Бұл жайында режиссер Ербол Жұмағұл фейсбуктегі дербес парақшасында жариялап, Дінмұхамед Қонаев туралы фильмнің түсірілімін аяқтауға елден көмек сұрауда.
Режиссердің айтуынша, бұған дейін «Қонаев заманы» (Век Кунаева) деген жоба жеке адамдардың қаражатымен жасалыпты.Оның сөзінше, бүгінгі таңда фильмнің жартысы түсіріліп қойған. «Қазірге дейін 80 түсірілім күнінің 45-і артта қалды, қаңтардан мамырға дейін фильм өз қалтамнан шыққан ақшаға түсірілді. Қазір ондай мүмкіндігім жоқ. Осыған дейін мен сценарий, режиссура үшін өзіме әлі тиын да бөлген жоқпын. Оның үстіне командаға қаңтар айынан бастап қарызбын» деді ол. Режиссер осы күнге дейін фильмге 17,5 млн. теңге жұмсалғанын, енді оны аяқтауға 20-22 млн. теңге жетпей тұрғанын жеткізді. Оның өз күшімен ң қаражат іздеп жүргеніне екі ай болыпты. Бірақ одан нәтиже болмаған. Содан Дінмұхамед Қонаев туралы деректі фильмді аяқтауға асар ұйымдастырмақ болған.«Өткен жылдың қыркүйек айынан «Қонаев заманы» атты толықметражды деректі фильмнің түсірілімімен айналысудамын. Жобаны досымның қолдауымен бастап, жекеменшік қаражат есебінен түсіріліп жатты. Бастапқыда болған екі демеушімнің бірі аяқасты шешімін өзгертіп, жобадан кетті. Енді жоба аяқталмай, түсірілім белгісіз мерзімге созылатын түрі бар», - дейді Ербол Жұмағұл.
Ербол Жұмағұлдың айтуынша, Димаш Ахметұлы туралы жобаны халықтың қаражатына түсіруге әбден лайық. Режиссер жиналған әр тиынның есебін беруге уәде беріп отыр.