Тұрғындарды 185 миллион теңгеден астам сомаға алдап соққан алматылық сотталды
Тұрғындарды 185 миллион теңгеден астам сомаға алдап соққан алматылық сотталды
101
оқылды
Алматыда тұрғындарды 185 миллион теңгеден астам сомаға алдап соққан алаяқ сотталды, – деп хабарлайды Polisia.kz. Алматы қалалық Полиция департаментінің мәліметіне сәйкес, 2019 жылдың тамыз айында Дилфуза Алдабергенованың үстінен 64 адамнан арыз түсті. Олар жалпы сомасы 185 миллион 802 мың 400 теңгені құрайтын материалдық залал келтірілгені туралы ұжымдық мәлімдеме жасаған.
"Сотқа дейінгі тергеу барысында анықталғаны, 2018 жылдың маусым айынан бастап, 2019 жылдың қыркүйек айына дейін  азаматша Алдабергенова әлеуметтік желілер арқылы инвестициялық жобаның ашылатынын жариялады. Жобаның мәні букмекерлік кеңселерге, сондай-ақ, әртүрлі бизнес-жобаларға ақша салу арқылы қаражатты көбейту болды. Осылайша, салымшылар 30% және 50% пайда табу үшін банктік карталар арқылы ұйымдастырушыға және басқа адамдарға қаражат аударды, бірақ кейіннен ешқандай пайда таппады. Азаматша Алдабергенова салынған қаражатты қайтарған жоқ. Тергеу барысында күдікті ұсталып, сот шешімімен қамауға алынды", – деді Алматы қалалық Полиция департаменті бастығының орынбасары Рүстем Әбдрахманов.
Тергеу Дилфуза Алдабергенованың кінәсін дәлелдеді. Қылмыстық іс бойынша іс жүргізу куәландырылып, олардың материалдары сотқа жіберілді. Алмалы аудандық сотының судьясы шешімімен ол алты жыл сегіз ай мерзімге бас бостандығынан айырылды.