Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны өзінің 10 пәтеріне 324 адамды тіркеген, - деп хабарлайды Polisia.kz. Алдын алу шарасын өткізу кезінде полицейлер 1229 мекенжайды тексерген. Соның нәтижесінде бес мыңға жуық адам тіркелген 58 пәтер анықталды. Тұлғаларды көптеп тіркеуге жол берген пәтер иелеріне қатысты әкімшілік шаралар қабылданған. Үй иелерінен жалған түрде тіркелген азаматтарды тіркеуден алып тастау өтініштері алынды. Өз пәтеріне ең көп адамды заңсыз тіркеу жағдайлары Нұр-Сұлтан қаласының сол жағалауында тіркелген. Мәселен, Есіл ауданының полицейлері иесі бір адам болып табылатын 10 мекенжайды анықтады. Пәтерлердің иесі ЭЦҚ арқылы азаматтарды тұрақты негізде заңсыз тіркеп отырған. Осылайша, ол пәтерлеріне 324 адамды тіркеген. Полицейлер құқық бұзушының әрекеттерін бақылауға алды, оған қатысты заңға сәйкес шаралар қолданылды. Полицейлер сондай-ақ жалған мекенжай бойынша шетелдік азаматтарды заңсыз тіркеу фактілерін жойып, ерекше бақылауына алды. Полиция департаменті тұрғылықты мекенжай бойынша заңсыз тіркеумен айналысып жүрген тұрғындар қолданыстағы заңнамаға сәйкес жауапкершілікке тартылатынын еске салып отыр.