Шетелдік 20 блогер бюджет қаржысына Алматыда қалай саяхаттамақшы?
Шетелдік 20 блогер бюджет қаржысына Алматыда қалай саяхаттамақшы?
168
оқылды

Алматы қаласының Туристік ақпараттық орталығы шетелдік 20 блогерге бес күндік тур өткізбекші. Оған қала бюджетінен 26,7 миллионға жуық теңге бөлінеді. Туристік орталық мемлекеттік сатып алу сайтында турды ұйымдастырушыларға ашық байқау жариялады. Aikyn.kz шетелдік блогерлерге қандай тур өткізілетінін және бюджет қаржысын қалай жұмсайтынын анықтады.

Баспасөз-туры екі кезеңге бөлінген. Біреуі биыл 2/3 тоқсанда, екіншісі 3/4 тоқсанда өткізіледі. Әр кезеңде Грузия, Армения, Беларусь, Ресей, Украина, Түркия, Корея, БАӘ және Гонконгтен 20 блогер шақырылады. Олар қаланың мынадай туристік объектілеріне саяхаттайды:
  • Алматы қаласы бойынша шолу экскурсиясы;
  • Қазақ халық музыкалық аспаптар музейі;
  • Алматы музейі;
  • 28 Панфиловшылар паркі;
  • «Көк-Төбе» паркі;
  • Көк базар;
  • «Сұңқар» сұңқар питомнигі;
  • «Гунны» этноауылы;
  • Oi-Qaragai Lesnaya Skazka;
  • Arba Wine жүзім алқабы;
  • «Шарын шатқалы» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі;
  • «Шымбұлақ» тау шаңғы курорты;
  • Медеу мұз айдыны;
  • Көлсай көлі.
Сонымен бірге қазақтың ұлттық тағамдарын дайындау бойынша мастер-класс өткізіліп, ұлттық киіммен фотосессия жасауға қолөнершілер шеберханасына жеткізіледі. 26,7 миллионға жуық теңге қайда жұмсалады? - блогерлерге виза рәсімдеуге; - бару-қайту эконом-класс авиабилетіне; - орыс және ағылшын тілдерінде гид-аудармашыға; - шығарылған жылы 2015 жылдан ерте емес, туристік кластағы автобусқа; - күніне әр адамға 1 литр суға; - 20 адамды үш мезгіл тамақтандыру; - кемі 4-5 жұлдызды қонақүйде әр 20 адамға бір адамдық нөмірлерге (4* жұлдызды қонақүй Абай/Достық даңғылы, Абылай хан/Мақатаев даңғылы арасында, ал 5* жұлдызды қонақүй әл-Фараби /Сейфуллин /Байтұрсынов /Абай /Достық даңғылдарының аралығында болуы керек); - 20 бірлік ұлттық кәдесый және естелік сыйлықтарға. Өнім берушіден турға қатысқан блогерлердің фото және баспа материалдарына сілтемелерді бір айдан кешіктірмей ұсынуын талап еткен. Бірақ ашық байқау сипаттамасында нақ қандай блогер шақырылатыны немесе оларға қойылатын талап көрсетілмеген. Блогерлер дайындайтын медиаөнімдердің сапасы туралы да ештеңе жазылмаған. Бір белгілісі - екі кезеңде барлығы 40 блогердің Алматының туристік орындарында саяхаттау ақысы бюджет есебінен төленеді. Байқауға өнім берушілерден өтінім қабылдау ертең, 3 маусымда басталып, 18 маусымда аяқталады. Айта кетейік, дәл осы туристік орталық мемлекеттік сатып алу сайтында тағы бір тур өткізуге байқау жариялаған. Оған Алматының бюджетінен 4,8 миллион теңге бөлінген. Ол қаржыға ресейлік НТВ телеаранасы "Поедем, поедим!" бағдарламасының редакциясына аспаздық-этнографиялық тур ұйымдастырылады. Кемі алты адамнан тұратын түсірілім тобы Алматыда 15 - 30 маусым аралығында болады. Олардың Мәскеу – Алматы – Мәскеу бағыты бойынша авиабилеті, бесжұлдызды қонақүйде әрқайсысына бірадамдық нөмірде тұру ақысы, үш мезгіл тамақтануы, автобусы, барлық объектіге кедергісіз бару ақысы мемлекеттік бюджет есебінен төленеді.