Суға кеткен тал қармай алмай қалмасын
Суға кеткен тал қармай алмай қалмасын

Бүгін елімізде суға шо­мылу маусымы басталды. Алайда бұған дейін өзен-көл­дерге ертерек түсіп, әртүрлі жағдайда суық суға батып кетіп, қаза тапқандар бар. Жұрт­тың бәрі қауіпсіздік ере­желерін сақтап қарық қыл­майды. Сондай-ақ қала, ау­дан орталықтары болмаса, сырт жақтарда демалушы­ларды қадағалап жүрген құт­қарушылар да жоқ.

Маусымды ерте бастаудың салдары

Биыл жалпы 469 орында суға түсуге рұқсат етілген. Оның 118-і коммуналдық орын десек, 275-і ақылы жұмыс істейді. Ресми де­ректе қауіпсіздікті 48 жылжымалы құтқару бекеті мен 8 мыңнан ас­там адамның қамтамасыз ететіні көрсетілген. Сонымен қатар 500-ге жуық қызметкер кезекшілікке шығып тұрады екен. Медицина­лық көмек-көрсету орталықтары да іске қосылған. Суға шомылу маусымына ал­ғашқы дайындықты Ақмола об­лысы бастаған болатын. Бұл өңір аумағында демалатын және балық аулайтын 754 су айдыны бар. «Бұл ретте Нұра мен Есіл өзендері – ең қауіпті су айдындары. Өткен жыл­дың суға шомылу маусымында облыстың су айдындарында біраз адам қайтыс болды. Барлық оқиға құтқару бөлімшелері жоқ, күзетіл­мейтін су айдындарында және жабдықталмаған суға шомылу орындарында тіркелді» делінген облыс әкімдігінің хабарла­ма­сында. Тек Есіл, Нұра өзендері ғана емес, басқа да су айдындарына шо­мылу маусымы ресми ашылмай тұрып түсіп жатқандар көп. Өзге өңірлерге тәуір тәртіппен үлгі бо­луы тиіс Нұр-Сұлтанның өзінде күн қатты ыстық болмаса да тұр­ғындар мас халде суға күмп етуге әуес. Төтенше жағдайлар минис­трі Юрий Ильин таяуда сөйтіп бір жігіттің көз жұмғанын мәлімдеді. «Бұл Нұр-Сұлтан қаласының тұрғындары үшін ғана емес, бар­лық қазақстандықтар үшін өзекті мәселе. Жергілікті атқару­шы органдардың шешімдерімен суға түсуге болатын орындар айқын­далады. Акваторияның, жағалау жиегінің жай-күйін тексергеннен кейін санитариялық-эпидемио­логиялық қызметтер осы жер учаскелерін жағажайлар ретінде пайдалану құқығына рұқсат береді. Тиісінше, жүзуге болатын, болмайтын жерлерде шектеулер мен қауіпсіздікті қамтамасыз ететін пост ұйымдастырылуы керек. Бұл – ең алдымен жергілікті атқарушы органдардың жұмысы. Неге біз ішкі істер органдары қызметкерлерімен бірге рейдтік іс-шаралар өткіземіз? Себебі өткен жылы шомылу маусымында 350 адам қайтыс болды. Оның 70-ке жуығы – бала», – деді ол. Ал ТЖМ Азаматтық қорғаныс және әскери бөлімдер комитетінің төрағасы Бауыржан Сыздықовтың айтуынша, 25 мамырдағы жағдай бойынша елімізде 53 адам, оның ішінде 23 бала суға батып кеткен. Одан бөлек, 38 адам құтқарылса, оның төртеуі бала болған. Тіпті, Маңғыстау облысында суға шомылу маусымы ресми түр­де мамырдың аяғына қарай ашы­лып қойған. Соның өзінде аптап ыстыққа шыдамаған тұрғындар Каспийге одан бұрын шомылып жүріпті. Өкінішке қарай, тыйым салынған аумақтарда 2 адам суға кеткен. Ал күні ызғар, суы суық бола­тын Павлодар облысының Ма­рал­­ды көлінде, керісінше шомылу маусымы 5 маусымда басталады. Қазір «Павлодар ӘКК» АҚ қыз­меткерлері жағажай аумағын қоқыстардан, барбекю алаңын құрғақ шөптен тазартып, тегістеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Негізінен, адам өлімі тұрғын­дары шомылуды ерте бастап кеткен Батыс Қазақстан, Атырау, Маңғыстау, Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Түркістан облыстарында тіркелген. «Осыған дейін 3 519 патрульдеу және рейдтер жүр­гі­зілді. Оған 8 796 қызметкер жұ­мыл­дырылып, нәтижесінде суға ерте шомылған 242 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды», – дейді ТЖМ Азаматтық қорғаныс және әскери бөлімдер комитетінің төрағасы Бауыржан Сыздықов.

Заңға былтыр да бағынбаппыз

2020 жылдың басынан бері еліміздің су айдындарында құт­қарушылар 160 адамды, оның ішінде 35 баланы құтқарған. Ал 1 маусым-31 тамыз аралығындағы суға шомылу маусымында 140 адам, оның ішінде 27 бала құт­қарылған. Сонымен қатар суға шомылу кезеңінің аяқталғанына дейін мас халде суға түсу, суға бат­қандарды құтқару, балалардың ересектердің қарауынсыз қалуы кезінде 239 адам қаза тапқан. Әсіресе, Алматы (35), Шығыс Қа­зақстан (31), Түркістан (23) об­лыстарында суға бату жағдайы көп тіркелген. Тек суға шомылу маусымының соңғы аптасында (24-31 тамыз аралығында) Ал­маты, Ақтөбе, Қостанай, Ақмола, Жамбыл, Павлодар, Шығыс Қа­зақстан, Қызылорда облыста­рында, Шымкент қаласында 14 адам, оның ішінде 3 бала суға ба­тып кетіпті. Жалпы, маусым ашылғаннан жабылғанға дейін 33 мың рейд және патрульдеу жүргізілген. Нәтижесінде, 6 355 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оларға ӘҚБтК-нің 440-бабы («Қоғамдық орындарда болу қағидаларын бұзу») және 364-бабы («Ортақ су пайдалану қа­ғидаларын бұзу») бойынша 14 миллион теңгеден астам айыппұл салынған. Рейд барысында су айдындарындағы қауіпсіздік шаралары бойынша халыққа түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, 499 564 мың үгіт-на­сихат парақ­шасы мен жады­намалар тараты­лыпты.

Қауіпсіздікті ескерген маңызды

Таяуда «Балалардың жаз мез­гіліндегі қауіпсіздігі» тақыры­бында баспасөз конференциясы өтті. Сол сәтте ТЖМ өкілі Бауыр­жан Сыздықов бүгінде Қазақстан­да азаматтардың шомылуы мен демалуы үшін пайдаланатын 50 мыңнан астам су айдыны бар екенін жеткізді. «Осы жылы су ак­ваторияларын қамтуды ұлғайту және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін су қойма­ларының қауіпті және күзетіл­мейтін учаскелерінде шомылу мау­сымында қосымша 48 мо­бильді құтқару бекеті қойы­латын болады», – дейді ол. Одан бөлек, министрліктің жедел-құт­қару жасақтарында даярлықтан өткен 250 жасақ-құтқарушы есе­бінен 108 объектілік құтқару бе­кеті құ­рылған. Бауыржан Сыздықовтың айтуынша, халыққа 70 мыңнан астам үгіт-насихат өнімі тараты­лып, су айдындарына 2 542 қауіп­сіздік белгісі орнатылған. Сонда да әркімнің өзі үшін қауіпсіздік қағидаларын сақтап жүргені дұ­рыс. Мысалы, «Шомылуға тыйым салынады» белгілері орнатылған жерлерде шомылуға, жүзудің шекараларын белгілейтін қалқы­малардың артында жүзуге, алко­гольдік және есірткілік мас халде суға түсуге, тексерілмеген және жабдықталмаған жерлерде сүңгу­ге, жүзуге арналмаған заттармен жүзуге, қайықтардан, катерлер­ден, жартастардан, тастардан, парапеттерден, қоршаулардан және осы мақсаттарға бейімдел­меген жерлерден суға секіруге, ба­лаларға ересектердің қарауын­сыз суға кіруге рұқсат етілмейтінін ескеру керек-ақ. Сонымен қатар дерматолог Ақмарал Жамбылова адам көп жиналатын жерлерде, оның ішін­де ашық және жабық бассейнге түскенде балалар түгіл, ересектер­дің де түрлі инфекция жұқтырып алуы мүмкін екен айтып отыр. «Инфекция ауа, су, дене байла­нысы арқылы жұғады. Бассейн ашық болса, дене күнге күйіп, ыстық өтіп кету қаупі жоғары» де­ген ол, су жағасында зең ауру­лары көп кездесетінін де ескертті. «Екінші орында ішек инфекция­лары тұр. Ол да зең сияқты су мен дене байланысы арқылы таралады. Сонымен қатар жедел респиратор вирус инфекциялары бар», – дейді дәрігер. Оның айтуынша, шомылып жүргенде су жұтуға болмайды. Себебі ішек инфекцияларын жұқтырып алу қаупі жоғары. Мысалы, А гепатиті қауіпті. Ең бастысы, дерматологиялық ауруға шалдыққан, ЖРВИ, ішек инфекцияларымен ауырып жүр­ген адамдар қоғамдық суға шо­мылатын орындарға мүлде бар­май-ақ қойса да болады. «Себебі олар көп адамның денсаулығына қауіп төндіреді», – дейді маман.

Еркеғали БЕЙСЕН