Теннисшілеріміздің бүгінгі деңгейі қандай?
Теннисшілеріміздің бүгінгі деңгейі қандай?
205
оқылды

Қай спорт түрін алсақ та, cоның барлығына жуығында негізінен легионерлер ойнайды. Көңілге медеу болары – олардың арасында өзіміз­дің қаракөздеріміздің де арагідік төбе көрсетіп қала­тыны. Бірақ кез келген спортта нәтижені жақсартуда негізінен легионерлердің үлес салмағы басым. Біздегі теннистің де жалауын биікке желбіретіп жүргендер – шеттен келген спортшылар. Оны жоққа шығара алмаймыз.

Жалпы, қазақстандық тен­нисшілер десе алдымен ойымызға оралатыны он шақты теннисші ғана. Олардың көшін бір кездері еліміздегі үздік теннисші саналған, 2008 жылы ел азаматтығын алған Андрей Голубев, Михаил Кукуш­кин, Ярослова Шведова, Галина Воскобоевалар бастады. Олардан кейін де бірқатар шет елден келген біраз теннисші шықты. Ендігі үміт Ресейден аттай қалап алдыр­ған Александр Недовесов, Алек­сандр Бублик, Юлия Путинцева, Елена Рыбакиналарға артылып отыр. Жалпы, бұдан да өзге Қазақ­стан төлқұжатын алған спортшы­лар жетерлік. Олардың кей­біреулері тәуір ойнай алмаған соң ұмытылып та қалды. Жастардан 2018 жылы 17 жасында ел азаматтағын алған Скатовтың есімі ерекше аталады. Ресей елінің тумасы, Қазақстан­ның атынан сынға түсіп жүрген Тимофей Скатовтың жасы небәрі 20-да. Оның бұған дейінгі қатыс­қан турнирлердегі нәтижелері жаман емес. Дүниежүзілік рей­тинг­те 400 теннисшінің алдыңғы шебінде жүр. Ал жергілікті тен­нисшілерден Денис Евсеевтің деңгейі легионерлерден төмен. 28 жастағы Денистің бұл спорттағы жетістіктері де аз. Ал қыздардан дүниежүзілік рейтингте 93-орында тұрған өзіміздің Зарина Диясқа үздік теннисшілердің қатарына енуге әлі де толық мүмкіндік бар. Осыдан 3-4 жыл бұрын Заринаның қалай өнер көрсеткенін теннис сүйер қауым ұмыта қоймаған шығар. Жоғарыда атап өткен Михаил Кукушкин әлі де сапта. Бірақ бұрынғы Кукушкиннің екпіні басылған секілді көрінеді. Миша біраз уақыт еліміздің бірінші ракеткасы болды. Ерлер арасында үздік нәтижелерге жетті. Жалпы, оның рейтингтегі ең үздік нәтижесі – 46-орын (2015 жылы). АТР турнирінің және Азия ойындары­ның жеңімпазы атанған. Бүгінде Кукушкиннің орнын басқа бір легионер Александр Бублик алмастырды. 2016 жылдан бастап Қазақстанның намысын байрақты бәсекелерде қорғап жүрген 1997 жылғы легионеріміздің әлемнің үздік 30 теннисшісінің қатарынан көрінуге талпынып жүргенін анық аңғаруға болады. Үздіктермен үзеңгі қағыстырып, қажетті же­рінде маңызды ұпайды ел қоржы­нына салып, өзінің ұпайын да еселеп жүрген Бубликтің өз ақ­шасын толықтай ақтап жүргенін ешкім жоққа шығара алмайды. Легионер болса, Бубликтей-ақ болсын. Әйелдер арасында қазақстан­дық  теннисшілердің ішінде қазір Елена Рыбакинаға тең келері жоқ. Әлемдік рейтингте те мақтаулы 30 теннисшінің қатарында жүр. Нақтырақ айтқанда 22-орында.  Оның ең жоғары көрсеткіші әзірге 18-орын. Айтпақшы, бұл – жекелей сында Қазақстанның әйелдер теннисі тарихындағы рекордтық көрсеткіш. 20 жастағы теннисші алдағы 2-3 жылдықта қарқынын жоғалтып алмаса әлемнің үздік теннисшісі атануы мүмкін. – Мен қазір Ресей үшін емес, Қазақстан үшін ойнаймын. Өйткені қазақ елі менің теннисші ретінде дамуыма, өсуіме, шебер­лігімді шыңдауға мүмкіндік берді. Қазақстанның атынан сынға түскеніме еш өкінбеймін, қайта қуа­намын. Артылған сенімді ақтағым келеді. Сол үшін әлі де мықты болуға талпынамын. Спорттық азаматтығымның өз­геруі менің мансабыма оң әсерін тигізді десем де болады. Мен рей­тингте осылай тез көтерілемін деп ойлаған жоқпын, бірақ үздік болу үшін көп еңбектенемін, – деген болатын қазақстандық Рыбакина «Р-Спорт» сайтына берген сұх­батында. Былтыр Рыбакина үшін сәтті жыл болды. Әйелдер теннисі қауымдастығы (WTA) қазақстан­дық спортшы Еленаның спорттық мансабында тапқан табысын есептеп шығарды. Әлемнің 17-ші ракеткасы осы күнге дейін 1 164 376 АҚШ доллары көлемінде пайда тапқан. 21 жастағы теннис­шінің биыл көрсеткен нәтижесінің арқасында қалтасын 719 632 мың долларға қалыңдатқаны белгілі болды. Одан бөлек, Юлия Путин­цеваның да үздіктермен тай­таласып, өзінің мықты екенін дәлелдеп жүргенін жанкүйерлер жақсы біледі. Әйтпесе, кезекті легионер теннисшіміз рейтингте 35-орында жүрмес еді. Теннистен қомақты қаржыға кенелген спортшыларымыз да жетерлік.  Әлемнің 93-ракеткасы Зарина Диас бір жылдары турнир­лерде жеткен жетістіктерінің арқасында 500-700 мың доллардан астам табыс тапқан болатын. Ал Ярослава Шведованың спорттық мансабында 6 миллион доллардан көп табыс тапқанын бірі білсе, бірі біле бермейді. Бүгінде Елена Рыбакина еліміздегі табысы жоғары теннисшілердің көшін бастап тұр. Бублик те сол қатарда. Бұл ретте Қазақстан Теннис федерациясын 14 жылдан бері басқарып келе жатқан Болат Өтемұратовтың еліміздегі теннис спортының дамуына зор үлес қосып келе жатқанын, сапалы легионерлер шақыртып құрама қатарын күшейткенін ерекше атап өткен жөн. Белгілі кәсіпкердің қорытынды есептік конференция­лардың бірінде осы спорт түрінің дамуы үшін өз атынан 60 миллион доллар көлемінде қаржы жұмса­ғанын да спорт мамандары жақсы біледі. – Елімізге келген легионер­лерді өз атымнан қаржыландырып келемін. Мемлекет бюджетінен алған емеспіз. Мен осы жылдар аралығында теннистің дамуы үшін 60 миллион доллар көлемінде қаржыны өз қалтамнан шығардым. Мұндай федерация жоқ. Бізге келгенде легионерлер рейтингте 180, 160, 140-орындарда болатын. Недовесов тіпті студенттер лига­сында ойнап жүрген, – деп айт­қаны бар федерация басшысының. Ал қазір сол Недовесов елі­міздегі үздік теннисшілердің қата­рында. Жылдың басында ол жұп­тық сында Анталия челленджер турнирін жеңді. Ол украиналық Денис Молчановпен бірге финал­да осы доданың 1-ракеткалары, венесуэлалық Луис Давид Марти­нес – испаниялық Давид Вега Эрнандес жұбын қапы қалдырды. Бұл – оның жұптық сында чел­ленджер турнирлеріндегі 16-та­бысы болды. Ал сол кезде Анталия жарысының жүлде қоры 44 мың АҚШ долларына бағаланған болатын. Қазақстандық жас қыздар да жақсы өнерімен көзге түсіп жүр. Жас теннисшіміз Жібек Құлам­баева Шымкенттегі ITF турнирінің чемпионы атанды. Әлемнің 578-ракеткасы Жібек финалда дүние­жүзілік рейтингте 1 145-орын­да тұрған Беларусь өкілі Кристина Дмитрукпен шеберлік байқасып, жеңіске жетті. Мамыр айында тағы бір отандасымыз Гөзал Айнитдинова Жібекпен жұптық сында Мысыр мен Тунисте ITF турнирлерінде жеңімпаз атанды. Қазақстандық Зара Дәр­кен Белградта өткен үшінші санат­тағы Tennis Europe 14&U халық­аралық турнирінің абсолютті чем­пионы болды. Мұның бәрі елімізде теннис спортының дұрыс жолға қойылғанын аңғартса керек. Легионерлердің Қазақстан намы­сын халықаралық ареналарда абырой­мен қорғап жүргені жер­гілікті спортшыларды жігерлен­діріп, олардың да әлемдік арена­лар­да табысты өнер көрсетуіне жол ашып жатыр. Келешекте көптің арасынан топты жарып шығар жергілікті теннисші­леріміздің қатары артады деген үміттеміз.

АбылайханАбылайхан ЖҰМАШ