Маңғыстауда қуаңшылықтан жаппай мал қырылып жатыр  
Маңғыстауда қуаңшылықтан жаппай мал қырылып жатыр  
268
оқылды

Тұрғындар облыс көлемінде төтенше жағдай жариялау керек деп дабыл қағып отыр. Бұл туралы КТК арнасы хабарлады.

Аймақта қуаңшылықтан шөп шықпай қалған.

Шаруа Қарубай Алагөзов: «Бұрынғы жылдары сәуір, мамыр айында жем бермейтін едік. Жерде көк болатын. Биыл көк те болмай қалды. Қазір туған бойда жем беріп отырмыз. Жыл бойы жем беруге мәжбүрміз», – дейді.

Өріске шөп пен су іздеп шыққан жылқылар жаппай қырылып жатыр. Кейбір тұрғындар жерде жатқан жылқыларға қолмен су тасып әлек. Көктемде жаңбыр жаумаған соң, жерге шөп шықпаған. Құдықтағы жерасты суы да тартыла бастаған. Жыл басынан бері өңірде 1400-ге жуық жылқы, қой, түйе қырылды. Жем-шөп  бағасы да шарықтап кеткен. Қазір бір қап кебектің бағасы – 2000 теңге, бір бау шөптің құны 16 000 теңгеге өскен. Сондықтан шаруалар мал азығын алуға мемлекет тарапынан көмек керек дейді. Ал әкімдік мәселені шешуге қаржы бөлінді деп отыр.

Маңғыстау облысы ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы Аслан Сүйебаев: «Облыс әкімінің орынбасары төрағалығымен арнайы штаб құрылып, қазір  штаб Ақтөбеге іссапармен кетті. Мақсаты – екі облыстың арасында жем-шөп тасымалын ұйымдастыру. Маңғыстау облысының шаруа қожалықтарына Ақтөбе облысынан уақытша жайылымға жер беру», – деді.

Бұған дейін Арал ауданында да жаппай мал қырылып жатқанын жазған болатынбыз.