Еліміздің біраз өңірінде жұртқа сары маса мен шыбын жаудай тиюде. Қазақстандықтар құжынаған шыбын-шіркейдің қоршауында қалып, тірідей таланып жатқан адамдарды түсіріп, фото-видеоайғақтарды әлеуметтік желі арқылы таратып жатыр. Пандемиямен күресемін деп жүріп, жергілікті билік бұл жәндіктерді дернәсіл кезінде жою шарасын естен тарс шығарып алғанға ұқсайды. Кейбір жерде, мысалы Павлодар облысында шыбын-шіркейден ұсақ малдың, тауықтардың жаппай қырылу оқиғалары тіркеліп жатыр.
Маса бұлты астананы жапты: шайқас жалғасуда
Әкімдерден қайыр болмаған соң бұқара сары маса шапқыншылығынан өз бетінше қорғанудың жолын іздеуде. Масаларға қарсы қолданылатын құралдар, аэрозольдар, рапторлар мен спрейлер – дүкендердегі ең өтімді тауарлардың біріне айналды. Бұқара әлеуметтік желі, мессенджерлер арқылы қышуды тоқтату тәсілдерімен бөлісуде. Тәжірибе жинап үлгергені дәрі табылмаса, сары маса шаққан орынға 40-60 градусқа дейін қыздырылған затты басуға кеңес береді. Бұл проблема елордалықтар үшін де өзекті. Қала орталығында, әрине аздау. Ал шаһар шетіне немесе Есілдің жағалауына шыға қалсаңыз, қарақұрым маса бұлтына жолығасыз. Нұр-Сұлтанда дезинсекциялық жұмыстар биыл 30 сәуірде басталды. Осыған орай астаналықтардан түнде терезелерін жабық ұстау сұралды. Мамыр айының ортасында-ақ бас қала аумағының 90%-ы өңделіп болыпты. Әйткенмен, қазірдің өзінде түнде терезесін ашып тастаған тұрғындар кейде дезмашинаның жағымсыз дыбысы мен күлімсі иісті сезіп жүр. Әкімдіктің баспасөз қызметінің дерегінше, саябақтарды, скверлерді, тұрғын үй алаптарын өңдеуге басымдық берілуде. Бұл жұмыстарды әкімдіктің Қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасы «Астаналық дезинфекция» ЖШС-мен бірлесіп жүргізуде. Мамандар шыбын-шіркейді толық әрі түбірімен жою мүмкін емесін мойындады. «Тұрғындар мен қонақтарды түсіністікпен қарауға шақырамыз. Бұл іс-шаралар сары маса мен шыбынның санын азайтуға және олардың жаппай көбеюіне жол бермеуге бағытталған, ал оларды 100 пайыз құрту мүмкін емес. Себебі олар да – экожүйенің ажырамас бөлшегі. Осы жұмысқа 120 дезинфектор, 8 биолог-энтомолог, 24 бірлік термогенератор, 120 бірлік моторлы-аспалы бүріккіш, 4 дезинфекциялық машина жұмылдырылды» деп хабарлады елордалық Қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасы. Бұл ретте бір рет өңделген аумақты бірнеше айналыммен қайталап өңдеуге тура келеді екен. Оның үстіне, қолданыстағы нормаларға сәйкес, жәндіктер препараттарға бейімделіп, қайтадан қатары көбейіп шыға келмеуі үшін дезинсекциялық жұмыстар сәуірден қыркүйекке дейін, айына бір рет жүргізіліп тұруы тиіс.Таланған өңірлер тұрғындарының төзімі таусылды
Сары масалар мен шыбындар үйірі Атырау, Шығыс Қазақстан облыстарында да адамдардың мазасын кетірді. Амалсыз шіркейлерге «донор» болып, біраз қанынан айырылған тұрғындар балаларының қып-қызыл бүртіктерге толы денелерін суретке түсіріп, бас шайқап бөліскен. Үрейлі көрініс Павлодар облысында орнағанға ұқсайды. Мұнда #ТаланғанПавлодар (#искусанныйпавлодар) хэштегі танымал болды. Әлеуметтік желі топтарын шағымға толтырған павлодарлықтар Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтан осы өңірге сапарлауды қиыла сұрайды. Сонда жергілікті билік шыбын-шіркеймен күреске шындап ден қоя ма деген үміттері бар. Негізі, Павлодар облысы «қанатты қансорғыш жәндіктермен» (гнус) күреске 1,5 миллиард теңге бөліпті. Бағдарлама 3 жылға есептелген. Тиісінше, мердігерлермен бірден үш жылға келісімшарт жасалды. Алайда адамдар қыруар ақшаны шығындаудың қайтарымын байқамаған: «қанымызды ішіп бітті, үш ай жазда өлетін болдық қой» деп күрсінеді жұрт. Мердігерлердің ісіне әкімнің де көңілі толмай тұр. Жергілікті билік сары масадан әбден зәрезап болған тұрғындардан төзім танытуды өтінді. Шенділердің сендіруінше, он шақты күннен кейін мәселе күн тәртібінде сонша өткір тұрмайтын болады. Облыстық бюджеттен сары маса мекені саналатын су қоймаларын өңдеуге биыл 602 миллион теңге қаражат шығындалған, 70 мың келі биологиялық препарат төгілген. Кеше Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов мердігерлерді, ғалымдар мен тәуелсіз сарапшыларды жиып, шіркеймен күрес жөнінде кеңес өткізді. Аймақ басшысы осы саладағы мердігерлер жұмысының нақты нәтижелері жоғын қынжыла мәлімдеді. Бұл ретте ең алдымен дезинсекцияға қатысатын топтардың санын, сондай-ақ осы жұмыстарды жүргізуге арналған пункттерді көбейтуді тапсырды. Жақын күндері облыс орталығында дезинсекторлардың саны 100-ге жеткізілуі тиіс.Масалар ескі дәріні «місе тұтпады»
Шіркейлер популяциясын азайту мақсатында Павлодарда «КазСельМаш-Строй» ЖШС екі күннен бері жаңа дәріні қолданып жатқан көрінеді. Мердігерлер бұл препараттың тиімділігі жоғары деп есептейді. Мұны эколог Ирина Чидунчи растады. «Мен кеше ғана «Усоль» шағынауданында жүргізілген өңдеу орнына барып, жаңа препараттың шіркеймен күресте шынымен көмектесетініне көз жеткіздім. Ал бүгін жергілікті тұрғындармен сөйлестім, олар шыбын-шіркейдің азайғанын байқаған. Бастысы – осы ауқымды жұмысты жалғастыру қажет», – дейді эколог. Павлодар облысында шыбын-шіркеймен күреске біраз жылын арнаған биолог Қанат Ахметов биыл сары масаның көп екенін растады: бұған Ертіс суының кеш тасуы әсер еткен дейді. Нәтижесінде, «масалар мен шіркейлердің көбеюі үшін ыңғайлы, кең алқап пайда болды». «Бірнеше күнге созылған аптап ыстық масалардың тез өнуіне, кең таралуына себеп болды. Әйтпесе, әдетте 100 аналық масаның ішінен тек 20-ға жуығы ғана жұмыртқалауға қолайлы орынды таба алады. Меніңше, өңдеу қарқын алғандықтан, таяу арада масалардың жұмыртқалауы азайып, жағдай біршама жақсарады. Ал қанаттанып, ұша алатын жағдайға жеткен шіркейлерге биылға дейін қолданылып келген химиялық заттар әсер етпейді. Бұл – ұшатын шіркейдің физиологиялық ерекшеліктері. Біз мердігерлер қолдана бастаған 3 компонентті жаңа препаратқа сенім артып отырмыз. Ендігі мәселе – бұл препарат көлемінің жеткілікті болуы. Өйткені алдағы уақытта шіркейдің жаңа екі генерациясы болады», – деді Қ.Ахметов. Әлгінде қаптаған шыбын-шіркейден өңірде үй құстары қырылып жатқанын айттық. Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитетінің облыстық аумақтық инспекциясының басшысы Рашид Нұрбековтің мәлімдеуінше, өлген құстарды жарып көргенде олардың тыныс алу жолдарына шыбындар зақым келтіргені анықталған. Осы орайда Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлағандай, аймақ басшысы жауапты тұлғаларға зиянкес жәндіктен өлген құс иелеріне өтемақы төлеудің заңды жолдарын қарастыруды тапсырыпты. Айтпақшы, Павлодар қаласының тұрғыны, қоғам белсендісі Динара Ахметова сары маса және шыбындармен күрестің баламалы әрі қызықты жолы барын әңгімеледі. «Бізде сарапшылар инелік фермаларын ашу қажетін мәлімдеді. Инелік өсіріп, оларды табиғатқа шығаратын ферма құру жобасы 2017 жылы ұсынылды және қазір де өзекті. Бұл шағын бизнесті дамытуға серпін берер еді. Бір ферманың шығыны 1,5 миллион теңге ғана көрінеді. Қаламыз үшін 10 ферма ашылса жеткілікті деседі. Бұл жыл сайын 600 миллион теңге тұратын препараттарды Ертіске төгуге қарағанда тиімді әрі экологиялық таза», – дейді Д.Ахметова. Тарихта «Мысырдың он жазасы» деген атпен қалған апатты жылдарда Египетте бір жыл ішінде өзге зұлматтармен бірге көк қасқа шегіртке де қаптап, шаруашылыққа, адамдар өміріне қатты зиян келтірген екен. Қалай болғанда, биыл кейбір елді мекендер үшін шыбын-шіркей шабуылы коронавирус пандемиясының өзін екінші орынға сырғытты. Жергілікті әкімдіктер бұдан сабақ алмаса, онсыз да күйзелістен қалжыраған елге жыл сайын соққы жасайтын нәубет саны көбейе беруі мүмкін. «Жұт жеті ағайындының» кері келмесін делік.Елдос СЕНБАЙ