Әкім сайлауы: бас-басына би болмаса игі...
Әкім сайлауы: бас-басына  би болмаса игі...
142
оқылды

Биыл еліміздің саяси өміріндегі елеулі оқиға – ауыл әкімдерін сайлау өтеді. Тиісті заң қабылданды, қаржы­сы қарастырылды. Білетіндер  ауыл әкімдерін сайлау демократия­лық үр­дістерді жетілдіріп,  бұқараның би­лікке деген сенімін арттыруға ықпал ететінін алға тартады. «Nur  Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасында да жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін жетілдіру мәселесі қарастырылған. Дегенмен  көкей­де түрлі сауал да жоқ емес.

800-ден астам әкім сайланады

Деректерге қарағанда, биыл 856 әкім сайланады. Жалпы, елімізде бұқараның таңдауы түсетін әкім  лауазымының  саны – 2 345. Демек, Қазақстанда жыл сайын сайлау өтеді деген сөз. Өйткені үш жыл ішінде аудандық маңызы бар қалалардың, ауыл­дардың, кенттердің, ауылдық округтердің әкімдері сайланып бітуі керек. Осы сайлауға 17 млрд теңгеден астам қаржы қарастырылғаны тағы бар. Сөйтіп, Конституцияның 33-бабы 2-тармағында көрсетілген республика азаматтарының  сайлауға және сайлануға деген құқының тура мағынасында жүзеге асырылуы осы әкім сайлауында көрініс береді. Себебі әкім болуға үміткер азамат өз-өзін  ұсына алады. Мәслихат пен  Парламент Мәжілісіне  депутат болу үшін үміткерді саяси партиялар ұсынуы тиіс. Сөйте тұра әкімдерді сайлауға партиялар да үміткер ұсынады.  Демек, әкім сайлауы ішінара партиялар бәсекесіне айналады деген сөз. Оған партиялар қазірден-ақ дайындалып жатыр.

Бұқараның танитыны – әкімдер

Негізі, мемлекеттік  қызметшілердің ішінде  ең танымалы, бәлкім әкімдер шығар. Әрине, бұл жерде  үнемі масс-медиада пікір білдіріп,  телеэфирлерден көрсетіліп жататын министрлер мен депутаттарды жұрт білмейді деуден аулақпыз. Алайда  бұқараға ең жақыны – әкімдер. Оның өзінде аудандық маңызы бар қалалардың,  кенттердің, ауылдық округтердің әкімдері. Өйткені  халық түрлі мәселелер бойынша алдымен әкімдерге жүгінеді. Демек,  «билік» ұғымы жайлы бұқараның түсінігі әкімдерді көрген соң қалыптасатын болса керек. Әрі  мемлекеттік биліктің халықпен тікелей жұмыс істейтін бөлігі де жергілікті әкімдіктер. Сондықтан  әкім сайлау ісі өзекті болып отыр. Бірқатар сарапшылардың  бұл шараны  демократиялық қадам деп бағалауы содан. Ал алдағы  үш жылда  жалпы әкімдер корпусының 91 пайызы сайланатынын ескерсек, шынында да  биыл басталған  шараның маңызы зор. Өйткені  әкімдерді сайлау  алдымен  елді мекендерді басқарып отырған азаматтарға қосымша жауапкершілік жүктесе,  одан соң халықтың  түрлі шешімдер қабылдауға ықпалы артады.  Үшіншіден, сайлау жүйесіне көзқарас өзгеруі мүмкін. Бәлкім,  өз әкімдерін  таңдау сәтінде әр дауыстың маңызды екенін түсінген бұқара кейін мәслихат, Парламент депутаттарын сайлау кезінде мұндайға өзгеше ұстаныммен қатысуы ықтимал. Яғни, әр дауыстың маңызды екенін саналы түрде бағалауы ғажап емес. Сонымен қатар әкімдерді сайлау  тұтас Орталық Азиядағы жергілікті өзін-өзі басқару жүйесіне өзгеріс әкелуі мүмкін. Себебі көрші отырған мемлекеттер бір-біріндегі жаңалықты қабылдауға құмар келетін кездері болады. Парламент Мәжілісінің депутаты Айдос Сарым  «Nur Otan Trends»  пікір алмасу алаңында  осы ойды айтты. Сонымен қатар А.Сарым  әкімдер сайлауы жергілікті басқару жүйесіне кешенді өзгерістер әкелетінін де атап өтті. Біріншіден, жергілікті бюджет қалып­тастыру туралы құқықтық нормалармен  күшей­тілді.  Екіншіден,  бірқатар салық түсімдері  жергілікті жерлерде, ауылдарда, елді мекендерде қалатын болды. Ал салықтың бірқатар бөлігінің жергілікті бюджетке түсуі  шағын және орта бизнесті   дамытуға әкімнің  өзін мүдделі етеді. Тіпті, ауылдағы, елді мекендегі кейбір мәселелерді шешу үшін бизнес өкілдеріне кіріптар болып, демеуші іздеудің қажеті қалмайды. Бұл енді идеал, мінсіз жұмыс істеген жағдайда қол жететін нәтижелер. Бірақ «үйдегі ойды базардағы сауда бұзады» дейтін қанатты сөз тағы бар.

Болыс сайлауына ұқсап кетсе ше?

Әрине, идеал жағдайда ауыл әкімдерін сайлаудың  берері мол  тәрізді. Бұл қадамның артықшылығын айттық. Оның үстіне  еліміздің түрлі аймақтарында  тәуір дамып келе жатқан ауылдар да көп. Әсіресе, түстік жақ тұрғын­дары­ның саны жөнінен теріскейдегі кейбір қалашықтардан, тіпті аудандардан асып тү­сетін ауылдар бар. Бәлкім, сайлау сондай елді мекендерде тартысты өтуі мүмкін.  Алайда сайлауға қатысудың жөні осы деп, ел ішіне іріткі салуды  көздейтіндер шықса ше? Міне, мәселе – осында. Әдетте, ел ішінде  руға, жершілдікке бөліну  кездесіп тұрады. Бұл жағдай кейде сыбайластыққа дейін жетуі мүмкін. Күнгей жақта айтылатын  рушылдыққа қатысты әңгімелердің азды-көпті қауесеті мен  қоспасы болғанымен, астарында шындық жатыр. Егер сайлау ісіне  туысшылдық, жершілдік, рушылдық араласар болса, түбі жақсы нәтиже шықпайды. Дегенмен кейбір мамандар  ондай оқиғалар аз болады деген сенімде. Түркістан облысында біраз жылдардан бері әлеуметтанушылық зерттеу жасап жүрген сарапшы Бектай Орман да осындай пікірде. «Ауыл әкімдерін сайлау кезінде  ру ғана емес, туыстық қарым-қатынас, жерлестік, бірге қызметтес болу деген секілді  кейбір белгілерге байланысты бөлінушілік байқалуы мүмкін.  Бірақ ру мәселесі қатты үстемдік құрады деп ойламаймын. Рас, кейбір ауылдарда аталған жағдай көрініс табуы ықтимал. Алайда қазір  бұл мәселе қатты ушығып тұрған жоқ. Шынында, қауесеті  көп тақырып – бұл.  Әрине, оңтүстік  өңір болғандықтан,  рушылдық, жершілдік, тамыр-таныстықтың сайлауға ықпал етуі белгілі бір дәрежеде байқалуы ғажап емес. Алайда ондай оқиғаларды алдымен анықтау қажет. Яғни, рушылдықтың әсерінен сайлауда жеңіске жеткен әкім болса, оны тауып, дәлелдеу керек.  Сондықтан мұндай әңгімелер ел ішін кезіп жүретін қауесет деңгейінен аспайтын шығар деп үміттенемін», – дейді Б.Орман. Ал қоғам белсендісі,  Президент жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі Ауыт Мұқибек  ауыл әкімдерін сайлауда кетуі мүмкін кемшіліктер кейін түзетілетінін  атап өтті. «Әрине, ауыл әкімдерін сайлауда кемшіліктер болады. Ол заңдағы олқылықтан емес, жергілікті жердегі таңдаудан болуы мүмкін. Тіпті, көбірек болуы да ықтимал. Ол – рушылдық пен жершілдіктен туындайды деп ойлаймын. Бірақ олардан қорықпау керек. Оның да өзіндік пайдасы бар, тәжірибе жиналады. Оның үстіне бұл бірінші рет өткізілгелі отырған сайлау. Бүгін кеткен кемшілік, келесіде түзетіледі. Әкімді сайлай білген жұрттың, кетіруге де құқығы бар дегендей. Сөйтіп, халық бұл кезеңнен де  өтеді. Ең бастысы, ауыл әкімдері ұйқысынан оянып, жоғары жақтан гөрі төменге көбірек қарайтын, тіпті жалтақтайтын болады. Халықтың талабы мен әкімнің жауапкершілігі күшейеді», – деді А.Мұқибек. Бір сөзбен айтқанда, сарапшылардың басым бөлігі ауыл әкімдерін сайлау ертедегі  болыс сайлауына ұқсамайды деген пікірде. Рас, ауыл арасында дау-жанжал, келіспеушіліктер болуы мүмкін. Бірақ  патшалық Ресейге бодан болған кезіміздегідей ұлыққа пара беріп, сол арқылы болыс болып сайланатын заман емес қазір. Бұқараның көзі ашық, көкірегі ояу. Оның үстіне сайлау қарсаңында  жұмсалатын барлық қаржы бақылауда. Алайда дәл осындай сайлау кезінде гибридті тәсілдер арқылы өзінің Қазақстандағы ықпалын күшейтуді көздейтін сыртқы күштер табылуы мүмкін. Әсіресе, шығыс және теріскей аймақтарда мұндай қауіп жоқ емес. Ресей саясаткерлерінің Қазақстанның ішкі істеріне жиі араласып, аумақтық тұтастығына күмән келтіретін мәлімдемелері азаймай отыр. Былтырдан  бері тіптен  көбейді. Мұндайда ауыл әкімдерін сайлауда билік құрылымдары мен  бұқараның қырағылығы керек-ақ.  Бәлкім,  үміткерлерді партиялардың және сайлауға  үміткер  ретінде 2 адам қатыспаған жағдайда аудан әкімінің ұсынуына мүмкіндіктің берілуі  осындай қатердің алдын алу үшін жасалды ма, кім білсін?! Әйтеуір, биыл  күзде үлкен саяси науқан болайын деп тұр.  

Ардақ СҰЛТАН