Әуесқой бокстан БАӘ-де өткен Азия біріншілігі мәресіне жетті. Турнирде басты қарсылас саналған өзбек боксшыларымен финалда 4 боксшымыз кездесіп, барлығы көршілеріміздің пайдасына шешілді.⠀Басқасы басқа, Азия чемпионатында ерлер алтынсыз қайтады деп ешкім ойлаған жоқ. Бес боксшымыз финалға шығып тұрып, алтынды уыстан шығарып алды. Бұл жерде қазылардың да бұра тартқан тұстары болды. Әсіресе, Әбілхан мен Левиттің жеңілісі көп күмән туғызды. Бірақ қазылардың шешіміне қарсы шығуға «шамамыз» жетпеді. Қош, сонымен ерлер бес бірдей күмісті қанағат тұтты.
Алғашқы болып 49 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде жұдырықтасқан Даниял Сәбит ел қоржынына бірінші күміс медальді салды. Финалда Өзбекстан боксшысы Нодиржон Мирзахметовпен кездескен ол қарсыласына жол берді. Төрешілердің бірауыз шешімімен отандасымыз финалда жеңілді. Даниял Сәбиттің қарсыласы тәжірибелі боксшы Нодиржан Мирзахметов екенін, ал оның 2019 жылы Азия биігін бағындырғанын бокс мамандары мен жанкүйерлері жақсы біледі. Сондықтан қазақстандық жас боксшының финалға дейін жетуінің өзі үлкен жетістікке баланды. «Қазақтың салмағы» саналған 69 келіде шаршы алаңға шыққан Абылайхан Жүсіпов Азия чемпионатының финалында қарсыласы Бобо-Усмон Батуровқа есе жіберді. Алғашқы раундта қабағы жарылған отандасымызға кездесуді жалғастыруға мүмкіндік бермеді. Сол себепті алғашқы раундтағы боксшылардың ұпайы есепке алынды. Құрлықтық біріншіліктің күмісін еншілеген Абылайхан жекпе-жек аяқталғаннан кейін қателік өзінен кеткенін айтты. «Кездесуге толық дайын болдым. Өздеріңіз байқағандай, қабақтың жарылуына байланысты үш раундтық кездесу өткізе алмадым. Кінәні тек өзімізден іздейміз. Қателік те өзімізден кетті. Енді елге оралып, үйге барып жекпе-жекті жақсылап зерттеп, әрі қарай жұмыс істейміз», – деді ол. – Жарысқа барса болды, Абылайхан Жүсіповтен жеңіс күтеміз. Кіммен кездессе де шоқтығы биік секілді. Бізге солай көрінеді. Көз бізде ғана емес. Өзгелер де қарайды. Зерттейді. Сараптайды. Сосын шешім қабылдайды. Оның финалдағы қарсыласы Бобо-Усмон Батыров та Дубайдағы жекпе-жекке тыңғылықты дайындықпен келгені анық. Әрі қазақ боксшыларының ұрыс жүргізу тәсілі де оған таныс. Үш жыл бұрын Джакартада өткен Азияда ойындарының финалында Асланбек Шынбергеновті жеңгені де жылнамада жазулы тұр. Екатеринбургте өткен әлем біріншілігінде қола жүлдегер атанып, сол жылы Банкогта Азия біріншілігінің алтынын еншілеп, аптығын әлі баса алмай жүрген боксшы. Яғни, Абылайхан керемет бір өре, тың тактика салмай Батыровтан басым түсе алмайтыны белгілі еді. Бобо-Усмон қарсыласына қырық қақпан құрады. Соның біріне Жүсіпов түсіп қалды. Баспен бас түйіскенде қабағы жарылды. Айт не, айтпадық не, алтын тағы да өзбек боксшысында кетті. Өкінішті, – дейді белгілі спорт комментаторы Амангелді Сейітхан. 75 келіде шаршы алаңға шыққан қазақстандық Әбілхан Аманқұл да құрлықтық біріншіліктің күміс жүлдегері атанды. Финалда ол өзбекстандық Сайджамшит Джафаровпен кездесті. Тартысты жекпе-жек 1:4 есебімен өзбекстандық боксшының еншісіне жазылды. Бокстан Дубайда аяқталған Азия чемпионатының күміс жүлдегері Әбілхан Аманқұл финалдағы жеңілісіне қатысты: «Қазылардың шығарған шешімі туралы ештеңе айта алмаймын. Себебі мен шаршы алаңда болдым. Егер жекпе-жекті сырттай тамашалаған болсам, бірдеңе айтар ма едім. Бар кінәні өзімнен іздеймін. Әсіресе, бірінші раундта қарсыласымды күтіп, көп жүріп қалдым. Қорытынды есепке соның әсері болған шығар», – дейді Әбілхан. Қазақстандық боксшы Василий Левит 91 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде финалда үндістандық Санжиттен жеңіліп, төртінші күмісті ел қоржынына салды. Қазылар алқасы 4:1 есебімен қарсылас жеңді деген шешім шығарды. Алайда Левиттің қарсыластан мұншалықты ірі есеппен жеңілгенін шаршы алаңда байқамадық. Тіпті, отандасымыз жеңіске жете ме деген үміт те болды. Марапаттау рәсімінде төрешілердің шығарған шешіміне наразы болған боксшымыз күміс медальді мойнына тағудан бас тартты. Ал бокстан Қазақстан құрамасының капитаны Қамшыбек Қоңқабаев Азия чемпионатының финалында күміс жүлдегер атанды. Аса ауыр салмақта жұдырықтасқан ол финалда өзбекстандық Баходир Жалаловтан айласын асыра алмады. Қыздардың қырағылығының, қайсарлығының арқасында Дубайда өткен Азия чемпионатында Қазақстан (ерлер және әйелдер) құрамасы жалпыкомандалық есепте көш бастады. Қазақстан әйелдер құрамасы 8 алтын, 1 күміс және 1 қола жүлдені жеңіп алса, ерлер құрамасы 5 күміс және 1 қола жүлдені қанжығаға салды. Екінші орынды 7 алтыны, 6 күміс, 5 қоласы бар Өзбекстан құрамасы алды. Үшінші орын – 3 алтыны бар Моңғолияда. Көңілге жұбаныш болары, Қазақстанның әйелдер құрамасы 10 салмақтың 8-інде алтын алып, Азия чемпионатындағы рекордты жаңартты. Бұған дейін әйелдер арасындағы құрлықтық біріншіліктердегі ең үздік нәтиже Үндістан құрамасына тиесілі болды. 2005 жылы олар Вьетнамдағы турнирде 12 салмақтың 7-еуінде алтын алған. Ал ерлер арасындағы рекорд Өзбекстан ұлттық құрамасына тиесілі. 2017 жылғы Азия чемпионатында олар 9 алтын медальді иеленді. Негізінен, Қазақстан ерлер мен әйелдер құрамасының 2021 жылғы жетістігі олимпиададағы нәтиже бойынша бағаланады. Бұл сол жарысқа дайындық десе де болады. Өкініштісі, Азия чемпионатында атой салған әйелдер құрамасында бір ғана лицензия бар. Токиода тек Надежда Рябецке сенім артамыз. Оның өзі аталған Азия чемпионатын өткізіп алды. Кім не десе де, Дубайдағы турнир Қазақстан ерлер құрамасына үлкен сабақ болды. Токио Олимпиадасына баратын 8 бірдей боксшымыз алдағы сынға үлкен дайындықпен аттанады деген ойдамыз.Абылайхан ЖҰМАШ