Егіннің жайын еккен білер...
Егіннің жайын еккен білер...

«Нан болса, ән болады» дейміз. Сол нан болуы үшін бізге алдымен дән керек қой. Ал дорбасына дән түскен ди­қан одан кейін дизель оты­нына тәуелді. Ондайда мұ­най­лы мемлекет соқасы сой­диған күш көліктерін құр қаң­тарып қоймас болар. Бұл ретте жауапты министрліктер «биылғы егін егу науқанын мін­­сіз аяқтадық» деседі. Бірақ оған сала шаруасын сал­­мақтап көріп отырған депу­таттардың сенгісі жоқ.

Дәнді дәл сепкен бе?

Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаровтың айтуынша, биыл 22,8 миллион гектар жерге дән себу жоспарланған. Қазір соның 17 миллионға жуық гек­тарын көгертіп-көктетіп қойыпты. Соның өзі былтырғыдан 1,5 мил­лион гектарға артық орындал­ған болып отыр. Өйткені биыл әлеу­меттік маңызы бар өнім алуға басымдық беріліп, картоп, қа­рақұмық, қант қызылшасы, майлы және жемшөп дақылдарының алқабын кеңейту көзделген. Ол үшін 400 мың тонна минералды тыңайт­қыштар үлестіріліп, сон­дай-ақ тұқым тапшылығы да бол­мапты. Енді тек шіліңгір шілдеден күтілетін жазғы қуаң­шылық қау­пінен сақтану керек. Ауыл шаруашылығы министр­лігінің мәліметінше, әлгі 22,8 мил­лион гектар жерге дән себу үшін 380 мың тонна дизель отыны қажет екен. Сондықтан ведомство Энергетика министрлігімен бі­рігіп, арнайы кесте әзірлеген. Сол кесте бойынша жанар-жағармай диқандарға елдегі ірі 3 зауыттан жеңілдетілген бағамен бөліне бастапты. «Қазір бізде бар 225 мың тонна бензин елдің 20 тәуліктік қажет­тілігін қамтуға жеткілікті. Ал 306,2 мың тонна дизель отыны болса, ішкі нарықтың қажеттілігін 28 тәулікке қамтамасыз етеді», – дейді Энергетика вице-министрі Әсет Мағауов.

Дизель құны былтырғыдан қымбат

Жалпы, тасымалдау және басқа да шығынды есепке алғанда, ауыл шаруа­шылығы тауарын өндірушілерге арналған дизель отынының литрі 21-22 теңге деп белгіленген. Осылайша, ол шаруаларға жанармай құю стансаларындағы құнынан 13-14 пайызға арзанға беріліп жатыр. Энергетика вице-министрі Әсет Мағауов мұнай өңдеу зауытынан шаруаларға дизель отынын жөнелтуге басымдық берілгеніне сенімді. Өйткені бағаға бақылау мен мониторингті тәулік бойы жүргізіп отыру жоспарланған. Ауыл шаруашылығы вице-министрі Айдарбек Сапаров та: «Нарықта мұнай өнімдерінің бағасы көтерілгеніне қарамастан, Үкімет егіс жұмыстарының дизель отынына қажеттілігін 100 пайыз қамтамасыз ету үшін барлық шараларды қабылдады», – деп отыр. Оның айтуынша, қазір дизель отынының 1 литрі – 165 теңге. Ал 2020 жылы литріне 147 теңгеге белгіл­енген болатын. Бір қызығы, былтыр жанар-жағармайдың арзандау болғанына қарамастан, көктемгі егістік науқанында биылғыдан әлдеқайда аз мөлшердегі дән себілген. егін

Қаржының игерілуі күмәнді

Сонымен, биыл ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерге Павлодар және Шымкент мұнай өңдеу зауыттары дизель отынының 1 тоннасын 174 мың теңгеден, ал атыраулық зауыт 172 мың теңгеден жіберетін болған. Осы орайда Павлодар облысы ауыл шаруашылығы саласының басшылары арзандатылған жанар-жағар­майды ұтымды үлестіру мәселесін көтере қойды. Олардың уәжіне сүйенсек, ережеге сәйкес сұйық отын егіс көлеміне қарай бөлінуі тиіс көрінеді. Соның салдарынан көктемгі егіс науқанына ұсақ шаруа қожалықтары 1-2 тоннадай ғана дизель отынын алған. «Бұл істің әлегі көп. Сондықтан көптеген адам арзан жанармайдан бас тартып отыр. Мәселен, біз бір гектардан 53 келіге жуық қырыққабат аламыз. Ал ондай өнімді өсіру үшін гектарына бөлінетін 60 литр дизель отыны тым жет­кіліксіз», – дейді «Родник» шаруа қожа­лығының басшысы Геннадий Андрейцев. Энергетика министрлігі болса, ауыл шаруашылығына арналған дизель отыны­ның құнын жанар-жағармай нарығына қатысушылар анықтайтынын меңзеп отыр. Сондықтан бағаны мұнай өнімдері­нің ресурс иелері өз еркімен белгілейді екен. Бұл ретте көктемгі егіс жұмыстарын өткізу барысы талқыланған Үкімет отырысын­да Энергетика министрі Нұрлан Ноғаев: «Наурызға жоспарланған 115,7 мың тонна дизель отынының 43 пайызы тиеліп, жөнелтілді. Сәуірде 100,7 мың тонна шықса, мамырда 100,4 мың тонна және маусымда 15 мың тонна тиеліп, жөнелтілу жоспар­ланып жатыр. Тиеп жөнелту барысы жасалған төлемге сәйкес жүргізіледі», – деп есеп берді. Ал облыс әкімдіктерінің егістік нау­қанын 3 маусымға дейін аяқтауды уәде еткенін ескерсек, ендігі бір тәулікте қалған гектарларға дән сеуіп тастау үшін қажетті 380 мың тонна дизель отынының қаншасы игерілер екен? Біз бұл сұрақты Парламент Мәжілісі Аграрлық мәселелер комитетінің мүшесі, «Nur Otan» партиясы фракция­сының депутаты Қайнар Абасовқа қойып көрдік. «Бүгін Ауыл шаруашылығы вице-министрі егін егу науқанын аяқтамаған үш облыс қана қалды деп ақпарат берді. Қаржы толығымен жұмсалды, бірақ нақты игерілгеніне күмән бар. Егінді тыңайт­қышпен, сапалы тұқым­мен және ағын сумен қамтамасыз ету шаруа­сы төмен деңгейде», – дейді депутат.

Еркеғали БЕЙСЕН