Еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде ауыл шаруашылығының рөлі қаншалықты зор болса, агроөнеркәсіптік кешенге заманауи технологияларды енгізу осы қауіпсіздікті нығайта түсу жолындағы соншалықты шешуші қадам болмақ. Ал бұл дегеніміз – экономикалық егемендіктің алғышартын бекіте түсері сөзсіз. Цифрлық трансформация бұл саладағы көптеген процестерді оңтайландырып, бірқатар проблеманың шешімін табуға көмектесетін болады. Солардың ішіндегі ең маңыздысы – су тапшылығын жою, тұқым қорын жетілдіру, зиянкестермен және жәндіктермен күресу, метео болжамдардың дәлдігі, нақты циклдық режимге сүйенген орындаушылық жұмыс тәртібін қалыптастыру және тағы басқалар.
Жер жырту ғарыштан басқарылмақ
Қазіргі уақытта Қазақстанның аграрлық секторына арналған жердің жалпы аумағы – 222,6 млн га. Оның ішінде 24 млн га (10,8 %) – егістік, 5 млн га (2,2 %) – шабындық, 189 млн га (85 %) жайылымдық жерді алып жатыр. Елімізде ауыл шаруашылығының дамуы əәр аймақтарда əәртүрлі деңгейде. Бұл бірінші кезекте ауа райындағы ерекшеліктерге байланысты. Әсіресе, егіншілік саласы қатал климатқа сәйкес экономиканың қауіп-қатері жоғары санатына жатады. Сондықтан да Қазақстан «жерді дәлме-дәл пайдалану технологиясына» көшуі қажет. Ал ол тек қана цифрландыру нәтижесінде мүмкін болмақ. Ол дегеніміз – GPS-навигация мен дрондарды және электронды карталарды жаппай пайдалану деген сөз. Мәселен, дәстүрлі жер пайдалануда сараптама жасауға 75 гектар аумақтан бір-ақ рет топырақ алынатын болса, «дәлме-дәл» тәсілде әрбір гектар жердің топырағы зерттеуге алынады. Сөйтіп, алқаптың жағдайына дәлме-дәл баға беріледі. Оған қанша көлемде және қандай тыңайтқыш қосу қажеттігі және қандай тәсілмен өңдеу керектігі анықталады. Егілетін дақылдардың қолайлы өсуіне жағдай жасалады. Мұнда көптеген жұмыс жасанды интеллекттің көмегімен жүргізілетіндіктен, адамның қатысуы аз болады. Әрі компьютер бір мезгілде өте көп ақпаратты өңдейтіндіктен көп уақыт алмайды. Бүгінгі таңда еліміз пилотты жобалардың жемісін көріп отыр деуге болады. Оның аясында Қазақстанның 9 шаруа қожалығы осы «дәлме дәл» тәсілді енгізіп, жаңа технологиямен жақсы өнім алып отыр. Бұл туралы министр Сапархан Омаровтың өзі хабарлаған болатын. Цифрландырудың алғашқы кезеңінде егіншілер мүлтіксіз жер жыртудың арқасында 2,5 есе артық астық алған. Ал шығындары 20%-дан көп көлемде қысқарған. Одан бөлек, жоба аясында «техниканы айдаудың параллельді жүйесі» енгізілуде. GPS арқылы дәлме дәл треакториямен жер жыртқан егіншілер, одан кейін дән егуде де дәл осылай жаңылмай сеуіп шығады. Ал ең жауапты кезең – егін орағы кезінде де бұл жүйенің берер пайдасы шаш-етектен. Ғарыштан спутниктік байланыспен басқарылған техникалармен егінді егуде де, жинауда да басы артық бос жер қалып қоймайды. Сарапшылар жерді игерудің мұндай мүлтіксіз технологиясының болашағы зор деп бағалауда. Өйткені «параллельді айдау жүйесі» шетелдерде үлкен тиімділігін дәлелдеп отыр. Онда белгілі бір алқаптан алынатын өнім көлемі он есеге дейін өскен деректер бар екен. Технологияның эволюциялық ұшар шыңына шыққан кезде олардың өзіндік құны өте арзан болып қалады да, әрбір ауылшаруашылық нысаны туралы, оның айналасындағы аумақ пен егін салу циклы туралы ақпарат компьютерде тұрмақ. Ал әрбір жүзеге асырылатын алгоритм математикалық дәлдікпен есептеліп, өнім алу нәтижесі де алдын ала анықталып отырмақ. Бұл тұста өзгеріс тек материалдық-технологиялық базаны ғана қамтып қоймай, кадр саясатына да бетбұрыстар әкелмек. Агроөнеркәсіп кешенінде Big Data, DataScience, математика, аналитика, робототехника, жасанды интеллект саласында мамандар пайда бола бастайды. Осылайша бүгінде аграрилер алдында үлкен белестер тұр деуге болады. Өйткені енді кәсіби агроном немесе механизатор болу аздық етпек. Жерді мүлтіксіз пайдалану жаңа технологиялық білім алуды, біліктілікті арттырып отыруды талап етеді. Ал смарт технологиялардың тез дамып бара жатқаны сондай тек ауылшаруашылық саласы ғана емес, оны енгізуді мұрат еткен қай сала болмасын IT мамандарды даярлауда уақыт көшіне үлгере алмай келе жатқанын атап өту керек.Үш деңгейлі цифрландыру
Елімізде ауыл шаруашылығы министрлігі қолданысқа енгізілген ақпараттық технологиялардың сипатына қарай цифрландыру жұмыстарын үш деңгейде жүргізуді қарастырып отыр. Олар – базалық, озық және цифрлық фермалар. Базалық дегеніміз – шаруашылығын бұрынғысынша жүргізетіндер. Оларда жаңа технологиядан алқаптардың электронды карточкасы мен топырақ талдамасы ғана қолданылады. Озық фермалар – ішінара автоматтандырылған шаруашылықтар. Бұл санатқа ілігу үшін ЖЖМ шығындарының датчиктерін, GPS-трекерлерін, метео-агростансаларды, арамшөптердің электронды картасын және бизнес процестерді басқаруға арналған бағдарламалық қамтуларды енгізу қажет. Ал цифрлық фермалар дегеніміз – адамның қатысуы түгелге дерлік алынып тасталған, жаңа құралдар мен технологиялар есебінен жұмыс істейтін өндіріс орындары. Қазақстанда бүгінгі таңда 20-дан астам цифрлық және 170-тей озық ферма бар екен. АӨК-ні цифрландыру процесі аяқталатын 2023 жылға дейін тағы да 20-дан астам цифрлық ферма және төрт мыңнан астам озық ферма құрылады деп жоспарланып отыр. Бұл уақытта мемлекеттік қызметтер мен процестер 100% автоматтандырылатын болады деп күтіліп отыр. Әзірге еліміздегі егістік алқаптар жүз пайыз цифрландырылған. Электронды картасы жасалған аумақ 24 млн. га-ны құрайды. Жайылымдық жерлер де біртіндеп цифрландырылып жатыр. Мал шаруашылығына «ақылды технологиялар» енгізілетін болса, мал санын нақты жүргізу және оларды бағу да автоматтандырылатын болады. Яки, иесі үйінде отырып-ақ малдары қайда жайылып жүргенін, бөлініп адасып кеткен малының қай жерде тұрғанын ұялы телефонынан-ақ қарап көре алмақ. Бұл тұстағы ендігі бір маңызды мәселе – ауылшаруашылық жерлерін мықты мобильді байланыспен қамтамасыз ету. Әрі ол 3G жабынынан кем болмауы тиіс. Бұл телеком-операторлар үшін өте шығыны көп жұмыс болғандықтан бұл тұрғыда мемлекет-жекеменшік форматындағы серіктестікке арқа сүйеген дұрыс болар. Қалай болғанда да, ауылшаруашылық процестерін барынша цифрландыру мен автоматтандыруға көшіру әлемдегі ірі агроөнеркәсіптік және машина құрастыру компанияларының стратегиялық дамуындағы маңызды қажеттілік болып отыр.Нұрлан ҚОСАЙ