Аралда қуаңшылықтан мал қырылды
Аралда қуаңшылықтан мал қырылды
186
оқылды

Қызылорда облысы Арал ауданында 500-ге тарта мал қыстан аман шығып, көктемде көкке аузы тимей қуаңшылықтан қырылды. Қазір қалған малдарды аман алып қалу үшін Аралға көрші аудандардан тонналап жемшөп тасымалданып жатыр. Бірақ тығырықтан шығуға бұл әрекет аздық ететіні анық.

Сыр елінде биыл қыста қар, көктемде жауын-шашын аз болуы салдарынан көктің шығымы көңіл көншітпей отыр. Сол себепті Аралдағы жайылымдық жер­лер тұзданып, сорға айнала бастады. Оның үстіне Сырдария өзеніндегі судың аз болуына байланысты көлдерге де су жіберілмеген. Бүгінде Ақшатау мен Қамбаш көлдері жағалаудан 500-600 метр қашықтап кетті. Мамандардың сөзінше, малдардың көбі көл жағасындағы батпақ­қа батып өлген. Әзірге Арал аудандық ауыл шаруашылығы мамандары жүргізген есеп бойынша, 159 бас сиыр, 321 жылқы, бір түйе шығын болған. «Мал басы қырылуының бірнеше себебі бар. Алғашқысы – қуаңшылық, екіншісі – жайылымдық жерлердің тозуы. Салдарынан бүгінге дейін ауданда барлығы 481 бас мал өлген. Мал саны мен мал азығының балансын ұстап тұру үшін аудандағы шаруашылық құрылымдары мал бастарын қысқарту бағытында жұмыс істеп жатыр. Ауыл тұрғындары, еріктілер және аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлері тарапынан кезекшілік ұйымдастырылды. Қазір мал өлімі жоқ», – деді аудан әкімі­нің орынбасар Еркін Әбішев. Осы жағдайдан кейін Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықова Арал ауданындағы шаруашылықтарға жемшөп жеткізу жөнінде шұғыл тап­сырма берді. Күні кеше қуаңшылық орын алған өңірге 116 тонна жоңышқа шөбі апарылса, алдағы күндері 518 тонна мал азығы жіберілетін болды. Бұдан бөлек, ауданға жәрмеңке ұйымдастыру, жерасты су көздерін ашу мәселесі күн тәртібіне қойылды.

АРАМ ӨЛГЕН МАЛДА АУРУ БАР МА?

Мамандар өлген малдарда әзірге ауру белгілері анықталмағанын айтады. «Өлген малда ешқандай жұқпалы ауру белгілері байқалған жоқ. Оны вете­ринария мамандары анықтап, тиісті хаттамасын жасады. Күрделі жағдай қатаң қадағалауға алынды», – деді Арал ауданы әкімінің орынбасары Е.Әбішев. Қазір жемшөп қорын жасақтауда көршілес Ақтөбе облысының Ырғыз ауданы және өз өңіріміздегі аудандармен осы мәселеге байланысты келісім жасалып жатыр. Осы мәселеге қатысты Қызылорда облыстық мәслихат депутаты Ибадулла Тілеп былай деді: «Біз тығырықтан шығатын жолды іздеуге тиіспіз. Өзге өңірлерден жемшөп тасымалдау арқылы түйінді толық тарқата алмаймыз. Бұл бірсәттік мәселе емес. Оған жан-жақты қарауымыз қажет. Рас, облыстың көптеген ауданында малға қажетті жоңышқа өсіріледі. Дегенмен аталған шөппен өзімізді толық қамти аламыз ба? Облыста өндірілген жоңыш­қаның еліміздің өзге өңірлеріне қымбат бағаға сатылып жатқанын білеміз. Мәсе­лен, Жаңақорған, Шиелі аудандарының шаруалары шөпті көршілес Түркістан облысына сатып жатыр. Сырдария, Жа­ла­ғаш, Қармақшы аудандарында өн­дірілген жоңышқаға еліміздің өзге аймақтарынан сұраныс зор. Десек те, олардан жеткізілген жоңышқа Арал және Қазалы аудандарындағы қаншама бас малды азықтандыруға жете ме? Бұл –үлкен мәселе», – дейді ол. Әзірше белгілісі өлген малда ауру жоқ. Десе де, далада қырылған өлік­селердің өзі түрлі дерттің ошағына айналуы мүмкін. Сол себепті өлген малды жою мәселесі де назарға алынғаны жөн.

МАЛ ШЫҒЫНЫНА ӨТЕМАҚЫ ТӨЛЕНЕ МЕ?

Аралдағы жағдайдың шығыны аз болмай отыр. Қазір көрші аудандардан жемшөп жеткізілгенімен, бұл мәселені түбегейлі шешпейтіні анық. Сырдария, Жалағаш аудандарында өндірілген жоңышқа шөбінің бірінші орымы Арал ауданына тасымалдана бастады. Алдағы уақытта оған көршілес өңірлерден тасы­мал­дау арқылы қажетті шөп қоры жасақ­тала бермек. Ал өлген малдың өтемі бола ма? Малынан айырылған тұрғындар шы­ғынға батқандарын айтып, өтемақы сұрады. Бұған қатысты Қызылорда об­лыстық Ауыл шаруашылығы басқар­масы басшысының орынбасары Айнұр Тілеулеева былай түсініктеме берді: «2000 жылы шыққан «Сақтандыру қызметі туралы» заң бар. Аталған заңға сәйкес, барлық заңды және жеке тұлғалар өз меншігіндегі мүліктерді сақтандыруға құқылы. Арал ауданында малы шығын болған шаруалар осындай талаптарға сай жұмыс істеген болса, олар сақтандыру компаниясынан өтемақы талап етуге құқылы. Бүгінде аудан әкімдігі тарапынан сол өңірдегі қуаңшылыққа қатысты төтен­ше жағдай жариялау мәселесі қара­лып отыр. Аудандағы мал шаруа­шылығы саласын қиын жағдайда қалдыр­мау мақсатында тиісті мәселелер пысық­талу­да», – деді А.Тілеулеева. Жоғарыда айтқан 500-ге жуық малға тіркеуге алынбаған түліктің өлім-жітімін қоссақ, бұл цифрдың тіпті еселей түсуі мүмкін. Өйткені биыл Қызылқұм мен Қарақұм қойнауында жатқан малдардың да күйі мәз болмай тұрған сыңайлы. Шабындық жерлерге су жетпей, көлдер­дің қүрделі күйге түсуі жағдайды қиын­датып жіберді. Жайылымдық жерлердің суаттардан қашықтығы 20-25 шақырымға жуық. Оған қоса, мамырдан бастап күннің күрт ысуы жайылымы жайсыз болып тұрған малды одан әрі әлсіретіп жіберген.

ҚУАҢШЫЛЫҚ ҚҰРҒАҚШЫЛЫҚТЫҢ БАСЫ МА?

Қазіргі есепте Арал ауданы бойынша 104 мыңнан астам уақ мал, 54,2 мың мүйізді ірі қара, 43,5 мың жылқы, 32,4 мың бас түйе бар. Олардың 175 мыңнан астамы жеке тұрғындар қолында болса, қалғаны шаруа қожалықтарының үле­сінде.  «Кейінгі кездері төрт мезгілдің түрленіп, қыс ұзаққа созылып, көктем шыға қоймайтын кездерге де душар болып қаламыз. Сондықтан көктем кел­ген­де көк шөптің бірден шыға қоймай­тынын ескеріп, қылышын сүйретіп келетін қыстан қысылып қалмаудың қамын жазда ойлап, шаруа қожалық­тарымен бірге осы мәселені шешіп алуды қарастырамыз» деп жазды Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықова өзінің Facebook парақшасында. Облыстық мәслихат депутаты Ибадулла Тілеп те бұл жағдайды су тап­шылығымен байланыстырады. Эко­логия­лық апат аймағында тұратын халық­тың зоры жоқ, зары көп деген ол судың жоқтығынан көлдер жүйесінің барлығы тартылып кеткенін айтады. «Көпшілік есігінің алдында көкөніс егіп, бақша ермек ететін. Оған тағы су жоқ. Ендігі қалғаны – қарап отырған мал болатын. Оның да ахуалы мынадай жағдайға келді. Осының бір жолын іздеу қажет. Сырдария өзені арқылы келетін судың деңгейін көтермей, күрделі жағ­дайды оңалту қиын. Сол арқылы аталған аймақтарда шабындық, жайылым мәсе­ле­сін қалпына келтіруге болар еді. Мынаған назар аударайық:  Арал және Қазалы аудандары тұрғындарының негізгі тіршілік көзі – мал шаруашылығы. Қолдағы төрт түліктен көз жазып қалса, ертең олардың жағдайы қалай болады? Бұл – күрделі мәселе, – деді Ибадулла Тілеп.

КЕЛІССӨЗ: ТҮЙТКІЛДІҢ ТҮЙІНІ ТАРҚАСА ИГІ

Сырдария өзеніндегі күрделі ахуал Тәжікстанда талқыланды.  Экология, геология және табиғи ресурстар министрі М.Мырзағалиев Душанбе қаласында Тәжікстанның Энергетика және су ресурстары министрі Д.Джумамен кез­десіп, тәжіктің «Бахри Точик» су қойма­сынан маусым-тамыз аралығында 315 млн текше метр суды қосымша жіберу туралы уағдаластыққа қол жеткізді. Ал бұдан бір апта бұрын Қазақстанның Экология, геология және табиғи ресурс­тар вице-министрі Серік Қожаниязов Қырғыз елінің бірнеше министрлік басшылығымен кездесіп, бірқатар келісімге келді. Осыған сәйкес «Тоқтағұл» су қоймасынан 330 млн текше метрден, яғни жыл сайын маусым-тамыз айлары аралығында қосымша су жіберуді жүзеге асыру белгіленді. Демек, жоғарыдан келетін судың кө­лемі Түркістан және Қызылорда облыс­тарында вегетациялық кезеңде су тап­шылығын төмендетуге мүмкіндік береді. Әрине, тегін дүние жоқ. Жоғарыда аталған келісімдерге сәйкес Қазақстан осы жылы Қырғыз Республикасына 900 млн кВт/сағ электр энергиясын жеткізуді міндетіне алып отыр. Сол секілді Тәжікстанға «Бахри Точик» су қойма­сының қосымша жұмыс істеуінің теріс салдары туындаған жағдайда материал­дық-техникалық қолдау көрсетеді. Енді сұрап алған суымыз Сыр-анаға толық түсіп, қуаңшылық болған Арал көлдеріне құйылса игі. Судың мұрты бұзылмай толық жетуі үшін  Экология, геология және табиғи ресурстар министр­лігі енді өзбек тарапымен жұмыс жүргізуді бастады. Нәтиже береді деп сенеміз. Қысқасы, «Шардарадағы» су биылғы егінге жеткіліксіз болғандықтан,  Қырғыз еліндегі «Тоқтағұл» және Тәжікстандағы «Бахри-Точик» су қоймасынан қосымша алуға мәжбүр болдық. Енді сарқылған Сырдария мен тартылған көл-сайлар қайта толса игі.

МАЛ АРЗАН, ЖЕМ ҚЫМБАТ

Қуаңшылыққа ұрынған шаруалардың бірқатары қолдағы малын түгел қырып алмаудың қамымен сатудың амалына көшіп отыр. Олардың қатарында Құланды, Беларан, Мергенсай ауыл­дарының тұрғындары бар. Жергілікті жұрт жылқы, сиыр және қой түлігін қазіргі нарықтан төмен ұсынуға мәжбүр. «Қазір шаруаның жағдайы тоқырап жатыр десек болады. Халық қиналып кетті. Қиналғанын мынадан-ақ байқауға болады. Аналығын сақтап қаламын деген мақсатта ерте туған құлынын 40-50 мың теңгеден сатып жатыр. Қайсыбір күні бір шаруа 20 бас жылқыны көлігіне тиеп шығады. Ол Аралдың төңірегіне келемін дегенше жалғыз айғырын жеткізіпті. Яғни, көтерем мал жолға да жарамай жатыр. Қазір халық құлынды байталдарын 200-250 мың теңгеден сатып жатыр. Оны сатып алатын адамдар 20-30 мың теңгенің жемшөбін апарып, үш-төрт күн ана жылқыны бағып, содан кейін жолға тиеп алып кетеді», – дейді облыстық мәслихат депутаты И.Тілеп. Оның үстіне малдың азығы да қалтаны қағып тұр. Мәселен,  аралдықтар жоңышқаның әр бауын 1 000-1 400 теңгеден сатып алуда. Жасыратыны жоқ, биыл қай өңірде болсын көктің шығымы мәз емес. Сырдария суының аздығына бай­ланысты жоңышқа шығыны да тө­мен­деп, атызға су жеткізудің өзі қиындап кетті. Жердің тозуы мен сорлануы тағы бар. Ауыл шаруашылығы мамандарының сөзінше, осының бәрі жемшөптің қымбаттауына әкеліп тіреген жайы бар. Дегенмен бағаны бір бақылап қоймаса, жемшөптің құны күннен-күнге шарықтап барады...  

Нұрсұлтан ҚАЗЫБЕК, Қызылорда облысы