Қарашүңгілден Қашағанға дейін
Қарашүңгілден Қашағанға дейін

Қазақстан – бүгінде әлемдегі ірі мұнай экспорттаушы елдердің бірі. Еліміздегі мұнай-газ саласының тарихы тәуелсіздік алғаннан да тым әріден басталады. Биыл қазақ мұнайына 122 жыл толып отыр. 1899 жылы қараша айында Атырау облысындағы Қарашүңгіл кен орнынан ең алғаш рет мұнай бұрқағы атқылаған болатын. XVII ғасырдың соңында «Ембі-Каспий серіктестігі» Қарашүңгіл кен орнында 38 метрден 275 метрге дейінгі тереңдікте 21 ұңғы бұрғылаған екен. Соның №7 ұңғысынан 40 метр тереңдіктен мұнай шыққан. Оның тәуліктік өнімі 22-25 тоннаны құрапты. Пайдалану мерізімінде бұл ұңғыдан 5 мың тонна мұнай өндірілген екен. Осылайша, Ембі аймағында мұнайдың өнеркәсіптік қоры бар екені дәлелденді.

Халықаралық нарыққа жол

Тәуелсіздік бізге халықаралық нарыққа жол ашқаны белгілі. Өйткені бұған дейін шетелдермен мәселе тек қана Мәскеу арқылы ше­­­­­шілетін. Сондықтан да елімізде мұнай-газ саласында ең алғашқы қабылданған заңдардың бірі «Шетелдік инвестициялар туралы» болды. Қазақстан осы­лай­­ша өз бетінше америкалық «Шев­­­рон» корпорациясымен Аты­­­­­рау облы­сындағы ең үлкен Теңіз кен орнын игеру мақсатыда біріккен кәсіпорын құру туралы келіссөздер жүргізуді бастады. Бұл одан кейінгі ел эко­­­номикасының бойына қан жү­­­гірткен халықаралық әріптес­­­­тіктің басы еді. Өйткені Қарашы­ғанақ, Өзен, Жаңажол кен орын­­­дары өз кезегін күтіп тұрған-ды. Респуб­ликаның сол кездегі эко­­­­номикасына баға берген Елбасы оның «ес-түссіз жатқанын» атап өткен болатын. Оны тірілту үшін шетелдік валюта ауадай қажет еді. Ал дербес ел ретінде жаңа ғана ба­сын көтерген Қазақстан үшін сол уақыттағы әлем нарығында үлкен сұранысқа ие және бәсекеге қабі­­­летті жалғыз тауар осы мұнай болды. Ат жалын тартып мінген жас баладай тәуелсіз еліміз «мұнай-газ өнеркәсібі» сынды жарау жүйрікке еркін отырып, азаттықтың саф ауа­­сымен тыныстап, қажырлы да даң­ғыл тарих жолына түскен болатын. Елбасы Нұрсұлтан Назар­баев саланы аяқтан тұрғызу үшін барлық мүмкіндікті пайда­­ланды. Прези­­денттің Жарлығымен елі­мізде Энергетика және отын ресурстары министрлігі құрылды. Ауыр ма­­­шина құрастыру, мұнай өндіру және мұнай өңдеу сияқты өнер­­­кәсіп бір ведомствоға топтас­ты­­­рылды. Сонымен қатар мұнай та­сымалдау жүйесі де тәртіпке келтіріле бастады. Бұрын Мәскеуге бағынған құбыр желісі басқар­­маларының негізінде «Оңтүстік­­­мұнайқұбыры» ӨБ мен «Қазақстан және Орталық Азия магистральді мұнай құбырлары» ӨБ құрылды. Тәуелсіздіктің алғашқы жылы мұ­най-газ саласы бұған дейінгі ек­пінмен жұмысын жалғастырып жатқан болатын. Кен орындарынан алынған мұнай дәстүрлі «Атырау–Самара» құбырымен экспортқа жөнелтіліп жатты. 1991 жылдың қорытындысы бойынша, Қазақ­станның мұнай өндіру көлемі 26,6 млн тонна болды. Әйтсе де, кез келген кәсіптің шығыны болатыны секілді жаңа кен орындарын іске қосу, қосалқы бөлшектер мен реагенттер алу сияқты тағы да бас­қа көптеген шығын үшін дәл сол уақытта Қазақстанның ақшасы болған жоқ. Әрі өндірілген мұ­найды әлемдік нарықта сату да сон­ша­­лықты оңай бола қоймады. Осын­­дай қиындықтар нәтижесінде 1992 жылдың алғашқы күндерінен мұнай өндіру көлемі төмендей бастады. Жыл соңында бұл көр­­сеткіш 25,8 млн тоннаны құ­рады. Бұл құлдырау 1996 жылға дейін жалғасты. Мұндай тығы­рықтан шығудың бір жолы мемлекеттік тұралап қалған кә­сіпорындарды жекеменшікке сату болды. Осы­­­лайша, 1997 жыл­дан бастап Қа­­зақстан қайтадан өр­кендеу жолына түсті. 1991 жылы шикі мұнай мен газ конденсатының өндірісі рес­­­­публикамыздың өнер­кәсіптік өндірісінің жалпы кө­­­лемінің небәрі 2,5%-ын құраған болса, одан 20 жыл өткенде, яғни 2011 жылы бұл көрсеткіш 53,8%-ды құрады. Енді бүгінде мұнай-газ секторы еліміздің ЖІӨ-нің 15%-ын алып отыр. Ел қазынасына тү­сімнің 44%-ы осы саладағы ком­пания­лардан түседі. Еліміздегі ең ірі 30 салық төлеу­­­шінің 18-і мұнай-газ компа­­­­ниялары. Мәселен, 2019 жылы олар бюджетке 4,3 трлн тең­гедей түсім түсірген екен.

Түбек танабынан теңіз табанына дейін

Теңіз табанынан мұнай өндіру Кеңес Одағында өткен ғасырдың 20-жылдары басталғанымен, ол Каспий теңізінің шығысында Баку маңындағы кен орындарында жасанды аралдар салудан әріге аспады. Ал 70-жылдары өндіріске енгізілген қалқымалы бұрғылау қондырғылары көбіне солтүстік теңіздерде және Каспийдің Әзер­байжан бетінде қолданылды да, қазақстандық сектор игерілмей қалып қойды. Бұл егеменді жас елімізге жаңаша мүмкіндіктер сый­лады деуге болады. Осылайша, тәуелсіз Қазақстанда түбек танабы мен теңіз табанын иегеру қоса қабат өрбіді. Ендеше еліміздің мұнай-газ саласындағы соңғы 30 жылдағы ең ірі деген оқиғаларға тоқталып өтелік: 1992 жыл – Теңіз кен орнынан өндірілетін мұнайды Қара теңіздегі Новороссийск портына жеткізу үшін Қазақстан, Ресей және Оман мемлекеттері бірігіп Каспий құбыр желісі консорциумын (КТК) құр­­ды. Осы жылы Қа­зақстан «Аджип» (Италия) және «Бритиш Газ» (Ұлыбритания) компания­ларымен Қарашығанақ кен орнындағы мұнай-газ кон­денсатын өңдеу туралы келісімге қол қойды. 1993 жыл – 4 ақпан күні «Қа­зақТүрікМұнай» Қазақстан–Түр­кия кәсіпорны құрылды. Бұл ел тарихындағы ең алғашқы біріккен кәсіпорын болатын. Ал наурыз айында Каспий теңізінің қазақ­стандық секторына барлау жүр­гізуге арналған «Қазақ­стан­КаспийШельф» (ККШ) компа­­ниясы өмірге келді. 6 сәуір күні ел Үкіметі мен америкалық «Шеврон» компаниясының арасында 40 жыл­ға келісімшарт жасалды. Бұл «ғасыр келісімшарты» деп аталды. 3 жел­­­­тоқ­санда Каспийдің қазақ­стандық шельфінде геологиялық барлау жұмыстарын жүргізуге арналған халықаралық консор­циумды (ОКИОК) құру туралы келісімге қол қойылды. Консор­циум «Аджип», «Бритиш Петро­леум», «Статойл», «Бритиш Газ», «Мобил», «Тоталь», «Шелл» сияқты шетелдік 7 компаниядан және оператор ретіндегі «Қазақ­стан­Каспий­­Шельф» компания­сынан тұрды. 1995 жылы 28 шілде күні ҚР Президентінің заң күші бар «Мұнай туралы» Жарлығы шықты. 1996 жылы 9 шілдеде Каспий жаға­лауындағы мемлекеттердің әріп­тестік қағидаттары туралы келісімге қол қойылды. 1997 жылы 4 нау­рызда Мұнай-газ өнеркәсібі ми­нистрлігі таратылып, оның орнына «ҚазақОйл» ұлттық мұнай ком­паниясы өмірге келді. 2 сәуір күні мұнай тасымалдау бойынша «ҚазТрансОйл» ұлттық ком­паниясы құрылды. Осы жылы еліміздің мұнай-газ секторында кәсіпорындарды жекешелендіру басталды. Ең алғашқы болып маусым айында «АқтөбеМұнайГаз» АҚ-ның 60% бақылау акция па­кеттері Қытай ұлттық мұнай ком­паниясына (КННК) сатылды. 1998 жылы 14 шілдеде теңіз та­банынан ең алғашқы мұнай бұр­ғылау жұмыстары басталды. «Ар­ман» Қазақстан–Америка бір­лескен кәсіпорнының «Өлі қол­­тық» кен орнында қазған ұңғыға арналып таяз суда арнайы жасанды арал – «берма» тұрғызылды. Ал 1999 жылы мамыр айында КТК құбыр желісінің құрылысы бас­талды. Маусым айында Астра­хандағы кеме жасау зауытынан ең алғашқы қазақстандық «Сұңқар» қалқымалы бұрғылау қондырғысы суға түсірілді. Осы жылы 12 та­мызда ОКИОК консорциумы «Шы­ғыс Қашаған-1» кен орнынан іздеу ұңғысын қаза бастады. Теңіз шельфіне бұрғы салынған бұл тарихи оқиға Қазақстан мұ­найы­ның 100 жылдығына тұспа-тұс келді. Қыркүйек айында айтулы мереке Атырау қаласында кең көлемде аталып өтілді.

Жаңа мыңжылдықтағы жаңаша тыныс

2000 жыл – ақпан айында «ҚазТрансОйл» ҰК-ға еншілес «ҚазТрансГаз» құрылымы өмірге келді. Осы жылы Солтүстік Кас­пий­­­­­де ең ірі мұнай қоры бар «Қаша­ған» кен орны ашылды. 2001 жыл ақпан айында италиялық «ЭНИ» компаниялар тобы Қазақстанның Солтүстік Каспий жағалауындағы кен орындарын өңдеу жөніндегі бірыңғай оператор ретінде таңда­­лып алынды. 2002 жылы 20 ақпанда Қазақстанның мұнай-газ кеше­ніндегі мүддесін қорғау мақсатында Президент Жарлығымен 100% мем­­­­лекеттік үлеспен «Қаз­Мұнай­Газ» ұлттық компаниясы» АҚ құ­рылды. 3 мамырда Н.Назарбаев пен В.Путин тарихи құжатқа – Ресей мен Қазақстан арасында Каспий теңізі­­­­нің солтүстік бөлігін бөлу бойын­­­ша Келісім хаттамасына қол қойды. 2004 жылы (қазан) Қазақстан–Қытай арасындағы «Атасу – Ала­шанқай» мұнай құбырының құ­­рылысы басталды. Осы жылы Қа­зақстанда мұнай сапасының банкі құрылды. 2005 жылы мамыр айында Ақтау қаласында «Астана» танкері Қазақстан теңіз флотына қабыл­данды. Бұл іс жүзінде ұлттық флот­тың құрылуы еді. 2006 жылы 20 шіл­деде «Атасу – Алашанқай» мұ­най құбыры коммерциялық пай­­да­­лануға қабылданды. 2009 жыл – Қазақстан–Қытай газ құбырының бірінші тармағы қолданысқа берілді. 2011 жыл – Маңғыстау мұ­найына 50 жыл толды. Сондай-ақ соңғы жылдардағы еліміздің мұ­най-газ саласындағы жетістік­терінің ішінен 2017 жылы Батыс Қазақстан облысындағы Рож­ковское кен ор­нынан жаңадан мұ­най қоры та­былғанын атап ке­туге болады. Одан бөлек, Жарқұм кен орнының тә­жірибелік-өнер­кәсіптік пайда­лануға берілгені де еліміздің энер­гетикалық қауіп­сіздік саласындағы үлкен жетістік болып отыр. Толық өндірістік қуа­тына көшкен кезде бұл жоба Жамбыл облысын алдағы 30 жыл бойы газ­бен қамтуға еркін жетпек. Бұл оңтүстік өңірлерді Өзбекстан газы­ның импортына тәуелділіктен құтқармақ. Тәуелсіздіктің 30 жылдығын Қазақстан мұнай-газ саласының өркендеген дәуірімен қарсы алып отыр. Бүгінде елімізде 250 мұнай-газ кен орны болса, оларды өңдеуді жүзеге асыратын ком­паниялар саны 100-ге жетті. Соңғы бес жылда елімізде мұнай өндірісі тұрақты түрде өсім көр­сетіп келеді. Тіпті, ел та­рихындағы рекордтық көр­сеткішке жетті десе де болады. Осы кезеңде кө­мір­сутегін өндіру жы­лына орташа 90 миллион тон­наны құрап отыр. Со­нымен қатар ірі кен орындарын одан әрі кеңейту басталған болса, мұнай өңдеу зауыт­тарын мо­­дер­низациялау то­лықтай аяқталды. Енді еліміз жаңа еуро­палық стан­­дарттармен бен­зинді еркін экс­порттай алады. Бүгінде елі­­­міздің мұнайының ар­тық қоры 30 млрд-қа жуық бар­рельді құрайды, бұл әлемдік қор­дың 1,7%-ы. Бұл көрсеткіш бойын­ша Қазақстан әлемде Таяу Шығыс пен Латын Америкасы елдерінен және Ресей мен АҚШ-тан кейінгі 12 по­­­зицияда тұр. Ал мұнай экс­порты бойынша ал­­ғашқы ондықта. Отын-энергетика кешені еліміздің әлеуметтік-эко­но­микалық дамуы­ның шешуші факторы болып қана қоймай, жа­һандық экономикаға инте­г­ра­циялық кірігу әлеуеті болып қала бермек.

Нұрлан ҚОСАЙ