Қаралы хабарды Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева жеткізді.
Министр марқұмның туған-туысына көңіл айтты.Қастек Баянбай 1936 жылы 15 қарашада Алматы облысы Алакөл ауданындағы Талдыбұлақ ауылында туған. Қазақ мемлекеттік университетін бітірген. Еңбек жолын 1960 жылдан бастаған. 1971-1995 жылдары «Жазушы» баспасында редакция меңгерушісі, «Жалын» баспасында бас редактор болды. Балаларға арналған «Арғымақ» деген алғашқы жинағы «Жалын» баспасынан жарық көрді. Ақынның өлеңдері мектеп оқулығына енген, ертегілері бойынша мульфильм түсірілген. Шығармалары орыс, украин, өзбек, болгар, әзербайжан тілдеріне аударылған. 1986 жылы «Тәтті сабақ» жинағы үшін Ілияс Жансүгіров атындағы сыйлық берілді. 2005 жылы «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды.«Ұлттық журналистиканың ардагері, белгілі ақын, «бар әдебиеттің бастауы – балалар әдебиеті» деген Қастек ағамыз өзінің бүкіл саналы ғұмырын балалар әдебиеті жолына арнап, жалынды өлеңдер мен әңгімелер жазды, мазмұнды аудармалар жасады, қазақ журналистикасын дамытуға аянбай еңбек етті. Ағамыздың мол әдеби мұрасы – тозбас рухани қазына болып, зиялы болмысы оқырман қауымның мәңгілік есінде сақталады», – деді министр.