Өнер баланы теріс жолға түсірмейді – Тойған Ізім
Өнер баланы теріс жолға түсірмейді – Тойған Ізім

Еңбек сіңірген әртіс, танымал биші, өнер зерттеушісі, профессор, хореограф  Тойған Ізімнің қазақтың балет мектебі туралы айтары көп. Хореограф балет театрында ұлттық балеттің қойылмай кеткеніне қамы­ға­­­ды. «Ақсақ құлан», «Қалқаман-Мамыр» секілді балеттің қайта оралғанын қалайды.

– Тойған апай, «менің міндетім – қазақтілді балеттанушы тәрбиелеу» дейсіз. Жалпы, бізде балет мектебінің деңгейі қандай? – Қазақстанның балет мектебі құрылып, қызмет ете бастағанына 90 жылға таяп қалды. Ол дегеніміз бір ғасыр емес пе? Әрине, балет мектебі бар. ХХ ғасырдың 80-жылдарынан бері қарай жалпы үлкен байқауларда, оның ішінде Азия–Еуропа елдерінде өтіп жатқан ірі байқауларда оқушыларымыз жүлделі орындарға ие болып жүр. Бұл менің мектеп қабырғасында оқитын кезім еді. Онда бізге тәжірибелі, білімді, өздерін сахнада биік деңгейде көрсете білген талантты әртістер  сабақ беруге келетін. Мықты ұстаз шәкіртінің өзінен озғанын қалайды.  Хореография өнеріндегі бір керемет жетістік – жанкештілік. Оқытушылар өздері қандай деңгейге жетсе,оқушыларын да сондай биік деңгейге жеткізуге тырысатын. Би өнерінде жүрген адамда уақытпен жүру деген ұғым болмайды. Өз басымыздан өткен  нәрсе – таңертең ерте жаттығуға кіріп, түнгі 11-де бір-ақ шығатын едік. Тіпті, түскі ас ішу, тамақтану деген екінші кезекте қалып қоятын. Тамақ ішу – әл жинауға ғана керек. Бұрын балет мектебін бітірген балалар колледж бітірген соң  тағы екі жыл Санкт-Петерборға барып, сол жақтағы балет мектебін оқитын. Қазір мұндай жоқ. Қазір мықты бишілерді өзіміз дайындап отырмыз. Оған мысал көп. Әлия Танықпаеваны алатын болсақ, Еуропаның мықты-мықты театрларында жұмыс істеді. Қазір Мажар елінде  Будапешт қаласында тұрады. Екі баласы болса да, әлі күнге сахнадан кеткен жоқ. Бақтияр Адамжан деген жігіт бар. Қазір оны шақырмайтын жері жоқ. Қазір біздің балаларға мүмкіндік көп. Қай жердің театры болсын, шақырып, қаламақысын төлеп, жағдайын жасап береді. Әйтпесе, олар  спектакльдің бүкіл мазмұнын біледі. Горскийдің хоре­ографиясы десек, біздің әртістер оны жақсы біледі. Бір  балетті бірнеше балетмейстр қоюы мүмкін. Сол балетті  білетін қыз-жігіттерді басқа елдерге, басқа театрларға шақырып жатады. Нұр-Сұлтандағы академияны бітірген қыз-жігіттер әлемдік сахналарға шығып жүр. Бұл дегеніміз – Қазақстандағы балет мектебінің деңгейі өсті деген сөз. –Бұрын көпшілік  тек Алматыдағы хореография училищесін білетін еді. Қазір жұрттың Нұр-Сұлтандағы  Қазақ ұлттық хореография академиясынан хабары бар ма? –Акадмия 2016 жылы ашылды. Бұл академияның  оқу-бағдарламасы Санк-Петербордағы балет мектебінің оқу бағдарламасына сай келеді. Академияның ерекшелігі –  мұнда дайындық сыныптары бар. Дайын мектебінен өткен баланы  негізгі сыныпқа қабылдайды. Сөйтіп, олар  8 жыл оқиды. Олардың колледжден кейін бакалавр, магистратурада білім алуға мүмкіндігі бар. Бала кішкентайынан «биші», «балет әртісі боламын» деп келеді. Бірақ табиғаттың өз дегені болады. Бейсаналы түрде біз оларды қабылдаймыз. Бірақ мектепке қабылдаудың да өз талаптары бар. Себебі бес жылдан кейінгі  қойылатын талаптар күшті. Бүкіл қимыл-әрекетті меңгеріп, оны әрі қарай ұштастыра отырып, әртістікке үйретеміз. Балалар сахнаның не екенін үйренеді. Қимыл мен қимылды қиылыстыра отырып, әртістікті меңгереміз. Дәл осы кезеңде балалардың физикалық жағдайы ескеріледі. Балет мектебінде оқу баланың, ата-ананың психологиялық жағдайына қатты әсер етеді. Себебі бір іс-әрекетті  игере алмаған бала қимыл-қозғалыс күрделене берген сайын қалып қоя береді. Өзіндегі физиологиялық жетіспеушіліктерді түсінеді. Содан барып, онда комплекс пайда болады. Ол оны ата-анасына  қалай түсіндіреді? Бұл жағы бізге белгісіз. Әр  баланың түр-сипаты, дене құрылысы, сүйегіне дейін қараймыз. Сол көптің ішінен бірен-сараны ғана талапқа сай келеді. Мықты биші болудың негізгі критерийі – жұмыс істей білу. Ерінбеу, мақсатына жете білу. Қазақстандағы балет бишілерін дайындайтын  екі мектептің де мақсаты – осы. Бала да, оқытушы да уақытпен санаспайды. Сыныпта екі баладан мықты биші шығады-ау деген көзқарас болса, олар жұмыстан тыс уақытта да сол баламен жұмыс істейді. Қыз балалар өзін сахнада жеңіл билей алатын балерина рөлінде көреді. Бірақ ондай жетістікке жету үшін жылдар бойы жұмыс істеу керек. Нұр-Сұлтан қаласындағы мектепті бітіріп шыққан Шұғыла дейтін қыз бар. Екі-үш жылдың ішінде театрдың беткеұстар балеринасына  айналды. «Менің уақытым болмай қалды», «шар­шадым» деген сөз айтпайды. Мектеп солай тәрбиелейді. Академияда оқуға балалар көп келеді.  Менің өмірлік ұстанымым – қазақ балаларының оқығанын дұрыс көремін. Өнер баланы теріс жолға түсірмейді. Әр отбасында бір-екі бала өнерлі болса, қалғанына солар қолұшын созады. – Балет өнеріне қызығатындар өте көп пе? – Балетке қызығатын балалар өте көп. Ауылдан шыққан балалардың табаны, аяқтағы бұлшық еттері мықты болады. Арқамыздағы бұлшық еттер жақсы дамыса, сүйекті берік  ұстайды. Кішкентай кезіндегі физикалық жүктемелердің де  көлденең бұлшық етті дамытуға септігі көп. Ол қай уақытта қатты дамиды? Суға түскен, айыр, күрек ұстаған балалардың бұлшық еттері жақсы дамиды. Бұл биші үшін өте қажет дүниелер.  Бұрын балет мектебінде ауылдың балалары көп оқитын. Қазір өкінішке қарай, ауыл балаларының  балет мектебінде оқуға мүмкіндігі болмай жатыр. Балаларды оқуға қабылдайтын арнайы комиссия бар. Бірақ олар көбіне қала балаларын таңдайды.  Ауыл-ауданға шығып жатқан ешкім жоқ. Ал асфальтте өскен балалардың көбі талапқа сай келмей жатады. – Бір кездері балетте жүрген талантты қыздарымыз бен жігіттеріміздің  шетелге қоныс аудара бастағанын білеміз. Олардың  «Өзге елде сұлтан болуға» қызықпайтыны белгілі. Көбі мықты өнер мектебін іздеп кетті. Қазір ше? Қазақ балет өнеріне жіті көңіл бөліне ме? – Өткен ғасырдың 90-жылдары шетелге кететіндер  көп болған. Бұл тоқырау жылдары болатын. Қазір ондай жоқ. Елімізде бәсекелестікте жұмыс істейтін жоғары деңгейдегі үш театр бар. Оларға жұмысқа тұру оңай емес. Олардың да талабы жоғары.  Үлкен қара шаңырақ – Алматыдағы Абай атындағы Ұлттық академиялық опера және балет театры. Нұр-Сұлтан қаласында екі театр – Астана опера және Астана балет театры. Екі театрға да бишілер керек. Сондықтан біздің  түлектер жұмыссыз қалып жатқан жоқ. Бүгінде сыртқа кетіп жатқан қыз-жігіттер жоқ деуге болады. Дегенмен үш театрды салыстырмалы түрде қарасақ, шығармашылық деңгейі биік болғанымен, әртістердің материалдық қамтамасыз етілуі әртүрлі болып отыр. Алматыдағы театрдың жалақысы өте аз. Мұның себебін тарқатып айта алмаймын. Кей жағдайда осыған байланысты қыз-жігіттердің жақсы өмір іздеп кететіндері болады. Бұл – бір. Екіншіден, басқа елдің өнері мен өз елінің өнерін салыстыра білу – әртіс үшін  қажет дүние. Еуропадағы мықты-мықты  балет театрларынан  тәжірибе жинақтап, елге қайтып келіп жатқандар бар. Олар сол жақта жүріп, әлемдегі мықты бишілермен, продюсерлермен танысады. Сол тә­жірибесін елге келген соң пайдаланатын болады. Олар да қазір жас емес. Көбі мықты балет мектебін іздеп кеткен жоқ. Материалдық жағдайын жақсарту  мен тәжірибе жинақтау үшін кетеді. Ал қазір балет мектебіне мүлде көңіл бөлінбейді деп айтуға болмас. Белгілі бір деңгейде көңіл бөлініп жатыр. Қазір театрлар сырттан балетмейстер шақыра алады. Шетелдік балетмейстерлер келіп, елімізде балет қойып жатыр. Біздегі қиын жағдай – ұлттық балеттің тумай жатқаны. Қазақтың болмысын көрсететін балет жоқ. Өткен ғасырдың 30-жылдары «Қалқаман-Мамыр» балеті қойылған  еді. Өкінішке қарай, оның ғұмыры ұзақ болмады. Одан кейін қойылған балеттер де сол жолмен тарих қойнауына кете барды. ХХ ғасырдың 80-жылдары балет мектебі үшін жақсы жылдар болған еді. Олжас Сүлейменовтің поэмалары желісінде  қойылған Тимур Мыңбаевтың «Фрески» балеті болды. Оны қойған – Заурбек Райбаев. Ал суретшісі – Евгений Сидоркин. Ол ұзақ жылдар бойы сахнадан түскен жоқ. Одан кейін «Ақсақ құлан» қойылды. Бұл екеуі де көрерменнен  жоғары баға алды. Осы екі балетті сақтап, бүгінге жеткізуге болар еді. «Неге сақталмады?» дегенге жауап беру қиын. Осы екі балет қайта қалпына келсе, қазақ балеті үшін үлкен жетістік болар еді. – Сіздер үлкен балет мектебін қалып­тастырдыңыздар. Қазіргі жастарды сол мектептің ізбасары  деп толық айта аламыз ба? – Бір ғасырға жуық өмір сүріп келе жатқан қазақ балет мектебінің ғұмыры әрі қарай жалғасуы үшін бүгін 60-70-ке келген оқытушылар артымызға жиі қарайлаймыз. Артымыздан ілесіп келе жатқан жастарды ізбасар ретінде көреміз.  Әртістердің көбі  сахналық ғұмыры аяқталғаннан кейін білім беруге тырысады.   «Хореографияны оқытудың  не керегі бар?» деген түсінік бар. Теория, тәжірибе және әдістеме деген болады. Орындаушылық өнерінде жетістіктерге жетсе де, оның теориясы мен әдістемесін білгені жөн. Қазір орта буын әртістердің кейбірі классикалық биден сабақ беруге ыңғайлы болса, біреуі халықтық сахналық биден,  біреуі тарихи-тұрмыстық биден сабақ беріп жүр. Біреуі қазақтың халық биінен сабақ беруге ыңғайлы. Міне, осылай әр жылдары өзімізге ізбасар  дайындаймыз. Сондықтан Қазақстанның балет би өнерінің деңгейі өте жоғары деп сеніммен айтуға болады.  

Әңгімелескен Гүлзина БЕКТАС