған кезеңде ғана мойындалуы көп нәрсені аңғартса керек. Бұл ұлттық сананың дүр сілкінісінің бір көрінісі болатын. Алматыда Республика сарайында Абайдың 150 жылдығына орай өткен салтанатта Елбасы: «Бүгін – ұлы мереке. Халқымыз ең аяулы перзенті мен ең дана ұстазына мәңгі өшпес махаббатын білдіруге жиналып отыр. Оның дүниеге келгеніне әр он жыл толған сайын осылай бас қосып, өткеніміз бен кеткенімізді, жеткеніміз бен жетпегенімізді бір сарапқа салып алу әлдеқашан әдетімізге айналған. Соның әрқайсысында Абайдың аты жаңаша асқақтап, халқымыздың мәртебе-мерейі жаңа биікке көтерілумен келеді. Бір кезде абзал ақынымыздың асыл мұрасының таптық идеология табанында тапталып қалмай, жаңа ұрпақтармен бірге жасайтын мәңгілік құбылысқа айналғанына қуандық. Сосын оның қадір-қасиетінің өз аумағымызбен шектеліп қалмай, іргелес халықтар мен елдерге де кеңінен танымал бола бастағанына масаттанып, марқайдық. Ал бұл жолғы сүйінішіміздің жөні тіпті бөлек. Ол үшін бір-бірімізді қуана құттықтап, бір-бірімізден шүйліге сүйінші сұрасақ та ешқандай ерсілігі болмас еді. Абайдың «Біріңді қазақ, бірің дос, көрмесең істің бәрі бос» деген сөздері шын мәнінде ұлт болып ұйысуымыздың негізгі шарты. Өз халқымыздың мүддесі үшін күресте достық, татулық, бірлік керек пе? Керек. Ендеше Абай сөзін тереңірек ұғынып, онымен өзгелерді ұялтуға емес, өзімізді-өзіміз ұялтуға тырысайық», – деді Президент Н.Назарбаев салтанатты мәжілісте жасаған баяндамасында.Басқа жұрттарда баламасы жоқ – Ассамблея
Тәуелсіз Қазақстанның алғашқы жылдары қоғамдық өмірде көптеген өзгеріс жүріп жатты. Қазақстанның 1-халықтар достығы форумында Президент Н.Назарбаев осы форумды тұрақты түрде өткізіп тұру керегі туралы идеясын айтқан болатын. Ал 1995 жылғы 1 наурызда республиканың қоғамдық-саяси сахнасында жаңа институт – Қазақстан халқы Ассамблеясы пайда болды. Айта кетейік, мұндай ұйым әлемнің бірде-бір мемлекетінде жоқ. Елбасы Н.Назарбаев «Ғасырлар тоғысында» кітабында ол туралы: «Ассамблея – ең бір қиын күндерде шын мәніндегі халық өкілеттілігінің органы болды. Ассамблеяға Мемлекет басшысының жанындағы консультативті-кеңесші орган дәрежесін беруге ұйғардық. Қазақстан халықтарының нақты мәселелерін шешу осынау шынайы халықтық, демократияшыл ұйымның беделін өсірді» деп жазады.Парламент неге тарқады?
Осы жылдың наурыз айында еліміздің одан арғы дамуына ықпал ететін саяси оқиға орын алды. Наурыздың 11-інде азаматша Т.Квятковскаяның талабы бойынша Конституциялық сот Жоғарғы Кеңестің өкілеттігін тоқтатты. Сөйтіп, «дауыс санау кезінде жіберген қателіктері үшін» Жоғарғы Кеңестің екінші құрамы заңсыз деп танылды. Сол күні кешкілік Президент қазақстандық және шетелдік журналистерге арнап өткізген баспасөз конференциясында республикада тек Парламент дағдарысының орын алып отырғанын мәлімдеді. Сонымен қоса сол Парламент бекіткен Үкімет те бүкіл құрамымен орнынан түсіп, Парламент сайлауын өткізген Орталық сайлау комиссиясы таратылды. Ол тарқатылғаннан кейін жаңа Парламент сайланғанша Президент мемлекеттің заң шығару және атқару функцияларының бәрін уақытша өз қолына алды.Референдум Президенттің өкілеттілігін ұзартты
29 сәуірде бүкілхалықтық референдум ұйымдастырылып, Президент өкілеттігі 2000 жылға дейін ұзартылды. «Әрбір саясаткер үшін оның өмірінің «шырқау сәті» болады. Мен үшін ол сәуірдің 29-ы күні. Мен өзінің байсалды таңдауы арқылы біздің ортақ Отанымызға таяудағы бес жылдың ішінде тұрақтылық пен жасампаздыққа мүмкіндік туғызған миллиондаған қазақстандықтарға өзімнің шынайы алғысымды білдіргім келеді. Олар қажетсіз дүрбелең мен ауыр қиындықтарға батыл тойтарыс берді. Сіздердің сенімдеріңіз мен үшін үлкен сыйлық және Мемлекет басшысы үшін одан жоғары ештеңе де жоқ. Әсіресе, белгілі себептер бойынша Қазақстанда ғана емес, сонымен бірге ТМД-ның басқа да елдерін қамтыған дағдарыстың біз өткізіп отырған қиын кезеңде мені қолдағандарыңыз өте маңызды. Халық даналығына сай сіздер өткінші, бірсәттік және уақытша олқылықтардан туындайтын себептерден биік бола білдіңіздер», – деді Бүкілхалықтық референдумнан кейінгі сөйлеген сөзінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев.Қасым Қайсеновке «Халық қаһарманы» атағы берілді
ТМД елдері арасындағы уағдаластық бойынша Екінші дүниежүзілік соғыстағы Жеңістің 50 жылдық торқалы тойын ортақ мерекелеу ұйғарылған. 26 сәуірде Елбасы майдангер-ардагерлердің бір тобын мемлекеттік наградалармен марапаттау туралы Жарлыққа қол қойды. Олардың ішінде аты аңызға айналған партизан-жазушы Қасым Қайсеновке «Халық Қаһарманы» атағы беріліп, «Алтын жұлдыз» белгісі тапсырылды. Оған жерлесіміздің соғыс жылдарындағы ерлігінің ескерілмеуі себеп болды, бұл жылы осы олқылықтың орны толтырылған болатын. Жалпы, Екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі көптеген ақтаңдақтардың беті бұдан кейінгі жылдары да ашыла берген болатын.Ядролық қару жойылды
Ядролық қарудан бас тарту мәселесі – барлық қазіргі заманның ең күрделі мәселесінің бірі болып табылады. Ядролық қару – жалпыадамзаттың соры десек, ядролық полигондар – ХХ ғасырдағы ең ауыр қасіреті болды. Өйткені атомдық ядролық жарылыстар бүкіл бір аймақтың қоршаған ортасы мен табиғи генофонына, адамдардың геніне әсер етіп, қалыпты мөлшерден әлдеқайда жоғары радиоактивті заттар мен рентген сәулелері тіршілік атаулыға қауіп-қатер әкеліп, өте зиянды радионуклидтер тірі клеткаларға генетикалық өзгерістер туғызатыны бәрімізгі белгілі.Алаш қайраткерлері ХХ ғасыр басында-ақ Абайды отаршылықтың алғашқы құрбаны деп таныған. Ал енді осы ақиқаттың еліміз тәуелсіздік алған кезеңде ғана мойындалуы көп нәрсені аңғартса керек. Бұл ұлттық сананың дүр сілкінісінің бір көрінісі болатын.
Әлемде 2025 сынақ жүргізілген қазақ халқындай азап шеккен бірде-бір халық болмағанын айтсақ артық болмас. Атышулы Семей полигонында 500-ге жуық атом, сутегі бомбасы сыналып, олардың саны барлық сынақтардың төрттен бірін құраған, ал қауқары жағынан Хиросима мен Нагасакидегі жарылыстардан 40 мың есе асып түскенін Ресейдің ресми мәліметі жобалайды. Қазақ топырағында түрінен адам қорқатын құбыжық нәрестелер дүниеге келе бастады. Әлемнің көптеген аймақтарында ересектер ауруы мен балалар өлімінің саны көбейіп, жалпы өмір сүру жасының ұзақтығы қысқарды. Сол кездегі белгілі оқымыстылар мен саясатшылардың, қоғам қайраткерлері мен ғалымдардың пікірлері бойынша экологиялық жағдай күрделі нүктесіне, ең жоғары деңгейіне жеткен. Сондықтан ядролық мәселе көтерілгенде Қазақстан мемлекеті бейжай қарай алмады. Оның дәлелі ретінде мемлекетіміз ерікті түрде әлемдегі төртінші орында тұрған ядролық арсеналдан бас тартып, мемлекетіміз әлемдегі көлемі жағынан екінші орында тұрған Семей ядролық полигонын жапты. Бұл әлем үшін мәні мен мағынасы зор үлкен маңызды тарихи оқиға болды. Сөйтіп, 1995 жылғы мамыр айының соңына қарай Қазақстан аймағындағы ядролық қару толық жойылды немесе әкетілді, баллистикалық зымырандардың шахтадағы қондырғылары да жойылды. Осылайша, кеңестік ядролық қаруды мұраға алған, ел алдындағы аса күрделі міндетті – бүкіл әлемнің мүддесіне сәйкес және ұлттық қауіпсіздікке ешқандай нұқсан келтірмей шешілді.Қазақ-түрік университетінің іргетасы қаланды
12 маусымда Президент Н.Назарбаев Алматыда Түркия Республикасының Президенті С.Демирельді қабылдады. Маусымның 14-і күні Нұрсұлтан Назарбаев пен Сүлеймен Демирель Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауидің кесенесін қалпына келтіру жұмыстарымен танысты. Бұдан кейін олар Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің жаңа ғимаратының іргетасын қалау рәсіміне қатысты. Өз кезегінде С.Демирель осы жоғары оқу орнында Қазақстан мен Түркияның ғана емес, сонымен қатар Орталық Азия мемлекеттерінің, басқа да түркітілдес елдердің жастары оқитынын атап өтті.Жаңа Конституция қабылданды
1995 жылы 30 тамызда республикалық референдум өткізіліп, қазіргі қолданыстағы Қазақстан Республикасының Конституциясы қабылданды. Референдумда президенттік басқару жүйесін таңдап, елдің унитарлық, демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет болуын жақтап дауыс берді. «Бүгінде біздің еліміз 1995 жылғы Конституция бойынша өмір сүреді. Ол қабылданғаннан кейін Қазақстан өзінің одан әрі даму жолын түпкілікті таңдап алды. Бүкілхалықтық референдумда қабылданған осы Негізгі Заң, шын мәнінде қоғамдық келісімге айналды, сол бойынша үкімет Қазақстанды демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекетке айналдыруды өзіне басты міндет етіп алды, ал азаматтар Конституцияны және еліміздің заңдарын бұлжытпай орындауға жауапкершілікті өз мойындарына алды. Осындай өзара міндеткерлік қоғам мемлекеттің одан әрі нәтижелі дамуына тиянақты негіз қалыптастырады және біздің болашаққа сеніммен қарауымызға мүмкіндік береді» деп жазады Елбасы Н.Назарбаев «Қазақстан жолы» атты кітабында. Тәуелсіздік жылдарындағы жаңару реформаларының ең басты қадамы ел Конституциясының жаңғыруынан бастау алды.Астана ауысты
1995 жылғы 15 қыркүйекте «Қазақстан Республикасы астанасы туралы» Президент Жарлығы шықты. Ақмола – республиканың негізгі аумағына қарағанда оның орта тұсында, Қазақстанның географиялық кіндігіне жақын орналасқан. Көптеген өлшемдер негізделіп жүргізілген талдау бойынша (әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер, климат, ландшафт, қоршаған ортасы, инженерлік және көліктік инфрақұрылым және басқалары) осы таңдаудың негізді екенін көрсетіп берді. Астананы Ақмолаға көшіру, саяси, экономикалық тұрғыдан және жалпы алғанда біздің мемлекетімізді дамыту болашағының тұрғысынан алғанда да әбден орынды деген мамандардың талдауы жаңа жобаның жарқын болашағын айқындады. Бір сөзбен айтқанда, астананы Ақмолаға көшіру мемлекетіміздің тәуелсіздігін нығайтудағы алғышарттың бірі болды. Осы тоқтамнан кейін қалың Қазақ елі көш көлігін қамдап, ұлы көштің басын Арқаға қарай түзей бастады.Жыл қорытындысы
1995 жылғы 16 желтоқсанда тәуелсіздік күніне арналған салтанатты жиында Елбасы реформаның бірінші кезеңінің алдын ала қорытындыларын жасады. Іс жүзінде бір қаржылық жылда Қазақстан гиперинфляция сияқты қатерлі экономикалық сынақтан өте алды.Дәулет АСАУ