Қарағанды облысында зейнеткер сөмкесін тартып алып кетпек болған қаскөйге қарсылық көрсетті, – деп хабарлайды Polisia.kz. 30 мамырда Қарағанды облысы Саран қаласының полиция бөліміне 80 жастағы зейнеткер әйелдің әртүрлі жарақаттармен медициналық мекемеге жатқызылғаны туралы шұғыл хабарлама түсті. Полицейлер зейнеткердің өзін тонамақ болған адамға қарсылық көрсеткен кезде дене жарақатын алғанын анықтады. Таңертең ерте үйден шыққан кейуана шіркеуге бет алған. Екі үйдің арасынан өткен кезде белгісіз біреу оған шабуыл жасайды. Ер адам күш қолданып, сөмкені тартып алмақ болғанымен, қария қарсылық танытып, қолындағы сөмкемен қарақшыны бірнеше рет ұрған. Мұндай тойтарысты күтпеген ұры оқиға орнынан қашып кеткен. Аталған факт бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 191-бабы (Тонау) бойынша қылмыстық іс қозғалды. 1 маусымда жедел іздестіру шаралары барысында криминалдық полиция қызметкерлері күдікті – 25 жастағы ер адамды ұстады. Ол кінәсін мойындады. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.