Ақтөбе бір аптадан бері «жасыл» аймақта тұр. Бүгін облыстың бас санитар дәрігері жаңа Қаулы шығарды. Ақтөбе облысында адамдар көп жиналатын конференция, форум, шеру, жиын, ойын-сауық, мерекелік, сондай-ақ отбасылық, салтанатты, естелік және басқа да іс-шараларды өткізуге болмайды. Дегенмен «ASHYQ» жобасы көп кәсіпкердің жұмысын жеңілдетті.
«Бильярд, компьютерлік, боулинг клубтары жұмысын бастай алады. Тек ондағы адам саны мөлшері 30% аспауы тиіс. Сонымен бірге балалардың ойын-сауық орталықтарында адам саны 50-ден аспайды. Банкет залдарында да адам саны 50-ден көп болмауы тиіс. Діни объектілер, оның ішінде мешіт, православие шіркеуі және басқа да діни объектілер аумағында ұжымдық діни іс-шаралар ашық ауада өткізілуі тиіс. Бетперде режимі мен бір адамға кемінде 4 метр есебінен әлеуметтік қашықтық сақталғаны дұрыс»,- деді облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің баспасөз қызметі.Мәдениет, спорт объектілерінде оқу-жаттығу, дайындық жүргізуге рұқсат бар. Көрермен жинауға да мүмкіндік берілді.
«Балалардың түзету кабинеттері, балалар мен ересектердің білім беру орталықтары, жабық базарлар, банктер, ХҚКО, «Қазпошта» АҚ бөлімшелері, сауна, СПА-орталық, бассейндерге еш шектеу жоқ. Балаларды сауықтыру ұйымдары (мектеп жанындағы, қала сыртындағы лагерьлер), асханалар тәулік бойы жұмыс істейді. Ал мейрамхана, дәмхана және кофехана секілді қоғамдық тамақтану объектілері сағат 07:00-ден 02:00-ге дейін қызмет көрсетеді»,- делінген Қаулыда.