Аралас мектеп салу дұрыс па?

Аралас мектеп салу дұрыс па?

Еліміздегі білім ордаларының 30%-ы аралас мектеп. Аталған мектептерде 1,5 млн-ға жуық бала оқиды. Мәліметтерге мән берсек, үлкен қалаларда орыс тілінде білім алып жатқан оқушы көп. Өйткені елордада салынып жатқан жаңа мектептер аралас тілде білім беруге дайын. Мәселен, Bi Group қазығын қаққан BINOM School басында қазақтілді білім береміз дегенімен, аралас жүйеге көшкен. Ал «Nur Otan» партиясының Білім мен ғылымды дамытудың республикалық қоғамдық кеңесінде Динар Нөкетаева жаңадан ашылатын 800 мектепке қойылар басты талап қазақ тілінде білім беруін екенін атап өткен-ді.

Елордада неліктен аралас мектеп көп?

Аталған Binom Education мектебінің директоры Шолпан Маратқызы мұны өзінше түсіндіріп берді. Мұндай шешімге келуге сұ­раныс мәжбүр еткен. Жалпы, аралас мек­теп­тердің жайы Media Club-та жиі талқыланып жүр. Осы жолы да сарапшылар тікелей эфирде кеңінен талқылады. Сонда Шолпан Қадырова елордадағы Nova City тұрғын үйі аумағында ата-аналардың дені баласын орыс сыныбына бергісі келетінін, ал ол жерде мұндай білім ошағы жоғын атап өтті. Сәйкесінше, келген 4 мың өтініштің 2 093-і бойынша мектеп аралас форматқа көшкен. «Не себепті аралас мектептер көп? Мысалы, былтыр елордадағы Білім басқармасын басқар­дым. Сонда ата-аналардан ұсыныс көп түсетін. Мысалы, №6, №46 мектептің аумағында тұра­тын балалар қазақ тілінде білім ала алмай, №62 мектепте оқыды. Мәселені шешу үшін №1, №5, №6, №21, №41, №46 мектеп басшыларымен сөй­лестім. Кейіннен олардың жаңа оқу жылы­нан бастап қазақ сыныбын ашқанын естідім. Мұның өзі – нәтиже. Есесіне қаладағы таза орыс тілінде білім беретін 8 мектеп 6-ға қысқар­ды. Екіншіден, қазір ата-аналар қазақ тілінде білім беретін мектепте, сыныпта білім жоқ деп ойлайды. Стереотип қалыптасып қалған. Мұны қалай жоямыз? 2-3 жастағы баланың тілі орыс­ша шығады. Өйткені көретін контенті орыс тілінде. Сапалы қазақша дүниенің саны аз», – деді ол. Иә, Нұр-Сұлтан қаласында қазақ сыныпта­рында 108 мың, орыс сыныптарында 85 мың бала оқиды. Алматыда 140 мың бала қазақ сыныбында, 153 мың бала орыс тілінде білім ала­ды. Бірақ қаладағы мектеп жасындағы бала­лардың этникалық құрамына қарасақ, 195 мың баланың ұлты қазақ. Ал Шымкентте 152 мың оқушы қазақ сыныбында, 54 мыңы орыс сыныбында, қалған 20 мың бала өзбек сыны­­бын­да білім алады. Аталған қаладағы Білім бас­қармасына сұрау салып, шаһарда 4 таза өзбек тілінде білім беретін мектептің барын білдік. Бір қызығы, қалада таза орыс тілінде оқытатын мектеп жоқ. Ал Білім және ғылым министрінің штаттан тыс кеңесшісі Ерболат Мұхамеджан таратқан ақпаратқа сүйенсек, Нұр-Сұлтан қаласында салынып жатқан мектептердің дені аралас тілде білім бермек. Мұны қаладағы Білім басқармасы­ның басшысы Шәкәрім Сейсенбай растады. Айналып келгенде бәрі сұранысқа келіп тіреледі. Оның айтуынша, сол жағалауда орыс тілінде оқытатын мектептер аз. Сондықтан аралас мектептегі бала саны көп. Кейбір мек­тепте бала саны 40-қа жетеді. Оның үстіне, үш ауысымды мектептің көптігі басты проблема болып отыр. Қазірше осы проблеманы шешудің төте жолы – аралас мектеп салу. «Мысалы, сол жағалаудағы №89 мектеп бастапқыда таза қазақша білім берді. Кейін сол аумақта тұратын тұрғындар шағымданып, балаларының орыс тілде білім алуын қалайты­нын жеткізді. Осылайша, былтыр ғана ашылған мектеп аралас білім беру жүйесіне көшті. Бірқатар мектептің директорымен сөйлестім. Сонда ата-аналар баласын қазақ сыныбына беруге тартыншақтайды екен. Өйткені оларда «өзім орысша сөйлеймін, ертең балама қазақша тапсырмада көмектесе аламын ба?» дейтін қорқыныш бар. Меніңше, қазақ мектептерінің мәртебесін көтеру керек. Онда да білім сапасы жоғары екенін көрсету керек», – дейді ол. Расымен, бұл – елордадағы күрмеуі қиын мәселелердің бірі. Жыл санап халық саны өсіп келе жатқан мегаполисте мектеп жетіспейтіні белгілі. Бірақ аралас мектептегі идеология бөлек екенін де айта кеткен жөн. Мәселен, ата-аналар да қазақша басталған жиналыстың орыс тілінде аяқталатынын жиі айтады. Аралас мектеп болғанымен, директорынан бастап орысша сөйлейтінін көз көріп жүр. Мұны көрген бала­лар да 40 минут ана тілде тәлім алғанымен, қоңы­рауда орысша шүлдірлейді. Байқап қарасақ, мәселенің түйіні тереңде жатыр. Мұны Білім басқармасының басшысы да мақұлдап отыр. Ол да мегаполистерде ұлттық идеологияға басымдық берілгенін қалайды.

«Жақын мектеп – жақсы мектеп» концепциясы

Ұлттық идеология демекші, экс-депутат Оразкүл Асанғазының айтуынша, Кеңес Одағы кезінде Алматыда 100-ден астам мектептің біреуі, Целиноградта 34 мектептің біреуі, Шымкентте де тек бір мектеп қазақша білім берген. Қоғам қайраткері мемлекеттік қызметте отырған­­­дардың қазақ мектептерінің санын көбейтуге атсалыспай жүргеніне қапалы. Одан бөлек, ұлт үшін, тіл үшін жанашырлардың қашанда болғанын, біз де ана тілдің келешегіне көңіл бөлуміз керегін ашына айтты. Мәселен, кезінде жазушы Төлен Әбдік баласын қазақша мектепте оқыту үшін қаланың бір шетінен екінші шетіне тасыған екен. Осы тұста Academia.kz онлайн жобасының жетекшісі Нартай Әшім де үйіне №134 мектеп жақын болса да, №62 мектепке барып оқыған. Алматыда қазақ тілінде білім беретін мектеп аз болғандықтан, Шона Смаханұлы өзі қаланы аралап, балаларды қазақша мектепке шақырған деседі. «Үйінен алыс жерге барып оқыған бала түрлі жағдайға тап болуы мүмкін. Білім берудегі басты принцип – «үйге жақын мектеп – жақсы мектеп». Саясатқа келсек, мемлекеттік мек­­тептің бәрі қазақ тілінде білім беру керек. Ара­лас мектеп деген концепцияны ұмытатын кез жетті. Басқа ұлт өкілдері қашан қазақтың мәде­ниетін танып, сіңіріп үлгереді? Осыдан кейін ғана сапа мәселесіне ораламыз. Иә, қазақша кон­тентті барынша көбейту қажет. Орыс тілінде сөйлейтін жастарды азайту үшін, қазақ тобына бөлінген мемлекеттік гранттардың санын көбейту керек. Одан кейін PISA-ның нәтижесін ашық көрсетейік, қазақы өңірлердегі мектеп­тердің білім сапасы 2-3 жылға кешеуілдеп келе жатыр. Қазақ тілінің қорғаны – мемлекет. Мем­лекет қазақ мектебінің санын көбейтпесе, жеке­меншіктен қайран жоқ. Қазақ мектебін, гим­назиясын салған қай кәсіпкерді көрдіңіз? Ал қосымша білім беру мекемелері неге көбейіп кет­ті? Рауан Кенжеханұлы айтқандай, білім беру жүйесі толық бір ауысымды форматқа көш­пей, мәселе шешілмейді», – дейді Нартай Әшім. Аралас мектептің жайы үш мегаполистің ғана емес, күллі елдің проблемасы. Алматы облысында 256 мың, Түркістан облысында 171 мыңнан астам, Ақтөбе облысында 73 мың, Маңғыстау облысында 25 мыңнан астам оқушы аралас мектепке барады. Жыл санап аралас мектептің саны да артып келеді. Мысалы, өткен жылы елімізде 2 043 аралас мектеп болса, биыл саны 2 047-ге жеткен. Келер оқу жылында Нұр-Сұл­тандағы мектеп пен Алматы қаласында салынып жатқан мектептер қосылса, 2019 жылғы (2054) нәтижеге жетуі мүмкін. Мәселен, Ерболат Мұха­меджанның айтуынша, аралас мектеп толық миссиясын орындап бітті. Себебі 90-жыл­­­дары орыс мектептерінің саны көп болғандықтан, аралас мектеп ашып, қазақ тілін енгізген. Бірақ қазір де аралас мектеп салуды жалғастырып жатырмыз. Расымен, қоғамның мемлекеттік тілде сөйлеп, оқушының қазақша сапалы білім алатын күні жетті емес пе? Әлде, жоғарыдан пәрмен түскенмен, шама жетпей жүр ме?

Айзат АЙДАРҚЫЗЫ