Жыл басталмай жатып елімізде азық-түлік бағасының артқаны байқалды. Әсіресе, әлеуметтік маңызы бар 19 түрлі тауар қымбаттаған. Мәселен, биылғы жылдың алғашқы аптасында қарақұмық 1 пайызға, жұмыртқа 0,7 пайызға өскен. Дәл осылай май, ірімшік, пияз, картоп және сәбіздің де бағасы өзгергені анықталып отыр. Елімізде бензин бағасы көтерілсе, жалақы қосылып, зейнетақы өссе, азық-түлік бағасы да қымбаттап кететіні әмбеге аян. Дегенмен өз еліміздің аумағында шығатын тағамдардың бағасын тұрақты ұстап тұру мақсатында 2010 жылы Үкімет әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тізбесін бекітіп берді. Бұл тізімге азық-түліктің 19 түрі енді. Атап өтсек бұл тізімге: ұн, нан, макарон, қарақұмық, күріш, картоп, сәбіз, пияз, қырыққабат, қант, күнбағыс майы, сиыр еті, тауық еті, пастерленген сүт, айран, жұмсақ қаптамада, сары май, тауық жұмыртқасы, аc тұзы, сүзбе кірген болатын.
Президент берген тапсырма
Бірақ тізім болғанымен әлі күнге дейін бағаны тұрақты ұстай алмай келе жатқанымыз шындық. 2019 жылдың қараша айында Ақмола облысына барған Президент Қасым-Жомарт Тоқаев азық-түлік бағасының қымбаттауына жол берген басшылар қызметінен кетеді деді. Оған әлеуметтік маңызға ие тауарлар бағасының инфляцияны басып озғаны себеп болған еді. Бірқатар азық-түліктің құны тіпті екі есеге өскен. Атап айтқанда, өзіміз егіп, жинап шығаратын бидай мен ұнның бағасын тұрақтандыру мүмкін болмай тұрғандығы сөз болды. Көкшетауда ұнның бағасы максималды көрсеткішке жетіп, 47 пайызға қымбаттаған. Мәселені шешуде тұрақтандыру қоры да қауқарсыз көрінеді. Мемлекет басшысы бағаны бетімен жіберген Үкімет пен жергілікті жердегі шенеуніктердің жұмысын қатаң сынға алып, азық-түлік бағасының қымбаттауына жол берген басшылар қызметінен кететінін де айтты.Басшылар орнынан кетпей ме?
Президенттің Ақмола облысына барған сапарынан кейін Премьер-Министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында азық-түлік бағасының өсу мәселесі тағы да қаралды. Үкімет басшысы жыл басынан бері әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына шекті бағалар барлық өңірлерде 15%-дан астам өскенін атап өтті. Қарақұмық жармасы – 62,9%, күріш – 32,3%, ұн 27,8%-ға өсіп, бәрінен қымбаттағаны байқалса, өңірлер тұрғысынан бағаның ең көп өсуі Шымкент пен Қызылорда, Түркістан, Алматы, Көкшетау, Петропавл, Ақтөбе және Таразда тіркелген. – Бұл өңірлер әкімдіктері мен Ауыл шаруашылығы, Ұлттық экономика, Сауда және интеграция министрліктерінің жеткілікті жұмыс жүргізбей отырғанын көрсетеді, – деді жиында А.Мамин. Үкімет басшысының тапсырмасы бойынша, азық-түлік тауарларына баға өсуінің алдын алу мәселесіне жауап беретін Ауыл шаруашылығы, Ұлттық экономика, Сауда және интеграция вице-министрлері және Шымкент пен Алматы қалаларының, Қызылорда, Түркістан, Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Ақтөбе, Жамбыл облыстары әкімдерінің орынбасарлары тәртіптік жауапкершілікке тартылатын болады. Түсініксізі, алдында ғана Президент «жауапты басшылар, өз өңірінде әлеуметтік азық-түліктің қымбаттауына жол берсе жұмысынан кетеді» деген болса, Үкімет басшысы «нақты өз ісіне салғырт қарап, қымбаттауға жол бергендер тәртіптік жауапкершілікке тартылатын болады», – деді. Қисын қайда?Он тоғыз еді, онға түскен бе?
2019 жылдың тамыз айында Үкімет отырысында «азық-түлік бағасы тұрғындардың бақылауында болады, ол үшін арнайы платформа құрылады» деген Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов әлеуметтік маңызы бар 10 тауардың тізімі бекігенін айтты. Сол кезде бағаның шарықтауы ең алдымен елордада байқалды. Нұр-Сұлтанда баға 15,1 пайызға өскен. Одан кейін Жезқазған, үшінші орында Талдықорған қаласы тұрған болатын. Жалпы республика бойынша, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары арасында пияз – 79 пайызға, сәбіз – 59,3 пайызға, картоп – 32,9 пайызға, күріш – 23,8 пайызға және бірінші сұрыпты ұн 15,3 пайызға өскені айтылды. Ұлттық экономика министрінің сөзінше, инфляцияны берілген дәлізде ұстап қалу үшін 10 тауарды анықтаған. Олар – пияз, сәбіз, картоп, қызылша, күріш, ұн, жылқы еті, қой еті, сиыр еті және нан. Тауарлардың осы тобы бойынша күшейтілген бақылау жүргізу, сондай-ақ олардың бағаларын төмендету бойынша шаралар қабылдау ұсынылды. Басында он тоғыз болып бекітілген тізім саны онға дейін түсіп, макарон, қарақұмық, қырыққабат, қант, күнбағыс майы, тауық еті, сүт, айран, сары май, тауық жұмыртқасы, тұз, сүзбенің неге түсіп қалғаны белгісіз. Бұл тағамдар әлеуметтік азық-түлік есебінде қалғаны дұрыс-ау. Өйткені осы тауарлардың бағасының өсуі жиі қайталатыны рас. Әлде, Дәленов тізімде азық-түліктің он тоғыз түрі барын білмей ме?ТҮЙІН:
Азық-түлік тауарларының бағасы өсуінің алдын алу мәселесіне жауап беретін Ауыл шаруашылығы, Ұлттық экономика, Сауда және интеграция вице-министрлері және облыс әкімдерінің орынбасарлары бағаға қарай ма, әлде айға қарай ма? «Өзімізде шығатын тауарлар бағасын ұстап тұруға, немесе шекті баға қоятын уақыт жеткен жоқ па?» дегің келеді осындайда.