Сарайлар арасындағы лашықтар
Сарайлар арасындағы лашықтар

Алматыда 20 жылдан бері тозығы жеткен үйлерінің толық қирағанын күтіп жүрген  тұрғындар бар. 1980 жылдары Алматының төрінде жаңа ықшамаудан пайда болған.   Өкінішке қарай, әсем ғимараттардың маңайында ескі лашықтар қалып қойғанын көп адам аңғара қойған жоқ. Ал тұрғындар қалалық әкімдікке де «Nur Otan» партиясына да  шағым айтып, хат жазды.

Құрылыс Достық даңғылынан бас­талғанымен, 90-жылдардағы дағдарыстың салдарынан құрылыс соңына дейін аяқ­талмады. Сол себепті көпқабатты зәулім үйлердің көлеңкесінде тозығы жеткен лашықтар бұзылмай қалып қойды. Бұларды кезінде жұмысшыларға арналған уақытша тұрғын үй ретінде пайдаланған. Жұмысшылардың уақытша үйінде тұратын тұрғынның бірі – Дамира Сабирова. «Біздің де жағдайы жақсы үйде тұрғымыз келеді. Біз бұл үйге 1961 жылы көшіп келдік. Ол кезде менің жасым 10-да болатын. Одан бері де 60 жыл өтті. Осы 60 жыл ішінде қаншама зәулім ғимарат салынды. Бірақ біздің «тозығы» жеткен үйлерді бұзып, қиратуды ұмытып кеткен секілді», – дейді тұрғын.

Жедел жәрдем келмейді

– Бұл үй 1947 жылы салынған. Әбден тозығы жеткен. Ыстық су жоқ. Кей пәтердің дәретханасы далада. 30 жыл болды, осы үйдің аумағын сатып алғысы келетіндер көп. Себебі бұл аудан жақсы жерде орналасқан. Бірақ келісімшартқа қол қойып, бізге ыңғайлы жерден баспана береміз деген тиімді шешім қабылданса да, тоқтап қала береді. Бірнеше рет осылай болды. «Диал строй» компаниясы ғана бірқабатты тұрғын үйді сатып алып, ақшасын төлеп, аумақты қоршап, құрылыс жұмыстарына кірісіп жатқан. Бұған кедергі келтірген қарсы орналасқан 5 қабатты үйдің тұрғындары. Олардың пікірінше, мұнда көпқабатты үй салса ауасы тарылады-мыс. Халық қаншама жылдан бері ыстық сусыз өмір сүріп жатыр. ПИК те қызмет көрсетпейді. Жедел жәрдем шақырсақ, мекенжайды таппайды. Себебі біздің мекенжай базада жоқ. Бірақ есесіне төлемақы түбіртегі келіп тұрады, – дейді жергілікті тұрғын Александр. лашық «Қысқасы, біз қорапта өмір сүріп жатырмыз. Суды өшіріп тастады. Қыста, көктемде шатырдан су тамшылайды. Біздің үйдегі пәтердің жартысы сатылды. Қазір 3-4 пәтер қалды. Жүгімізді буып-түйіп, басқа үй алмақшы боп алғашқы төлемақы 1 млн 250 мың теңге құйып қойып едім, әлгі үйдегі дөкейлердің кесірінен мәселе бір орнында тұр. Сөйтіп, құйған ақшам желге ұшты. Мұнда дәл осындай 2 қабаттық 3 үй бар. Көбі жөндеу жұмыстарын жасап алды. Ал біз көшкіміз келеді. Бірақ бәрі бірдей ауызбірлік танытып кетпеген соң, «Аққу – көкке, шортан – көлге, шаян – шөлге» тартқанның кері», – дейді тағы бір тұрғын.

Жаңа үйге көшсек деген арманы бар

– «Ескі үйлер бұзылады» деген әңгімені естігелі де пәленбай жыл. Егер бізге дәл осы ауданнан пәтер сатып алуға жететін ақша берсе немесе осы орынға салынатын үйден ешқандай қосымша төлемсіз берсе, келісер едім. Әйтпесе, мыналардың шарты тиімсіз. Осы уақытқа дейін талай құрылыс компаниясы келді. Тіпті, жанымыздағы қымбат тұрғын үй кешенінен пәтер беруге де келіскен. Алайда біздің үйде дәмханасы бар кәсіпкер тұрған. Сол кісі келіспеген көрінеді. Қазір құрылыс компанияларының ұсынып отырған ақшасы аз. Сол үшін де тұрғындар бас тартып отыр, – дейді жергілікті тұрғын Риза Жақсыбаева. Тұрғындар жанайқайын ешкім тың­дамаған соң, амалсыз хат жазуға мәжбүр болыпты. Алматы қаласының әкі­мі Бақытжан Сағынтаевтың атына, «Nur Otan» партиясына және Бала құқықтары жөніндегі өкіл Аружан Саинға арнайы хат жолдапты. Хатында: «Самал» ықшам­ауданының тұрғындары еріксіз хат жазуға мәжбүр болдық. Біз ондаған жылдар бойы «бұзамыз» деген уәдені естіп келеміз. Әлі күнге бұл ауданның кей тұрғындары тозығы жеткен үйлерде тұрып жатыр. Біз де, біздің балаларымыз да қауіпсіз өмір сүргенін қалаймыз. ХХ ғасырдың 80-жылдарынан бастап біз осы казармада, ұзақ жылдар бойы апатты жағдайда тұрған үйлерде тұрып келеміз. 20 жылдан бері тозығы жеткен үйлерді бұзып, тұрмыстық жағдайымызды жақсартуға мүмкіндік береміз деп уәде берген. Бірақ мәселе әлі шешімін тапқан жоқ», – дейді тұрғындар. Олар ұзақ жылдар бойы қариялардың осындай қорқынышты жағдайда өмір сүргенін, олардың көпшілігі жаңа пәтерді күтпей қайтыс болғанын жазады. Өкінішке қарай, қариялар тұрған тозығы жеткен пәтерде енді балалары мен немерелері тұрып жатыр. «Біз қоғамнан алшақ емеспіз, біз басқалармен бірдейміз, біз де күн сайын жұмыс істейміз, балаларды балабақша мен мектепке апарамыз, ұрпағымызға не қалады деп алаңдаймыз. Қашанға дейін осындай жағдайда өмір сүрмекпіз?» деп қамығады тұрғындар. Ескі үйлердің көбінің төбесі шіріген. Жаңбыр жауса, үйге су тамшылайды. Ескі үйлердің шатырлары да кез келген уақытта құлап кетуі ғажап емес. Шатырды бірнеше рет жөндеп, қайта тұрғызған. Алайда одан да пайда болмапты. лашық Олардың да өз арманы бар: ол жақсы үйде тұру. «ХХ ғасырдың 60-80 жылдары көптеген жергілікті тұрғындар осында көшіп келген. Бала кезінен осында тұрып, осы аймаққа үйреніп қалғандар бар. Бір кездері 5 қабатты үйлер салынып бас­тағанда, соған да қуанып қалып едік. Алайда қазір заман басқа. Қаншама зәулім үйлер салынып жатыр. Инфрақұрылымы да бөлек. Сол ғажайыптардың арасында көзге шыққан сүйелдей болып, біздің ескі лашығымыз қалған», – дейді. Олар тіпті дәрігерге де уақытылы қарала алмайды. Өйткені жедел жәрдем шақыру мұң. Ал дәрігерге ақылы қаралуға жағдайлары кел­мейді. Олар да өзге алматылықтар секілді осы қаланың тұрғындары емес пе? Олар­дың тегін қызметті пайдалануына мүм­кіндік жоқ па? Тұрғындар қымбат үйлерді емес, жағдайы жақсы баспаналы болуды ғана мақсат тұтады. Әзірге бұл олар үшін арман болып тұр. Әкім тұрғындардың мұңын түсіне қойса, жақсы. Күні ертең то­зығы жеткен үйлер өз-өзінен қирап қал­масына кім кепіл? Қалай десек те, тұр­ғындардың жанайқайына құлақ асатын мезгіл жетті. Тек «қолымызды мезгілінен кеш сермемей», дер кезінде шешім шығар­са ләзім. Бастысы, тұрғындар жаңа үйге көшуге әзір, оған инвестиция бөлетін жандар болса болды.

Мәселе Мәжіліске дейін жетті

«Самал» ықшамауданындағы қамыс пен ағаштан өріліп салынған ескі үйлердің жағдайына Парламент депутаттары да алаңдаушылық танытты. Жақында депутат Ирина Смирнова көптен бері дау болып жатқан ықшамаудандағы тозығы жеткен үйлердің тұрғындарымен кездесті. Тұр­ғындар мұнда тұрмысқа керекті қарапайым қажеттіліктерге зәру болып отырғанын айтты. Ыстық су жоқ, дәретхана далада, ал үйдің шатырларынан су сорғалап тұр. Осы жердегі ескі ғимараттарды сатып алып, ескі үйлердің де мәселесін шешуге «GAB Construction» компаниясы дайын отыр. Құрылыс кәсіпорны бұл ескі үйлердің иелеріне жартылай өтемақы беріп, үйлерін сатып алған. Бірақ көршілес орналасқан, ауданда кейінірек салынған көпқабатты үйдің тұрғындары бұл процестің аяқ­талуына кедергі келтіріп отыр. Тұрғындар тозығы жеткен үйлердің орнына жаңа баспана салуға қарсы секілді. Оның ор­нына саябақ салынса дейді. Достық даң­ғылы мен Снегин көшелерінің қиылысын­дағы үйлердің тұрғындарымен танысуға келген депутат Ирина Смирнова тарап­тарды ортақ консенсусқа шақырды. Ол өткен ғасырдың 30-шы жылдарында салынған баспаналардың осылай тұра беруі мүмкін емес екенін айтады. Мерді­герлер ескі үйлердің орнына салынатын баспаналар бұл аймақтағы жердің 20 пайызын ғана толтыратынын, қалған ау­мақта адам өміріне жайлы инфра­құрылым­дар болатынына сендірді. Соның ішінде көршілес орналасқан көпқабатты үйдің тұрғындары үшін реновация жобасы сквер мен саябақ аумақтары да қарас­тырылғанын айтып отыр. «Әрине, кез-келген адам жайлы ортада өмір сүруге құқылы. Бірақ өткен ғасырдың басынан бері осы жердегі барак үйлерде тұрып келген тұрғындарды да түсіну керек. Олар соңғы 20 жылда үйлері бұзылып, жаңа пәтер аламыз деген үмітпен отырды. Тұрғындар баспаналарын осы уақыт ішінде не жөндерін, не жағдайын жасап тұру керегін білмей, белгісіздікпен күн кешіп отыр. Оның үстіне үйлерін де өз еріктерімен сата алмайды. Ал осы жобаға қарсылық танытып отырған екінші тарапты тыңдаған соң, олардың да талаптарын да ескерусіз қалдыруға болмайтынын айтқым келеді. Құрылыс компаниясы бұл сұрақтарды жіті қарастыруы керек», – дейді мәжіліс депутаты. лашықҚұрылысты салушы компания өкілі Бақыт Рымжанов Жер кодексіне сәйкес жобалау жұмыстары мен құрылысқа рұқсат беретін құжаттар толық екенін айтады. Алматы қаласы әкімінің 2021 жылғы 26 қаңтардағы қаулысына сәйкес Самал-2 ықшам ауданындағы тозығы жеткен үйлердің орнына 600 пәтерлік 1 кіре берісі бар көпқабатты үй салу жобасы мақұлданған. Кәсіпорын осы күнге дейін 1,7 млрд теңге жеке қаражатты ескі үйлердің тұрғындарына өтемақы ретінде төлеп үлгерген. Жоба аясында үйлердің астына екі қабатты автотұрақ салынады. Жақын маңдағы бұрын салынған үйлердің тығыздығына ешқандай кері әсері болмайды. Ал Достық даңғылы бойындағы үш кіреберісі бар ескі үш үй бұзылып, оның орнына салынған жаңа баспаналардың астыңғы екі қабатты әлеуметтік мекемелерге берілетін болады. «Ол жерде амбулаториялық емдеу орны, учаскелік полиция пункті, балаларды дамыту орталықтары мен дәріханаға беріледі» дейді құрылыс мекемесінің өкілі. Алматыда Бостандық ауданындағы көппәтерлі екіқабатты үйдің төбесі пәтер­лердің бірінің ішіне құлаған. Бұқар жырау көшесі №67 үйдегі тұрғындардың айтуын­ша, баспана 1956 жылы салынған. Реновация бағдарламасы бойынша бұзы­лып, орнына жаңасы салынуы керек бол­ған. Алайда соңғы кездері бұл ауданда да ескі үйлердің бұзылуына қарсылық таны­тып жатқандар бар. Ал қираған пәтерде төрт ересек адам мен екі бала тұрады. Шаңырағы опырылып ортасына түскен апат кезінде балалар үйде болмапты. Өзге де зардап шегушілер жоқ. Төрт пәтерлі кіреберістегі тұрғындар қазір қонақүйге көшірілді. «Қала құрылысын бақылау басқармасының мамандары оқиға орнын зерттеп, үйді апатты деп тану үшін арнайы сараптама жүргізетін болды» делінген Алматы қаласы әкімдігі таратқан хабар­ламада.  

Айым БЕКТҰР